Кеңестік танкіні жетілдірген қазақ

Күні , 315 рет оқылды

Теректі  ауданындағы  Подстепный ауылының  қарт тұрғыны Тұрсынбек Бисеновтың өмірі  өнегеге  толы. Ол  1931 жылы  12 сәуірде  Еңбекші ауданына (қазіргі Теректі) қарасты Шалқар ауылында  Молдамұраттың  шаңырағында  дүниеге  келді.

Кейін Шалқар  ауылдық  мектебінде  төрт  сыныптық  білім  алып,  колхоз  жұмысына  ерте  араласады.  Есейген  шағында  тағдыр  тауқыметіне  байланысты  Жымпиты  ауданындағы Жамбыл ауылына  қоныс  аударады. Тұрсынбек  аға  1950  жылы  Қалима  апай  екеуі шаңырақ  көтереді. Перзент  сүйіп, отбасылық өмірдің қызығына енді  ғана  кенелгенде, 1952 жылы  маусым айында Германияға  әскерге  алынады. Бреслау қаласында орналасқан Кимпленский  гарнизонының 162-полкінде кеңес  әскерлерінің құрамында Отан алдындағы  борышын  өтейді.

Әскерге қабылданған уақыттан бастап Тұрсынбек аға «черный» деген лақап атпен танымал болады. Бастауыш сыныптан әрі қарай оқи алмай қалған Тұрсынбек ағаны алғашында көштің соңында қалған надан, жазу-сызу білмейтін сауатсыздар қатарына жатқызып, әскерлік өмірде шеттету көп болған. Орысша сөйлей алмаса да, көп ұзамай орыс тілін  түсініп, өзінің еңбекқорлығымен, он саусағынан іс келетін шеберлігімен таныла бастайды. Әскерлердің арасында  шаштараз,  фотограф  болған.

Қабілеті мол Тұрсынбек ағаның ізденісін байқаған офицерлер алғашында оны ұшқыш оқуына жібермекші болып, кейіннен оған қысқа мерзімді «Армейский мастерской» курсына жолдама береді. Германияда жүріп, өз арманы болған мамандығы механизаторлық қабілетін көрсетеді. Орыс танкісінің ату зеңбірегіне ауа мен сұйықтық айдауға арналған насос құрылғысын ойлап шығарады.

Қазақша бесік үлгісінде жасалған құрылғысы ойдағыдай шығып, өнертапқыш ретінде офицерлердің ықыласына бөленеді. Техникадағы жаңалығы үшін ефрейтор шенін иеленіп, өнертапқыштық анықтамасы  беріледі.

1955 жылы Тұрсынбек аға оқуды аяқтап, әскердегі мерзімі де таяған тұста үш жылдан кейін ауылына қайта оралады. Еңбектің ақ жолында жүрген аға аяқ асты қатты науқастанып, 1973 жылы «Сарыағаш» сауықтыру орталығына жолдама алады. «Бұл мен үшін ұмытылмас сапар болды», – деп  еске  алады Тұрсынбек  аға.

«Сарыағаш» санаториясында халық қаһарманы Бауыржан Момышұлымен жүздесу сәті бұйырған. Қаумалаған қалың жұрт сол кезде Баукеңнің жанынан кеткісі жоқ. Екі қолың бірдей алып амандасқан жас жігітке бірден назары ауған Бауыржан Момышұлы кейіннен Тұрсынбек ағаға «Асанбек» есімін берген. Естелік суретке Бауыржан Момышұлы «Қазақстанның халық батыры» деп жазуды міндеттеген. Батырдың құрметіне қария бір немересінің есімін Бауыржан қояды, сол немересі қазіргі күні жергілікті әскери гарнизонда қызмет етуде.

Өнегелі ғұмыр иесі бүгінде сексеннің жетеуіне толып отыр. Жұбайы Қалима ана екеуі ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, мәуелі бәйтеректей жайқалып тұр. Төрт ұл, алты қыз өсірген кейуана батыр ана атанды, Тұрсынбек аға да ерен еңбегі үшін талай марапатталған.

Қартайған шақтарында көз шырақтарынан айырылып, бір-біріне серік боп келе жатқан қария мен кейуанаға перзенттік жанашырлықты қызы Гаухар көрсетіп отыр. Жиырма алты жыл банк саласында қызмет еткен білікті маман ата-анасын қартайған шағында бағу үшін қызметтен босаған. Саналы ұрпақ тәрбиелеудің де өзі бір ерлік емес пе?!

Арайлым  ҒАНИ,

Сандуғаш  САҒИДУЛЛИЕВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенттері


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика