Төртінші тең ойын

Күні , 20 рет оқылды

Жеңіс күні футболдан ел біріншілігінің тоғызыншы турында «Ақжайық» П.Атоян атындағы стадионда «Атырауды» қабылдады.

Осыған дейінгі ойындарын Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткізіп келген батысқазақстандықтардың  бұл Оралдағы алғашқы кездесуі еді.

Матч алаң иелері үшін сәтсіз басталды. 10-минутта Бабатунде Аденидженің пасынан кейін оң қанатта жалғыз қалған Эльдар Әбдірахманов есеп ашты. Кезінде Оралда футбол әліппесін үйренген Эльдар бұрынғы өз командасына осылайша гол соғып, қапыда қалдырды.

Бұдан кейін оң қапталдағы Еркебұлан Нұрғалиевтің ойынына көңілі толмаған «Ақжайықтың» бапкерлері оның орнына Орал футболының тағы бір түлегі Бауыржан Омаровты шығарды.

Бірінші таймда оралдықтардың есепті теңестіретіндей мүмкіндіктері болды. Әсіресе, украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеоланың пасынан кейін қақпа бос қалған сәтте Иван Антипов допқа аяғын тигізе алмады. Енді бірде Эсеоланың  тепкен добы қақпадан қиыс кетті.

Екінші таймда И.Антиповтың өкшемен берген әдемі добын Эсеола тепкенімен, оны «Атыраудың» қақпашысы Андрей Пасеченко қақшып ала білді. 64-минутта бұрыштамадан украиналық жартылай қорғаушы Игорь Худобяктың берген добын Азат Ерсәлімов айып алаңына тастай білді. Бұл жолы Эсеола баспен қақпа бұрышын дәл көздеді.

Ойынның 68-минутында Азат Ерсәлімовке қарсы дөрекі ойнаған атыраулық Руслан Эсатов алаңнан қуылды. Бірақ бұл басымдылықты «Ақжайық» пайдалана алмай, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, Владимир Мазярдың шәкірттері биылғы маусымда осымен төртінші рет 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл турдан кейін 10 ұпайы бар «Ақжайық» турнир кестесінде бұрынғысынша алтыншы орында келеді. Алдағы жексенбі, 13 мамыр күні өтетін турда «Ақжайық» Ақтөбеде жергілікті командамен күш сынасады. Чемпионат барысында ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен 6 ұпайынан айырылған ақтөбеліктер көш соңында келеді. Өткен турда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасымен тең ойнаған «Ақтөбенің» қоржынында 4-ақ ұпай бар. Сондықтан олар «Ақжайықпен» бәсекеде барын салатыны анық.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика