Ар азабы

Күні , 235 рет оқылды

Жазушы Мира Шүйіншәлиева кезекті шығармалар жинағын «Ар азабы» деп атапты. Жазушының бұған дейін жарық көрген шығармаларының негізгі лейтмотиві – адамзаттық құндылықтар, мәңгілік мұраттар екені оқырманға белгілі. «Ар азабының» да негізгі персонаждары – өзіміздің қасымызда жүрген замандастар. Бұл тұрғыдан келгенде, ол шығармаларына негізінен бүгінгі күннің өзекті мәселелерін арқау ететіні байқалады.

Мұнда автор прозалық шығармаларында көтеріп жүрген экономикалық, әлеуметтік мәселелерін сахнаға алып келіп, негізгі қаһармандарын іс-әрекет, тартыс үстінде көрсетуге ден қойған. «Ар азабы» пьесасында барын бағалай білмей, ойнақтап жүріп от басқан кейіпкерге тап боламыз. Мұндағы оқиғалар, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамып отырады. Автор кейіпкерлерінің бейнесін өз сөздерімен, іс-әрекеттерімен, монолог, диалогтармен толықтырған. Адамды алдауға болғанмен, Алланы алдауға болмайтынын оқырман кейіпкерлер өмірі арқылы түйсінеді. Әкесінің есепсіз ақшасын шетелде жүріп армансыз шашқан Бота мен оның шешесі Майжанның найза бойламайтын зымияндығының өтеуі де оңай емес. Оны Ботаның бұйра шашты нәсілі бөлек домаланған мүгедек баласы мен Майжанның сал аурына шалдығуы растайды. «Күйелі ағашқа жақындасаң, күйесі жұғады» дегендей, мұндай залымдардың кесірі күнәсіз бейбақтарды зар илетіп жататыны – өмір шындығы. Саналы өмірін бала тәрбиелеумен өткізген мұғалім Науат пен оның баласы Ғаділбектің зымияндардың шырмауына түсіп, тыныш өмірлерінің астан-кестеңі шығуы оқырманды бейжай қалдырмайды. Өмірді теп-тегіс даңғыл жолдардан тұрады деп санайтын Ғаділбектің бала кезінен сүйген сұлуына деген сүйіспеншілігі оны махаббат өртіне орап, өмірден баз кешуге алып барады. Кітаптан оқып жүрген ғашықтардың бүгінгі таңда да арамызда жүргенін Ғаділбектің жазылмас дертке ұшырауынан көрсек, оқиғаға қатысушы кейіпкерлердің пиғылдары мен арман-мақсаттары «адам аласы ішінде» екенін есімізге салады. Пьесаның оқиғасы мен кейіпкерлері өмірден алынған шынайылығымен баурайды. Негізгі оқиғалар мен кейіпкерлер арасындағы тартыс авторлық ремарка арқылы толығып отырады. «Ар азабының» кесірінен бірі құдай қосқан қосағының, бірі туған анасының айықпас дертке шалдыққанын, «Ар азабының» кесірінен жанұя мүшелерін шетінен қырсық шала бастағанын екеуінің де кештеу ұғары анық, әрине!», – деген  эпилог кейіпкерлерімізден хабар берер көркемдік  деталь.

«Ақынның тағдыры» мұңлы драмасының негізгі оқиға желісі бас кейіпкер – ақын Еркінғали Дарабасовтың төңірегінде жүріп жатады. Бүгінгі қоғам өмірінен алынған оқиға оқырманын философиялық ойларға жетелейді. Қолда барын бағалай алмай, сезім жетегінде жүріп адасқан ақын өмірімен «кие», «алғыс», «қарғыс» ұғымына назар аударады. Атадан балаға мирас болып қалатын қара шаңырақтың киесі ұруы, ананың теріс батасының қалыс кетпеуі атағынан ат үркетін ақын өмірінің ойраны шығуымен суреттелген. «Адам аласы ішінде» екені Ақбикенің іс-әрекеті, өмірлік ұстанымынан байқалса,  «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығатынын» оның өмір жолы растайды. Дегенмен, көпке топырақ шашуға болмайды. Тағдыр тауқыметіне ұшыраған ақынын, азаматын сыйлаған Зұлқия кемпірдің адамгершілігі жуастан жуан шығып, балта ала жүгіретін Патиқа мен жанұя жылуын бағаламай, көбелекше ұшып-қонған Ақбикеге қарама-қарсы суреттелген. Автор бір-біріне кереғар жандардың іс-әрекеттері арқылы кейіпкерлердің болмыс-бітіміне назар аударған. Оқиғаға қатысушы әйел-аналардың бәрі бірдей еместігі  олардың осындай күнделікті тұрмыс-тіршілігінен байқалады.

Ар алдында үлкен сынға түскен кейіпкердің бірі – ақынның туысқан інісі Шайқы. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп түсінген ол – қиын-қыстау кезеңдерде ағасының қасынан табыла білген жан. Жасы ұлғайған ағасының шемен болып қатқан шерін тарқату үшін жиі келіп тұратын ол – екі аяқты пенделердің арасындағы  адамгершіліктің жақсы үлгісін бойына жинақтаған азамат.

Шығармалардағы автор-нарратор-кейіпкер мәселесіне көңіл аударатын болсақ, фактілер мен оқиғаларды баяндаудың бірізділігі сақталғанын аңғару оңай. «Сіңлімнің сүйгені» хикаятындағы оқиғалар желісіне қарап отырсаңыз, әңгімелеуші мен баяндаушы формасымен көрінеді. Ләйлә мен оның сүйгені Айқын арасындағы ұзаққа созылған махаббат машақаты негізгі кейіпкерлердің барлығын да үлкен сыннан өткереді. Шығармада мотивацияның кешіру әдісі орын алған. Ол әдіс кейіпкерлердің бір-біріне түсініспеушілікпен, кешіріммен қарауынан көрінеді. Соның нәтижесінде ушығып тұрған істің оң шешім тапқанын: «Иә, адам баласының асқақ армандары, шын ниетімен тілеген тілектері Жаратқан иемізге жетеді екен. Бұған дәлелім көп. Сіңілім ақыры  шын бақытқа кенелді қазір. «Ақ түйенің қарны» аман-есен бір  кеште жарылды! Содан бері… Сіңлімнің төбесіне бақыттың бұлбұл құсы ұя салып, күн сайын, сағат сайын, минут сайын сайрап тұр!», – деген кейіпкер сөзі растайды. Авторлық ұстаным: «Қаншама жылғы жалғыздық, азап пен мазақ, айтыс пен тартыс! Алланың әр сәт сайын берген сынағына шыдап, қатыгез тағдырымен айқасқандай күресіп, төзімділік пен сабырлылық арқылы жеңіске жеткен менің сіңілім, Ләйләм менің осындай!» дегенге саяды.

Ар алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалаған Алуа, азаматын ардақтаған Наргиз, махаббатын аялаған Ләйлә – «Еркектер ерке халық. Олардың еркелігін кім көтерсін? Солардың өмірге деген немқұрайлығынан балаларымыз тірі жетім, өзіміз тірі жесір болдық», – деп налитын қыз-қырқындарға қарама-қарсы параллель суреттелген кейіпкерлер. Қыз-келіншектер бойындағы физиологиялық, психологиялық  ерекшеліктер мотивацияның  ішкі және сыртқы түрлерімен айшықталған.

Ал, мета мәтінділік автордың ««Ерке күшік» әңгімесіндегі «Ақұштап Бақтыгерееваға» деген эпиграфы мен осы әңгіменің 2016 жылы «Рахымжан Отарбаевтың мәдениет қоры» ұйымдастырған байқауға қатысқан 197 автордың ішінен жүлделі орынға ие болған 13 шығарманың қатарына іліккені жөніндегі алғысөзінен байқалады. Бұл әңгімеде әңгімеші-баяндаушы – оқиғаның тікелей қатысушысы, яғни оқиғаның бір кейіпкері  болып  кеткен.

Жоғарыдағы мысалдардан көргеніміздей, жазушының «Ар азабы» жинағына енген шығарма кейіпкерлерінің көпшілігі – ар алдында шерменде күй кешкендер. Бейкүнә жандардың өмірін ойрандап, мүгедек болған Майжан («Ар азабы»), Ақбикенің арбауына түсіп, отбасынан айырылып, мүсәпірдің күйін кешкен Еркінғали («Ақынның тағдыры»), тәнін саудалаған бикештер («Сіңлімнің сүйгені»), ішімдікке салынған қаңғыбас: Шойнақ, Пәтөк, Башарлар («Кезбеліктен құтылған күн») – «ар сотының» алдында «ар азабын» тартқан кейіпкерлер. Жазушы шығармаларында психологизммен бірге лиризмнің басым екенін ерекше атауға болады. Кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қуаныш пен қайғы, шаттық пен өкініш, бақыт пен қасірет сынды кереғар ұғымдарға тереңірек үңілген автор олардың бойындағы сыршыл сезімдерді аша білген. Сондықтан да бұл туындыларда психолирикалық сипат басым.

Гүлжаһан ОРДА,

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының  докторы, профессор


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика