Жұмат Сәрсембиев

Күні , 44 рет оқылды

Бүгінде қатары сиреген майдангерлердің жастық шағын соғыс ұрлады. Ел басына күн туғанда 18-20-дағы жалын жүрек жастар ортақ Отанды қорғауға аттанды. Солардың бірі – Жұмат Сәрсембиев ақсақал.

1942 жылы әуір айында Жаңақала ауданынан әскерге алынып, алдымен үш айлық даярлық курстан өтеді.

-Мен 1923 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жаңақала ауданына қарасты №8 Тұрдығұл ауылдық советінде дүниеге келіппін. Еңбек жолымды 1939 жылы орталау мектеп бітіргеннен кейін Талаптан колхозында мал санитары болып бастадым. Мақсатым мал шаруашылығына бейім қызмет жасау болатын. Ол кезде техника атымен жоқ, бірақ ауыл тұрғындарының қарқыны ерекше, қызу еңбек, салтанатты өмір, елге бейбітшілік орнаған кезең. Бұл басталған еңбек жолымды неміс басқыншыларының әрекеті өзгертті. 1943 жылы қаңтар айында біздің 65-атқыштар жаяу әскери полкін соғысқа аттандырды. Алдымызда қырғын соғыс жүргенімізге он шақты күн, өйткені тек түнде жүріп, күндіз тоқтап, пана іздейміз. Осылай біз Дон өзенінен қуалай келе жатқанымызды білдік, жолшыбай қираған қалалар мен отқа оранған ормандарды көрдік. Арамызда кейбір қызу қанды жігіттер тезірек соғысқа кіріссек екен деп келеді. Көңілдерін үрей билегендер де кездесетін. Менің жасым жиырмаға қараған шағым, соғысқа аттанарда анамның «Жасаған ием жар болсын!» деген сөзін медеу етіп келемін,-деп өткенді еске алды ақсақал.

Содан олар пойыздан түсіп, төрт тәулік жүріп, Ростов қаласына жеткенде жаумен бетпе-бет кездеседі. Айнала зулаған оқ, ұшақтардың гүрілі, жарылған бомба, снаряд. 1943 жылы Р.Малиновский жетекшілік еткен «Ростов шабуылы» операциясының нәтижесінде қаланы жаудан тазартады.

Жұмат Сәрсембиев 3-Украина майданы №58 атқыштар дивизиясы құрамында Орел, Курск, Прохоровка, Усманов, қалалары мен бірнеше селоларды жаудан тазартуға қатысты.

-1943 жылдың ақпан айының 13 жұлдызында Ростов қаласын азат болғаны жарияланды. Генерал, кейін маршал болған Р.Я.Малиновский жееткшілік еткен «Ростов шабуылы» опреациясы негізінде жүзеге асты. Сол күні қираған үйлерді барлап шығуға бұйрық берілді. Бір үйдің астынан жертөледен шашы жалбыраған жүдеу әйел шыға келді. Бірнеше күннен аш, дәм татпаған қасындағы 2-3 жасар сәби әскери киінген біздерді көріп, жылап жатыр. Әйел де кеңес жауынгерлерін танып, «Кетпеңіздерші ана қанішерлер келіп ойран салды» деп жалбарынды. Көмек өолын созып, барынша көмектестік. Мұнан кейін Усманов қаласын азат ету кезінде команда болып алға жылжып келеміз. Төбемізден бомба жауып, жерде оқ қарша борауда. Бір кезде аяғым ұйып қалып жүре алмай қалдым. Сөйтсем сол аяғыма снаряд жарылғышы, оң аяғыма оқ тиген екен,-дейді сол ауыр сәтті еске түсірген Жұмат ата әңгімесінде. 1944 жылы Жұмат ақсақалға әскери командирлердің бірі келіп, әскери тапсырманы ойдағыдай орындағаны және жау қолында қалған қаланы тазартуда көрсеткен ерлігі үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттап, кеудесіне тағады. Госпитальде ұзақ емделіп, 1944 жылы елге оралады.

Елге оралған атамыз денсаулығы түзеле бастасымен еңбекке араласады. Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор, кейін 1945-1947 жылдары Фурманов ауданы ІІБ-інде өрт инспекциясының бастығы болып қызмет атқарды.

Өз өтініші бойынша басшылық қызметтен босап, Фурманов аудандық ауылшаруашылығы мекемесінде құрылыс технигі болып істейді. Кейін Орал ауылшаруашылығы техникумына мал дәрігері мамандығына оқуға түсіп, ойдағыдай бітіреді. Ауданда мал дәрігері, Теңдік ауылдық кеңесінде учаске меңгерушісі, одан кейін «Сламихин» МТС-інде өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1955 жылы «Красный партизан» қазіргі Ақпәтер ауылдық округінің №3 фермасында мал дәрігері болып, он сегіз жыл қызмет істейді. Өзінің қызмет атқарған жылдарында Жұмат атамыз Кіші Талдықұдық ауылында 67 тұрғын үй, клуб, медпункт, кітапхана құрылыстарын салуға атсалысты. Жоғары вольтты, су құбыры, жол қатынасы жақсарды, телефон байланысы орнап, халық саны мен жұмыс қолы көбейді. Фермада мал шаруашылығы дамып, мал өз төл есебінен өсті.

-1962 жылы мен №3 ферманы қабылдап алғанда ферма орталығында 10-12 жадағай үй, бастауыш мектеп, дәрігерлік орын, кеңсе ғимараты болды. Жалпы ферма көлемінде 13 мал қыстағы және қасында бір-бір үй болды. Ферманың шаруашылығын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономика мен мәдени шараларды іске асыруға кең көлемде жоспар жасап, үлкен шараны қолға алдым, яғни ол кезеңде шешен халықтары араласып, жұмыс жасайтын кез еді. Мен осы халықтан 10-12 адам есебінде 3 бригада құрап құрылыс жұмыстарын бастадық. Тас соғып үй салу, мәдени құрылыстар салуды қолға алынды. Сөйтіп, №3 фермада құрылыс жұмыстары 1962 жылдан 1985 жылға дейін қарқынды жұмыстар жүру нәтижесінде жоғары да айтылған жұмыстарға қол жеткіздім,-дейді кейіпкеріміз.

1979 жылы №3 фермада меңгеруші болып қызмет істеп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Жұмысын абыроймен атқарып, партия тапсырмасына адал болды. Өзінің еңбегі еш ескерусіз қалған жоқ. Талай мәрте марапатқа ие болып, Еңбек Қызыл Ту орденімен көптеген медальдар сол еңбегіне берілген баға.

Ұл-қыздан тараған 20 немере-жиен сүйіп отырған ақсақалдың тілегі – біреу. «Тәуелсіз еліміз аман болып, болашақ ұрпақ соғыс отын көрмесін. Ел болашағы — жастардың ғұмыры ұзақ болып, еліне қалтқысыз қызмет етіп, бейбіт заманда өмір сүрсе екен деп тілеймін» — дейді ол.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал ауылы


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика