23.04.2015, 7:38
Қараулар: 13
Зинаға бастар жолдардан САҚТАНАЙЫҚ

Зинаға бастар жолдардан САҚТАНАЙЫҚ

GmtgOv5aQak


Жаратушы Аллаһ құлдарына қасиетті Құранды өзінің бұйрығы бойынша өмір сүруі үшін түсірді. Аллаһтың бұйрығын орындап жүру адамды осы дүниеде және мәңгілік өмірде де бақытты етеді. Ал орындамау  бақытсыздыққа жетелейді. Ислам діні адамның бақытты болуы үшін қажетті міндеттемелер мен жақсы амалдардың орындалуын бұйырып, күнәға жетелейтін амалдардан тыйған. Күнә ислам діні бойынша үлкен және кіші болып екіге бөлінеді.


Аят пен хадис арқылы қатаң түрде тыйым салынған амалдардың үкімі «үлкен күнәлар» (кәбаир) деп аталады. Сондай тыйым салынған үлкен күнәнің бірі – зина. Зина —   некесіз  әйелмен ойнас жасау. Демек, ислам діні зинаны харам етіп, үйленуді бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін» деуімен үйленудің Пайғамбар сүннеті екендігін аңғартады. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда осы бір арсыз істің етек алып бара жатқаны белгілі.

Қасиетті Құранда айтылғандай, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері және барлық ислам ғұламалары зина жасауды бірауыздан ең ауыр күнәға жатқызады. Ол ислам дінінде ғана емес, өзге дінде де тыйым салынған арсыз іс қатарына жатады. Мейірімі шексіз Жаратушы Алла өзінің сүйікті құлдарын зина жасаудан сақтануды ескертіп, былай деп бұйырады: وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық» [1]. Аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын, жақындамауды, тіпті оған алып баратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр. Зинаның алғашқы қадамы болған, өзге әйелге назар салуға болмайтынын басқа бір аятпен ескертуде: قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ . وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ  «Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында, Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын…» [2].  Жаратушымыз  еркектің өзге әйелге көз салуына тыйым салынғаны туралы хабарлайды және оларға көздері мен өзге де мүшелерін нәпсіқұмарлықтан сақтауға бұйырады.  Бөтен  әйелден көздерін сақтау мынадай бірқатар қағидалармен айқындалады:

1) Аллаһқа мойынсұнғандығы үшін адамға  сауап жазылады, ал мойынсұнбағаны үшін күнә жазылады.

2) Өзге әйелге көз салып қарау — көз зинасын жасау. Сондай-ақ нәпсіқұмарлықтың алғашқы қадамы. Егер бастапқыда нәпсіқұмарлықтан өзін тыйған адам екінші рет ондай істен аулақ жүреді.

3)  Бөтен  әйелге көз салғаннан кейін шайтан адамды азғырып, бұзықтық жасауға итермелейді.

Ал көздерді нәпсіқұмарлықтан сақтау адамға шайтанның азғыруынан сақтануға мүмкіндік береді.

4) Өзге әйелге көз салу адамның санасында белгілі бір сезімдерді тудырады.

Дініміз зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылманға үйленуді бұйырады. Яғни ақ некемен отбасын құруға әмір етеді. Адал жолмен отбасын құрып, перзент сүйіп, шаңырақ көтеру арқылы мұсылман ар-намысын сақтай алады. Әрине, жасы келген азамат әлеуметтік жағдайға байланысты мезгілінде отбасын құра алмаса, арын таза ұстап жүруі тиіс. Сол секілді күнәға ұрынбауы үшін ораза ұстап, нәпсісін тежеп жүруі бұйырылған. Бұған қатысты Құранда:  وَلْيَسْتَعْفِفِ الَّذِينَ لَا يَجِدُونَ نِكَاحًا حَتَّىٰ يُغْنِيَهُمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ  «Үйлене алмағандар Алла өз кеңшілігімен байытқанға дейін, (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын…» [3] десе Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі ораза ол үшін қалқан» [4] деп өсиет еткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.)  арсыз іске бармауды өсиет ете отырып, зинаға жетелейтін әрекеттерді тыя білген мұсылманға жұмақты сүйіншілеген. Тіпті оның (с.а.у.) айтқан сөздеріне сәйкес, өзін ұстай білген мұсылманның жұмаққа кіретініне кепілдік беруде. Олай болса, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  кепілдік берген өсиетіне аса мән беріп, жұмаққа жетелейтін амалды орындауға талпынайық. Ол жайында мына хадисте былай дейді:  مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ «Кімде–кім маған екі ұртының арасындағыға (тіл) мен екі шап ортасындағыға (ұятты жері) ие бола алатындығы жайлы серт беріп, сөзінде тұрса, мен де оған жәннат үшін кепілдік берер едім» –дейді [5]. Демек, тілі мен екі шап арасына ие болатынына сөз берген және сол сөзінде тұрған жанға Аллаһ елшісі жәннатқа кепіл болатынын айтса, Пайғамбарымыз мұны ойынан шығарып отырған жоқ. Сөзсіз, Аллаһ бұл туралы осылайша уәде еткен. Негізінде, ол ешқашан өз бетінше сөйлемейтін. Мұндай нәрседен ол әрқашан да пәк. Демек, айтқандары айқын ақиқат және уәде еткендері де уақыты келгенде, сөзсіз орындалады. Күйеуін сыйлап, арын сақтап, бес уақыт намазын оқып жүрген әйелдер үшін де Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп сүйіншілейді: «Әйел бес уақыт намазын оқып, рамазан оразасын ұстап, арын сақтап, күйеуіне құрмет көрсетсе, қай есіктен қаласа жәннатқа кіретін болады» [6]. Исламның алғашқы жылдарында иманға келгенімен, кей мұсылман әлі де болса, қараңғылық дәуірінде бойына сіңіп қалған жаман әдеттерден арыла алмай жүрген. Сондай жаман әдеттің бірі – зина. Зина жасауға қатысты бір жігіттің басынан өткен мына бір оқиға әрдайым айтылса да, өміршеңдігін жоғалтпайтын ғибраты мол оқиға.

Бірде Жуләйбиб есімді жас жігіт Алла Елшісіне (с.а.у.) келіп: — Ей, Алланың Елшісі! Маған зина жасау үшін рұқсат берсеңіз, енді шыдай алар емеспін, — дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  жанында отырғандар жігіттің жиіркенішті өтінішін естіген сәтте оған қарсы шығып, кейбіреулері дүрсе қоя берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) олардың қарсылығына рұқсат бермей, әлгі жігітті тыңдап, содан кейін оны жанына отырғызып, былай деп сұрады: — Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің? Жігіт: — Жоқ, ей, Алланың Елшісі! Әрине қаламаймын! – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): — Ешқандай адам анасына мұндай жиіркенішті қылықты қаламайды. Егер сенің  қызың болса, оған осындай әрекет жасағанын қалар ма едің? – дейді. Жігіт: — Жаным саған құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі! Еш қаламас едім! – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):  – Ешбір адам қызына мұндай нәрсені қаламас еді. Әпкеңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің? – деп сұрайды. Жігіт: — Жоқ, ей, Алланың Елшісі! – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): — Біреудің сенің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба? – деп сұрады. Сонда жігіт: — Жо-жоқ қаламаймын, – деп жауап қатты. Пайғамбарымыз (с.а.у.): — Ешкім де әпкесімен, қарындасымен зина жасағанын қаламайды, — деді.Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Аллаһым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтан тазарт, намысын қорға!» деп дұға етеді. Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді. Осы оқиғадан кейін ол жігіт иманын қорғап өтеді. Дегенмен ол жігіт мұсылмандар арасында осындай жаман қылығымен танылғандықтан, алғашқыда ешкім оған қызын жұбайлыққа бергісі келмеген. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.)  араға түсіп, үйлендіреді. Үйленген соң көп уақыт өтпей жорыққа шығып, соғыста шәһид болды. Соғыс біткен соң шәһид болғандарды жерлеу және сауларды түгендеуге көшеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арамызда бәрі түгел ме?» — дейді. Сонда сахабалары: «Иә, бәріміз түгелміз», — деп үн қатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ, менің жоғым бар», — деп Жуләйбибтің басына барып: «Жуләйбиб менен, мен де Жуләйбибтенмін» [7], — дейді. Иә, көріп отырғанымыздай, бәріміздің анамыз, әпке, қарындасымыз, қызымыз бар. Олай болса, өзімізге қаламағанды өзгеге де қаламайық, ағайын! Біз Алладан қорқуымыз керек. Алладан шынайы қорыққан мұсылман ғана мұндай арсыз күнәні жасамайды.

[1] Исра сүресі, 32-аят.

[2] Нұр сүресі, 30-31-аят.

[3] “Нұр” сүресі, 33-аят.

[4] Бұхари, Саум 10;

Әбу Дәуід, Никаһ 1.

[5] Бұхари, Риқақ 23.

[6] Ахмад б.

     Ханбал риуаяты.

[7] Мунсад, Ү. 257.

Асылбек НАУРЫЗОВ,

Орал медресесінің ұстазы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар