Биыл Жайық өзенінің бойымен көп су келмейтін көрінеді…

Күні , 64 рет оқылды

Сейсенбі  күні  «Нұр  Отан»  партиясы  БҚО  филиалы ғимаратында «Таза бұлақ» үкіметтік  емес  ұйымының ұйымдастыруымен  «Су тасқыны – 2018. Су  тасқыны  жағдайының  алдын алу мен  күтілетін  болжамдар»  атты дөңгелек  үстел  өтті.

Жиында су тасқыны мәселелерімен тікелей айналысатын мемлекеттік құрылым өкілдері дөңгелек үстел тақырыбына орай облысымыздағы бүгінгі таңда қалыптасқан жағдай туралы егжей-тегжейлі  мәлімет  берді.

– Жалпы, біздің облыстағы су тасқыны қаупі Жайық, Шаған, Қараөзен, Сарыөзен секілді трансшекаралық өзендерге қатысты ахуалмен тікелей байланысты болып келеді. Сол себепті Орынбор, Саратов облыстарындағы ресейлік әріптестермен әрдайым байланыс ұстап отырамыз. Бүгінгі таңда Орынбор облысынан берілген мәлімет бойынша, Ирикла су қоймасынан судың берілісі секундына 20 текше метрді құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 25 текше метрді құраған болатын. 2011 жылы орын алған ірі су тасқыны кезінде облысымыздағы 38 елді мекенді су шайған еді. Жалпы, көпжылдық мониторинг бойынша өңіріміздегі 76 елді мекенде су тасқыны болған.

Сондықтан осы аумақтардың бәрін әрдайым бақылауда ұстаймыз. Облыста су тасқыны қаупі бар 14 өзен бар. Олардың жағдайы бойынша 22 гидробекеттен күнделікті мәлімет келіп отырады. Бұл мәліметтерді өткен жылғы деректермен салыстыра отырып, тиісті құрылымдар және  тұрғындар үшін сайтқа орналастырамыз. Қардың қарқынды еруіне байланысты «Қазгидрометтің» болжамына сай, облыстағы азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің қызметі 25 наурыздан бастап күшейтілген режімге көшті.

Жолдардағы су өткізу құбырлары толықтай ашылды. Биыл жолдарды қысқа мерзімді су шаю деректері орын алды. Бөкей ордасы, Қазталов, Теректі, Зеленов аудандарында жергілікті маңыздағы жолдарға қысқа мерзімді су жайылулар болды. Алайда ол  жерлерде қозғалыс тоқтаған жоқ.

Бүгінгі таңда Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты өзенінің тасуы әлі күнге дейін бақылауда тұр. Саралжын, Аққозы, Қаракөл ауылдық округтерін аудан орталығымен қосатын жолды бірінші сәуірден бастап су шаюда. Бүгінгі таңда ол судың деңгейі түсіп келеді. Тұрғындар жаяу көпір арқылы қатынауда, қатынас үзілген жоқ. Ал көліктер үшін айналма жолдар бар. Қазіргі таңда Зеле-нов, Тасқала ауданындағы өзендер ерекше бақылауда тұр, – деді БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Марс Отаров.

БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасындағы энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы Бейімбет Мусин болуы мүмкін су тасқыны жағдайына коммуналдық кәсіпорындардың дайындығы ойдағыдай екенін баяндады.

– Төтенше жағдай қызметкерлерінің міндеті адамдардың өмірін, дүние-мүлкін сақтау болса, осыған қосымша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көктем кезіндегі суды ауыл шаруашылығы пайдасы үшін барынша мол жинақтап алып қалуды мақсат тұтады. Өйткені көктемнен кейінгі уақытта Жайық бойымен, Қараөзен, Сарыөзенмен келетін суды облыстық бюджеттен қаржы шығарып, сатып алып отырғанымыз белгілі. Орман шаруашылықтарының мамандары Деркөлдің Шағанға құятын тұсында, Шағанның Жайыққа құяр сағасында, сондай-ақ облыс аумағындағы өзге де шағын өзендерде құлағалы тұрған теректерден, яғни мұз кептелісін туындатып, көліктер өтетін көпірлерді бұзуы мүмкін кедергілерден тазалау жұмыстарын жүргізді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары  Махамбет  Ихсанғали.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық – Каспий бассейндік инспекциясының Батыс Қазақстан аумақтық бөлімінің басшысы Бауыржан Рамазановтың сөзіне қарағанда, биыл Жайық өзенінің бойымен  көп  су  келмейтін  көрінеді…

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика