27.04.2018, 17:02
Қараулар: 295
«Қазақстандағы тұтастық пен табыстың негізі – бірлік»

«Қазақстандағы тұтастық пен табыстың негізі – бірлік»

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

1 мамыр –  Қазақстанды мекендейтін  түрі  басқа  болса  да,  тілегі бір, жүзі  басқа  болса  да, жүрегі  бір  барлық ұлт-ұлыстың  ортақ  мейрамы. «Бірлік  болмай, тірлік болмас»  деген  аталы сөзді бойтұмар  тұтқан  қазақстандықтар «қуана  білгенге  құт,  бағалай білгенге  бақ  қонатынын»  әуел  бастан  санасына  тоқып  өскен. Тарихы  терең, шежіресі  шерлі  қазақ  халқының  әрқашан  құшағы ашық,  пейілі  кең  болғаны  әмбеге  аян. Батыс  Қазақстан  облысы  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  жастар  қанатының  жетекшісі, «Яик»  казак  фольклорлық-этнографиялық  орталығының  жетекшісі,  облыстық  жастар  мәслихатының депутаты,  жас  кәсіпкер және  қазақтың  күйеу  баласы Игорь Спиридонов  Қазақстандағы тұтастық  пен  табыстың  негізі  –  бірлік  деп  санайды.

– Қазаққа күйеу бала екен-сіз. Қазақта жігіттің үш жұрты бар, соның бірі – қайын жұрт. Жалпы, қайын жұртқа барғанда күйеу баланың міндетін қалай атқарасыз?

– Қайын атам мен қайын енем өте қарапайым, бауырмал жандар. Бір қалада тұрғандықтан, жиі кездесіп тұрамыз, мерекелерде, қонақтықта бас қосамыз. Ол кісілер мені туған баласынан кем көрмейді, сыйлайды. Зайыбым Анжелика екеуміз екі жақтың атаанасына да бірдей қараймыз. Қонақ шақырғанды, өзіміз де қонаққа барғанды жақсы көреміз. Елімізде аталып өтілетін «Наурыз», «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Сабан той» сияқты мейрамдардың барлығы да біздің «ассамблеялық отбасы» үшін аса маңызды. Достарымыздың қатарында орыс, қазақ, татар, украин және тағы басқа өзге ұлт өкілдері өте көп. Біз, қазақстандықтар, отандастарымызды ұлтына, ұстанымына, діни сенім-нанымына қарамастан, туыс-бауыр, дос-жаран ретінде құрметтейміз, татумыз.

Меніңше, еліміздің және әрқайсымыздың жетістігіміз – ортақ отанымыздағы татулық және ынтымақпен өте тығыз байланысты.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз? Болашақ жарыңызбен қалай таныстыңыз?

– Зайыбым Анжелика Өтегенқызы Орал қаласының тумасы. Ресейде жоғары білім алып, университетті қызыл дипломға бітірген. Оқудан жазғы демалысқа келгенде өзіміздің туған қаламызда таныстық. Кейін көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. Мамандығы инженер, қазір сәби күтіміне байланысты демалыста. Радмир және Вилор есімді қос ұлымыз бар, әзірге екеуі де мектеп жасына жете қойған жоқ. Бірақ анасы екеуміз қазірден көздері үйренсін, білсін деген ниетпен қазақ әліппесін көрнекті жерге іліп қойдық. Жалпы, үйде қазақ және орыс тілдерін қатар қолданамыз. Дастарқанымыздан қазақтың сүрленген еті мен қазы-қартасынан пісірілген асы, күрең бауырсақ, көже үзілмейді. Орыс халқының ұлттық тағамдары да күнделікті ас мәзірімізден шет қалған  емес.

– Қазақ тілінде тым тәуір сөйлейсіз. Ойыңызды қысылмай, еркін жеткізесіз. Тіл үйрену үшін арнайы курстарға бардыңыз ба, әлде зайыбыңыз үйретті ме?

– Туған жерім – Орал қаласы. Балабақшада да, мектепте де қазақ балаларымен бірге жүрдім, қазақ достарым көп болды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жоғары білім алдым. Яғни, қазақ тілін қажеттіліктен, мәжбүрліктен үйрендім деп айта алмаймын. Өскен ортам, қаумалаған достарым, Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы сынды достықтың ордасы – менің қазақ тілін қиындықсыз меңгеруіме оң ықпал етті. Ендігі мақсатым – тілдік білім-білігімді жетілдіріп, қазақ тілінде емін-еркін ойлап, таза сөйлесетін деңгейге жетсем деймін. Айналамдағы өзге ұлт өкілдеріне «Тағдырларыңды Қазақстанмен байланыстырғыларың келсе, ең алдымен мемлекеттік тілді білулерің керек» деп үнемі айтып жүремін. Өйткені Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят. Шын ниетімен үйренгісі келген адамға қазақ тілін меңгерудің еш қиындығы жоқ. Күніне бір сөз үйренсең, бір жылда өз ойыңды іркілмей айта алатын  дәрежеге  жетуге  болады.

– Мәдени-көпшілік шараларда қазақы ою-өрнекпен безендірілген ерекше киімдер киіп  жүресіз…

– Иә, мәдени-көпшілік шараларға киюге арналған қазақы ою-өрнекпен көмкерілген бірнеше костюмым бар. Оларды жергілікті дизайнерлерге арнайы тапсырыспен тіктірдім. Қазақстан халқы ассамблеясының сессияларына, мереке-мейрамдарда түрлі форумдар мен кездесулерде киіп жүрмін. Өзіме қатты ұнайды.

Өзге мемлекеттерге барғанда шетелдіктер ұлттық киімдеріме қатты қызығып, ою-өрнектердің қандай мағына беретінін білгісі келеді. Әр оюдың мән-маңызы, жалпы, қазақ халқының сәлт-дәстүрі туралы қал-қадірімше түсіндіріп, айтып беруге тырысамын.

Шет мемлекеттерде әдетте Қазақстаннан келген барлық адамды, мейлі оның ұлты орыс, әлде беларусь болсын, қазақтар деп қабылдайды. Сондықтан Қазақстан туралы сұрағысы келсе, «Сіздің қазақ халқында қалай?» (Как у вас у казахов?) деп сұрайды. Осындай сәттерде ерекше толқып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясының қоғамдық-саяси мән-маңызы зор екендігіне кезекті рет көз  жеткіземін.

– Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Өзіңіз жетекшілік жасайтын БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанаты мен «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық орталығы өңірде халықтар достығы мен Жайық жұртының ынтымағын нығайту мақсатында түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүр. Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық ынтымақ-татулықтың тірегіне айналған ассамблея құрылымын, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін ұдайы айтып жатады. Мен де еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін ассамблея сияқты осындай айрықша институттың бір мүшесі екенімді мақтан тұтамын.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының, «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық орталығының жетекшісі ретінде, жалпы тәуелсіз Қазақстанның патриоты ретінде барлық білім-білігімді, жастық қажыр-қайратымды Отанымның өркендеп гүлденуі жолында жұмсағым келеді.

Қазіргі таңда  облыстық ассамблеяның жастар қанаты Орал қаласы мен аудандарда түрлі бағыттағы мәдени, спорттық, қоғамдық шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жолында жұмыстануда. «Бірлік түбі – береке» демекші, ел мен жер тағдырына селқос қарамайтын, туған еліміздің, қазақстандық қоғамның кемелденуіне үлес қосқысы келетін жастарды ассамблея қатарына шақырамын.

Облыс халқын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Достығымыз бен татулығымыз нығая берсін, әр шаңыраққа бақ-береке ұялап, татулық пен сыйластық  салтанат  құрсын!

Сұхбаттасқан  Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар