Екатерина Даниловна Необутова

Күні , 34 рет оқылды

Бейбіт заманда жарық дүниеге көрініп, тыныш елде өмір сүріп отырған біздің замандастарымыз бақытты. Ол үшін біз кешегі сұм соғыста ерлік көрсеткен, от пен оқтың ортасынан аман шыққан аға ұрпаққа қарыздармыз. Сол екінші дүниежүзілік соғыста ерлермен қатар майдан даласында қыздар да қолына қару алды. Жас ғұмырын ел қорғауға арнаған  сондай жанның бірі – Екатерина  Даниловна Необутова.

Ол 1925 жылы Украинаның Кировград облысына қарасты Ново-Архангелск ауданының Скалиев ауылында Данил және Груша Кисилевтардың отбасында дүниеге келген. Сол жерде жетісыныптық білім алған соң Одесса қаласындағы медицина техникумына оқуға түседі. «Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Сол арман жетегімен Одессаға оқуға да түскенмін. Бірақ соғыс басталып, оқуымның тек бір курсын ғана аяқтадым. Одессада өзімнің болашақ жарым Евгений Семеновичті кездестірдім» деп еске алады Екатерина Даниловна.

Осылайша соғыс басталған соң 17 жасар Катерина еліне қайтады. Ол жақта партизандар отрядында болады. Украина жаудан азат етілген соң әскерге шақырылып, радистер курсын аяқтайды да, 1944 жылы Румыния жерінен бір-ақ шығады. Алыстағы Румынияда Евгений Семеновичпен тағы да кездеседі. «Женя госпитальдан шығып, өз қаруластарына бара жатыр екен. Одессада танысқандағы берген мекенжайыма хат жазып тұрыпты. Оған жауапты сіңлім беріп отырған. Өйткені мен партизандар отряды құрамында болатынмын ол кезде. Одессада бір рет кездескенімізбен, Румынияда бір-бірімізді бірден таныдық. Бар болғаны бір сағаттай әңгімелесе алдық. Өйткені оған өз қаруластарын қуып жету керек болды» дейді ардагер әжей. Соғыстың бар қиындығын бір адамдай көрген Екатерина Даниловна радистер отрядында жау тылында да болған. «Бізді түн демейді, күн демейді, дабылмен тұрғызып, жау тылына да алып кететін. Ұшақпен алып барып, парашютпен лақтырып кетеді. Кей ер адамдар секіруге қатты қорқатын, ондайларды офицерлер құйрығынан бір-ақ тебетін. Ал мен еш қорықпадым. Аспанда қалықтап жүрген сондай ұнайтын. Бар уайымым орманда тал-терек үстіне қонбасам екен» деген майдангер жерге қонысымен, парашютті жинап, жау күші туралы ақпаратты біздің әскерге беріп, кейде шайқастарға да түсетін кездер болғандығын айтады.

Осылайша Украина жерінде, Румынияда әскери борышын өтеген Екатерина Даниловна жеңісті Австрия жерінде қарсы алады. Бірақ  елге бірден қайтпайды. Бір жыл әскерге жаңадан алынған сарбаздарға радист кәсібінің қыр-сырын үйретеді. Кейін еліне келеді. Бір қыстаған соң 1947 жылы Одессада танысқан, Румыния жерінде қайта көріскен Евгений Семенович келіп, әке-шешесінің ақ батасымен қызды алып кетеді. «Ел арасының алыстығына қарамастан, еріп кете бердім. Қазақ жеріне келген соң Женя еңбек етті. Отбасымызбен Шыңғырлау жеріне көшіп бардық, сол жақта тұңғышым көрінді. Қазақ жеріне  келгеніме еш өкінген емеспін. Шыңғырлау, Теректі, Зеленов аудандарында еңбек еттік. Елдің қай жеріне барсақ та, тыныш, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тату, бес баламыз да білімдерін алды, жұмыстары бар, осыдан артық не керек? Тек жас күнімде парашютпен көп секіруімнен болар, қазір жүріп-тұруым қиындап кетті. Әрі қарттық қой», — деп қояды сөз арасында майдангер әжей.

Иә, жастық шақтарын соғыс жалмаған аға ұрпақтың ерлігі мен еңбек жолы – бүгінгі  жастарға өмірлік өнеге.


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика