20.04.2018, 17:53
Қараулар: 616
«Рухани қазына» облыстық фестивалі

«Рухани қазына» облыстық фестивалі

Бейсенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің «Рухани қазына» облыстық фестивалі өтті. Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Бүгін маңызды іс-шарада бас қосып отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағанына бір жыл болды. Осыған орай Астанада үлкен жиын өтті. Сол жерде атқарған жұмыстарды қорытындылап, алдағы мақсаттарды айқындадық. Мұның бәрі бір жылда жасалатын шаруа емес. Дегенмен бір жыл ішінде аз жұмыс атқарылған жоқ. Аудандық музейлер жаңартылды, күй атасы Құрманғазы мен Дина Нұрпейісоваға, қазақтың үш батыр қызының ескерткішін қойдық. Биыл Құрманғазының 200 жылдығы ЮНЕСКО тізіміне енді. Бұйырса, келесі апталардан экспедиция жұмыстарын бастаймыз. Өздеріңізге белгілі, Құрманғазының сүйегі Астраханда жатыр. Біз ол жақтағы әріптестерімізбен жұмыстанатын боламыз.

Биыл Исатай-Махамбет ескерткішін көтереміз. Қазір мүсіншілерден ұсыныстар түсіп жатыр. Тарих, мәдениет саласы ардагерлерімен, қайраткерлерімен кеңесіп, Мәдениет және спорт министріне баратын боламыз. Қазір қаражатты белгіледік. Сондай-ақ өңір тарихынан сыр шер-тер бірнеше томдық кітап шығару жоспарда. Бұл мақсатта Қытай, Ресей, Түркия және т. б. елдерден деректер жинаудамыз. Алдағы уақытта Жайық қалашығын аспан асты ашық музейге айналдырамыз.

Бұдан өзге көптеген іс-шара  кезегін күтіп тұр. Біз мемлекет басшысы белгілеген міндетімізді орындаймыз, алайда ел азаматы ретінде әр адам бұл іске үлес қосуы керек. Бұл бағытта өңір кәсіпкерлері тындырымды жұмыстар атқаруда. Кәсіпкерлердің қолдауымен Орал қаласында сал ауруымен науқастанған балаларға арнап, «Бейімдеу үйінің» құрылысын бастаймыз. Туған жерге жанашырлық танытқан барлық азаматқа ризашылығымды білдіремін, –  деді  Алтай  Сейдірұлы.

«Рухани қазына» байқауы аудандық, қалалық, облыстық маңызы бар мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтар арасында өтіп, 16 аталым бойынша үздіктер анықталды. Облыстық байқаудың алғашқы жеңімпаздарын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы басшысының орынбасары  Батырхан Жұмабаев құттықтап, «Үздік музей» аталымы бойынша республикалық кезеңге жолдамаларды  табыс  етті.

– Алты алашқа аты мәлім Ақ Жайық жұрты, облыстық «Рухани қазына» фестиваліне өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына сіздің облыстан алты нысан жалпыұлттық, қырыққа жуық нысан өңірлік нысан тізіміне енді.  Үздік музейлерді анықтағанда өңірдегі музей қызметкерлерінің биік деңгейін, шеберлігін және ғылыми ізденісін көргенде таңғалдым, – дей келе Батырхан Ерікұлы музей саласының үздіктерін арнайы дипломдармен және бағалы сый-лықтармен  марапаттады.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, еңбек ардагері Инна Гудошникова кітапхана ісінің үздіктерін марапаттап, «Үздік ауылдық кітапхана» аталымында Бөрлі ауылдық кітапханасына, «Үздік аудандық кітапхана» аталымында  Сырым орталық кітапханасына дипломдар табыс етті. Бұған қоса Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана «Үздік облыстық кітапхана» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ  Қазталов ауданына қарасты Қараоба ауылдық кітапханасының қызметкері Лаура Бердіғалиеваның «Үздік ауылдық кітапхана қызметкері»,  Бөкей ордасы ауданынан Айнагүл Батырханованың «Үздік аудандық кітапхана қызметкері»,  Орал қаласындағы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Сергей Быковтың «Үздік облыстық кітапхана қызметкері» аталымдарында мерейлері үстем болды.

ҚР Мәдениет қайраткері Нәбира Халелқызы облыстық фестивальдің «Ең үздік мәдениет үйлері мен клубтары» аталымының жүйріктерін марапаттады. Январцев ауылдық клубы «Үздік ауылдық клуб», Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы мәдениет үйі «Үздік ауылдық мәдениет үйі», Бөрлі аудандық мәдениет үйі «Үздік аудандық мәдениет үйі», Орал қаласының жастар мәдениет үйі «Үздік қалалық мәдениет үйі» атанса, Теректі ауданының Ақсоғым ауылдық клубының меңгерушісі Алмаш Арыстанова «Үздік ауылдық клуб қызметкері», Қазталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылдық мәдениет үйінің директоры Марат Хасанов «Үздік ауылдық мәдениет үйі қызметкері» және Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің директоры Гүлжамал Жұмағазиева «Үздік аудандық мәдениет үйі қызметкері» аталымдары бойынша өзгелерден оқ бойы  озық  шықты.

Облыстық фестиваль жеңімпаздары 21 мамырда Астана қаласында өтетін «Рухани қазына» республикалық байқауында Ақ Жайық өңірінің мерейін асқақтатпақ.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Айбатыр НҰРАШ

Нұрбек МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ, Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінің қызметкері:

– «Рухани  қазына» облыстық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Байқау барысында қазақы, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, жаңа инновациялық бағыттағы жұмыстарымызды да көрсеттік. Сол себепті таңдау бәлкім бізге түскен болар. Жалпы, үздіктердің арасынан озық шыққанымызға өте қуаныштымыз. Республикалық «Рухани қазына» фестивалінде намысты қолдан бермеуге тырысамыз.

Нұргүл БАТЫРХАНОВА, Январцев  ауылдық клубының  хореографы:

– Январцев ауылдық клубының негізі 1966 жылы қаланған. Соңғы жылдардағы жетістіктерімізге тоқталар болсам, «Аллегро» бишілер тобы «Балдәурен», «Бала дауысы» байқауларында, әншілеріміз түрлі деңгейдегі өнер додаларында  жеңімпаз атанды. Бүгін «Үздік ауылдық клуб» аталымын жеңіп алдық. Фестиваль ұмытылмас әсер сыйлады. Еңбегімізді жоғары бағалаған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар