БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса ҚАПАҚОВ: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына тың серпін берді»

Күні , 232 рет оқылды

— Ғайса Хамедоллаұлы, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қандай, қанша құрылымдық бөлімшелері бар, актив мүшелерінің саны қанша?

Облыстық ассамблея және оның құрылымдық бөлімшелерімен қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Қазір Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы – өңіріміздің әр түрлі саласында жұмыс істейтін, сан алуан салт-дәстүрді ұстанатын, жалындаған жастан бастап, елге танымал тұлғалардың, ақсақалдардың басын біріктіріп, елдің тыныштығын сақтауға, бірлік пен келісімді нығайтуға арналған жұмыстарға атсалысып отырған конституциялық құрылым.

Бүгінде ҚХА жанынан, ассамблея, қоғамдық келісім, аналар, қайырымдылық кеңестері, ақсақалдар алқасы, сарапшылық топ, журналистер қауымы, жастар қанаты сияқты құрылымдық бөлімшелер жұмыс жасауда. Олар аудан орталықтарында да, ауылдық жерлерде де ұйымдастырылған. Сондай-ақ өңірде 51 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 17-сі облыстық болып саналады. Осы құрылымдардың жұмысын қамтамасыз етумен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі айналысады. Облысымызда төрт Достық үйі бар: біреуі облыс орталығында болса, қалғаны Зеленов, Теректі және Бөрлі аудандарында.

Қазіргі кезде облыстық ассамблеяның  актив мүшелерінің саны 21 мыңнан астам адамды құрайды. Еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың салтанат  құруында олардың еңбегі зор. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, актив мүшелеріне абыройлы еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін.

Ассамблея өз жұмысын ашық та, жария түрде атқарып отыр. Оны көпшілік ақпарат құралдары арқылы біліп жүргені аян. Тек өткен жылы облыс бойынша 800-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп, оларға облыстың барлық тұрғыны тартылды. Биылдың өзінде бекітілген жоспарға сәйкес 12 бағыттағы үлкенді-кішілі 130-ға тарта шара өткізу көзделіп отыр. Қазір сол жоспардың жүзеге асуына тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына жаңа тыныс, тың серпін берді десек, артық айтқандық емес. Жоспарланып отырған шаралар Ақ Жайық өңірінде татулықтың, тұрақтылықтың одан әрі өркендеуіне өз әсерін беретініне сенімдімін.

— Өткен жылы облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгінов жыл сайын өңірімізде өткізіліп келе жатқан Этнос күнінің географиясын, идеялық мазмұнын байытуды ұсынып, бұл жобаны жүзеге асыру үшін тың идеялар, жаңа ракурстар керектігін мәлімдеді. Соған байланысты Этнос күндері қаншалықты  жаңаша  сипат  алды?

– Этнос күні жобасын жаңғырту мақсатында бүгінде оның көкжиегі кеңейіп, «Этнос апталығы» болып өзгертілді. Енді аптаның әр күнінде мәдени-ағарту, көпшілік-танымдық бағыттағы этностардың салт-дәстүрлеріне, өнеріне, тіліне, әдебиетіне арналған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады, яғни жоба аясында аптаның әр күні тақырыптық бағыт бойынша атап өтіледі.

«Этнос апталығы» облыс жұртшылығына әр түрлі этникалық топтардың рухани құндылықтарын танып, ұғынуға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар апталық аясында «Қазақ тану» жобасы кеңінен насихатталмақ. Бұл жобаның негізгі мақсаты – өз ұлтымыздың салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, тарихы арқылы  қазақ  халқының болмысын тану, жан-жүрегімен сезіну, қонақжайлығын, кең пейілді дархан көңілін, бауырмалдығын, үлкенді құрметтеу қасиеттерін баршаға үлгі ету.

«Қазақ тану» жобасы қазақ халқының және қазіргі заманғы Қазақстан азаматының рухани келбетін барша әлемге таныстыру болып табылады.

– Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жария-ланғаны мәлім. Бұл мерейлі датаға орай облысымызда қандай іс-шаралар жоспарланып отыр? Жалпы, өңірімізде өзбек этномәдени бірлестігін құру  жоспары  бар  ма?

– Облысымызда бүгінгі таңда 600-ден астам өзбек этносы тұрып жатыр. Өткен жылы өзбек этносының өкілдері, өңірде қызмет етіп жатқан өзбек кәсіпкерлері  тарапынан этномәдени бірлестік ашу туралы ұсыныстар түсті. Болашақта облыстық ассамблеяның қатары  толығады  деп ойлаймын.

Мерейлі датаға қатысты шаралар облысымызда да өтуде. Мәселен,  Орал қаласына Өзбекстанның халық әртісі, профессор Ф. Садыков келіп, Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптарының оркестрімен бірлесіп, жаңа концерттік бағдарлама жасақтап, батысқазақстандықтарға ұсынды. Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу күніне арналған концерт облыстық ассамблея мүшелерінің, тұрғындардың көңілінен шыққан сияқты.

– БҚО ассамблеясының жастар қанатының жұмысы сізді қанағаттандыра ма? Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту мақсатында қандай қам-қарекеттер  жасалуда?

– Облыстық ассамблеяның жастар қанатының тыныс-тіршілігі бүгінде жаңа сипат алуда. Оралда республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік жұмыс штабы құрылды. Оларға ассамблея үйі ғимаратынан арнайы орын бөлінді. 27 адамнан тұратын штаб құрамында облыстық ассамблея жастар қанатының көшбасшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы Достық клубтарының жетекшілері бар. Таяуда штабтың бірінші отырысы өтті. Алдағы уақытта облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының І форумын өткізу жоспарлануда. Оған республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының көшбасшысы Максим Споткай қатыс-пақшы.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қызметі жоғары оқу орындарындағы, колледждердегі Достық клубтары және ірі мекеме-кәсіпорындардағы жастар бөлімшелері арқылы жүргізілетін болады. Бұл шара барысында аталмыш қозғалыстың құрамына жастарды кеңінен тарту өрістелмек.

– Медиация институтын дамыту бағытында қандай шаралар алынуда?

– Медиация институтын дамыту бағытында облысымызда ауыз толтырып айтатын жұмыстар бар. Бүгінде өңірімізде (барлық аудан мен ауылдық округте) 145-тен астам медиация кабинеті мен бұрыштар ашылды. БҚО ҚХА кәсіби және кәсіби емес медиаторларының тізіліміне сәйкес, оның құрамына 268 медиатор (40 кәсіби, 228 кәсіби емес) кіреді. Жақында «Батыс Қазақстан облысында медиацияның тиімді әдістері» атты медиаторлардың форумы өткені белгілі. Онда облыстағы барлық медиатор бас қосып, бірқатар көкейтесті мәселелерді талқылаған болатын. Сол алқалы жиынның қорытындысы бойынша қоғамдық медиаторлар қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс бірауыздан  қабылданып, аталмыш ұйымның құрылуына қатысты ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Қауымдастықтың ережесі бекітіліп, жұмыс  жоспары  жасақталды.

— Ғайса Хамедоллаұлы, облыстағы ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту мақсатындағы іс-шараларға орай БҚО ҚХА-мен жүргізілетін әлеуметтік сауалнамалар жөнінде айтып өтсеңіз…

– Биыл 17 наурызда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығының жетекшісі А. Сәдуақасованың қатысуымен облыстық ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда өткен жылғы «Батыс Қазақстан облысында этносаралық жағдайға мониторинг жасау» әлеуметтану зерттеуінің қорытындысы тыңдалып, құрылымдық бөлімшелердің құрамдарына өзгерістер енгізіліп, облыстық ассамблеяның биылғы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар БҚО ҚХА ғылыми-сарапшылық тобы мен ассамблея кафедрасының есепті кезеңдегі жұмыстары да қорытындыланып, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жиында облыстағы этносаралық ахуал туралы өңірлік, республикалық ауқымды өткізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

Жалпы айтқанда, есепті кезеңде өңірімізде этносаралық қатынастар барысында алаңдаушылық туғызатын әрекеттер байқалған жоқ, ахуал тұрақты. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 97,8%-ы Қазақстанның біртұтас халқының өкіліміз деп жауап берген. Респонденттердің басым көпшілігі өңірдегі этносаралық саладағы жағдайды «тыныш» деп санайды. Респонденттердің 92,1 %-ы басқа ұлт өкілдерінің оларға деген көзқарасы «жақсы» деп бағалады. Зерттеу нәтижелері бойынша сұрау салынғандардың басым көпшілігі, яғни 81%-ы Қазақстандағы этносаралық келісімді сақтау бойынша іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдайтындарын білдіріп отыр.

– Жыл өткен сайын ассамблеяның да жұмыс бағыты жаңаша сипатқа ие болуда. Осыған кеңірек тоқталып, алдағы жоспарларыңызды да айта кетсеңіз…

– Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы көбеймесе, азаймайды деп атап көрсеткені белгілі.  ҚХА-ның ХХV сессиясында ассамблея жұмысының жаңа бағыттары айқындалды. Олардың арасында қоғамдық келісім кеңестерін, қайырымдылықты және медиацияны дамытуды қамтамасыз ету, сол жұмысқа этномәдени бірлестіктердің әлеуетін пайдалану, сонымен қатар оларды жалпы мемлекеттік мәселелерді шешуге тарту бар.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітіліп, облыста қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы негізгі міндеттер айқындалғаны белгілі. Тұжырымдамадағы негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында БҚО ҚХА-ның биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. 128 тармақтан тұратын жоспарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бес бағытты қамтитын шаралар қарастырылған.  Облыстық  ассамблеяның құрылымдық бөлімшелерімен өткізілетін іс-шараларда қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылдық округінің Өркен ауылын өз қамқорлығына алып, абаттандыру мақсатында саябақ ашу туралы шешім қабылдады. Этномәдени бірлестіктер құрылыс материалдарын, қара топырақ, тал-терек сатып алып, өз күштерімен құрылыс жұмыстарын жүргізді. «Достық» деп аталатын бұл саябақтың  аумағы 40-90 шаршы метрді құрайды, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға өрнектас төселіп, темір шарбақпен қоршалды. Бақтың ашылу салтанатында  340 тал-терек егіліп, екі гүлзар аллеясы жасақталды. Осындай өнегелі ісімен ассамблея мүшелері облысымызда этносаралық бірліктің мықтылығын іс жүзінде дәлелдей  білді. Сонымен қатар «Туған жер» жобасы аясында «Туған өлкем – тірегім» атты облыстық Достық клубтарының форумын, «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумын өткізу жоспарда бар. Аталмыш шараларды ұйымдастырудағы мақсат – туған өлкенің өзекті мәселелеріне назар аударып, ауыл-аймақтардың абаттануына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Ақ Жайық өңірінің тарихы мен киелі жерлерін көршілес облыс жастарына таныстыру мақсатында арнайы этнографиялық-туристік маршрут жобасы жасақталды. Жоба аясында Алаш музейіне, Ғұмар Қараштың жерленген жеріне, Жұмағазы хазірет кесенесіне, Жайық қалашығына және Хан ордасындағы тарихи-музей кешеніне бару жоспарлануда.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақтың ұлттық өнерін таныстыру мақсатында Ресейдің көршілес облыстарына гастрольдік сапарлар ұйымдастыру көзделуде. Екі елдің жастары арасында этносаралық байланысты нығайту мақсатында «Достық» клубтарының кездесулерін өткізуді  жоспарлаудамыз.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облысымыз бойынша жеңімпаздарын қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға қатыстыру және жастар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездесулер, арнайы брифингтерді  ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Этномәдени бірлестіктер арасында латын әліпбиін енгізуге байланысты семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілмекші, облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылатын  болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған шараларды жүзеге асыруға облыстың әр тұрғыны өзіндік үлесін қосқаны жөн. Сондай-ақ батысқазақстандықтар ассамблеямен атқарылған істерді жүрегімен сезінгендері, әрі бұл істердің алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асуына атсалысқандары абзал. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар алу – біздің негізгі міндеттеріміздің  бірі.

Сұхбаттасқан  Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика