«Құмдағы ауыл — құндағым»

Күні , 387 рет оқылды

Жақында Қадыр Мырза Әли атындағы  мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Зәкәрия Сисенғалиевтің «Құмдағы ауыл — құндағым» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешке  арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық  мақаласына бір жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырған әдеби кештің жас ұрпаққа өнеге болатындығын атап өтті. Сахнаға көтерілген белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева туған жерін әнге қосып жырлап келе жатқан ақынның өз елінде адал еңбек етіп жүргенінің өзі өзгелерге үлгі боларлықтай іс екендігін айтты.

«Жыл дегенің жылғадан аққан сумен тең» дейді. Күні кеше ағаларымыздың алдында тай-құлындай шауып жүрген бала едік. Біз де қазір алпыстың асқарына көтеріліп қалыппыз» деп сөз бастаған  Зәкәрия  ақын:

Көкдөнен дүние дүбірлеп еніп сағымға,

Ақ қырау басқан белдерім міне басталды, — деп  тебіреніп өз өлеңдерін оқыды.  Өзінің туған жерінде жастық шағынан бастап еңбек етіп келе жатқан кеш кейіпкері ауылдағы бұрынғы жағдай мен қазіргі жағдай туралы әңгімелеп берді.

  • Бұрын елдің тұрмысы ауыр болды. Ол кезде бәрі қол еңбегімен атқарылатын. Аналарымыз кешкілік қап-қап қиды сырттан ауыз үйге кіргізіп қоятын.  Таңмен таласып тұрып, ошақтың  күлін алып, от жағатын. Күнделікті су тасу, отын-шөп әкелу бәрі қол еңбегімен жасалушы еді.  Бүгіндері тәуелсіздігіміздің, Елбасының сарабдал  саясатының арқасында жағдай түзеліп келеді. Қазір әрбір ауылдық округ, елді мекендерде көгілдір отын келіп тұр. Құлшық  деген елді мекеннен жер асты суы тартылып жатыр. Егер сол іске қосылса, аудан халқының  70 пайыздан астамы сумен қамтылады. Әрбір үйде электр жарығы жарқырап жанып тұр. Бұрын электр жарығы сығырайып тұрып, сағат 12.00-де сөніп қалатын. Соған қарамастан, шамның жарығымен, айдың  жарығымен кітап оқитынбыз. Ол  кезде тұрмыс ауыр болғанмен, табиғат ғажап әдемі еді, — деп өткен шақты еске алды ақын.

Әдеби кеште сөз алған ақын Сағынтай Бисенғалиев кеш иесіне арнаған өлеңін оқып, Ақ Жайық ауданының  әкімі Әділ Жоламановтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.  Кеште ақын сөзіне жазылған әндер орындалды. Солардың ішінде бүтіндей бір өңірдің гимніне айналған «Ақ Жайық — ару мекенім» әнінің шоқтығы биік. Бұл әнді Жаңақаладан келген Ә. Жангелдин орта мектебінің оқушылары гитарамен әдемі орындап берді.

  • Ұстазым Серікқали Шарабасов «Ең бақытты адам өз өміріне қанағат еткен адам» деп жиі айтатын. Албырттау, аңғырттау кезімізде Жаңақала ауданын ұзақ жыл басқарған Төлеген Тастайұлы  ағамыз да «Қанағат деген ауыл» бар деп тізгінімізді тартып отырушы еді.  Содан «Қанағат» атты өлең туды,  — деген ақын жырға кезек берді.

Тіленбедім түктілерді жағалап,

Көрмеппін де күштілерді сағалап.

Әке қаны, ана сүті сыйлаған,

Болды бойда ұлы бір күш – қанағат  — деген өлеңінен ақынның өмірлік ұстанымы байқалады.

Зәкәрия Жүсіпқалиұлы Жаңақала ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген.  Оның 30-дан астам өлеңдеріне Тұяқберді Шәмелов, Қаршыға Ахмедияров, Донеділ Қажымов, Әсет Бейсеуовтермен қатар, жергілікті композиторлар ән жазған. Әдеби кеште ақын өзі түлеп ұшқан Ә. Жангелдин атындағы орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері өнер көрсетті.

Осы ғана өзгеден айырмасы,

Болмайды екен ендеше айырбасы.

О, Тәңірім, таңғы бір тілегім сол,

Осы өңірден мәңгілік айырмашы,  — деді кеш соңында қоңыр үнмен тағы да өз  өлеңдерін  оқыған  ақын. Құмдағы  ауылды құндағына айналдырып, туған жерінің  гүлденуіне  аянбай үлес қосып жүрген ақынның ой тұңғиығындағы айтар түйіні де осы шығар деп ой түйдік біз.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика