24 елді мекенге табиғи газ тартылады

Күні , 49 рет оқылды

Жақында  Өңірлік  коммуникациялар қызметі  алаңында  өткен баспасөз  мәслихатында  облыстағы  тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылығы  саласының  бүгінгі  жай-күйі  мен  даму мүмкіндіктері  туралы  айтылды.  Брифингке  облыстық  энергетика  және  тұрғын  үй-коммуналдық  шаруашылығы  басқармасының басшысы  Ғалым  Орынғалиев  және  «Жайықжылуқуат»  АҚ  бас директоры  Мұрат  Байменов  қатысты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің берген мәліметі бойынша басқарманың 2017 жылғы бюджеті 8,9 млрд. теңгені (республикалық және жергілікті бюджет есебінен) құраған. Бөлінген қаражат ауылдық елді мекендерді газдандыруға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, ауыз сумен қамтамасыз ету құнын субсидиялауға және басқа да мақсаттарға бағытталған. 2018 жылға басқарма бюджеті 4,2 млрд. теңге көлемінде бекітілді.

Күні бүгін облыста жылыту маусымы штаттық режімде өтуде. Әлеуметтік нысандар қатты және сұйық отынмен қамтамасыз етілген. «Жайықжылуқуат» АҚ резервінде 1 215 тонна мазут бар. Келесі жылы облыстың елді мекендерін газдандыру аясында әлеуметтік бағыттағы 127 нысанды көгілдір отынмен жылытуға ауыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар  барлық коммуналдық кәсіпорындар апатты-техникалық бригадалармен жабдықталып, материалдық  ресурстар резерві құрылды.

2017 жылы облысты газдандыруға бюджеттен 3,425 млрд. теңге бөлінді (республикалық бюджет – 2,879 млрд. теңге, облыстық бюджет – 0,546 млрд. теңге). Бөлінген қаржыға жалпы ұзындығы 395,3 шақырым болатын газ құбыры салынып, 4 мың тұрғыны бар 13 ауыл табиғи газбен қамтылды (Сырым ауданының Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл, Жаңаөңір, Сасықкөл ауылдары; Шыңғырлау ауданының Ақсуат ауылы;  Жәнібек ауданының Майтүбек, Жұмаев ауылдары; Жаңақала ауданының Мұқыр, Жуалыой, Жангелді, Сарыкөл ауылдары).

2017 жылы республикалық бюджеттен Орал «Жайықжылуқуатқа» магистральды және тартылған газ құбырының құрылысын аяқтауға 1,9 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда оны іске қосу мен ретке келтіру жұмыстары қалып отыр (жылыту маусымы аяқталғасын қосылады).

2018 жылы елді мекендерді газдандыруға бюджеттен 1,464 млрд. теңге бөлінді (республикалық бюджет – 1,357 млрд. теңге,  облыстық бюджет – 0,107 млрд.  теңге). Бөлінген қаржыға 9,7 мың тұрғыны бар 24 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарлануда.

Олар Бөкей ордасы ауданындағы Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек, Бөрлі, Тереңқұдық, Кеңой, Ұялы, Саралжын, Шоңай, Сейітқали, Тайғара ауылдары, Ақжайық ауданындағы Жаңажол, Тегісжол, Жамбыл, Бітік, Үштөбе, Сарман, Битілеу, Тоған, Қарағай, Ақбұлақ, Ескі Есім ауылдары, Жәнібек ауданындағы Өнеге ауылы және Зеленов ауданындағы Факел ауылы.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының газбен қамтылу көрсеткішін 95,4% немесе 612,3 мың адамға көтеру  жоспарлануда. Сонымен қатар  2018 жылы 4,4 мың тұрғыны бар 14 елді мекенді газдандыру үшін құрылыс жұмыстары басталды. Олар  Қазталов ауданының Кішкенешал, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Бейістерек, Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз, Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа ауылдары; Зеленов

ауданының Факел ауылы. Бұл нысандардағы құрылыс  2018-2019 жылы аяқталмақ.  Сондай-ақ  ағымдағы жылы Қазталов ауданының 15 елді мекенін газдандыруға ЖСҚ жасақтау үшін облыстық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді (жалпы құны – 101,0 млн. теңге). Құрылыс мерзімінің уақыты 2019-2021 жылдар.

8081  шам  жаңартылады

Брифингте Ғалым Ғұбашұлы 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тоғыз жобаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан  2,5 млрд. теңге бөлінгендігін атап өтті. Соның ішінде сегіз  жоба ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдауға, бір жоба Ақсай қаласының жылу желілерін қайта құрылымдауға бағытталды.

Ағымдағы жылы бюджеттік несиелеу тетігі арқылы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын Орал қаласының жылу желілерін қайта құрылымдау бойынша екі  жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1 265,6 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, мердігер кәсіпорын анықталды. «Уральскводстрой» АҚ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бастайды. Сонымен қатар  2018 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде 363,6 млн. теңгеге жалпы ұзындығы екі шақырымды құрайтын Орал қаласының жылу желілерін қайта құрылымдау бойынша екі жоба мақұлданды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Орал қаласының көше жарығы желілерін жаңғырта отырып сенімгерлік басқаруға беру» жобасын іске асыру жұмыстары атқарылуда. Бұл жоба негізінде қала бойынша 8081 жарық шамын қуат үнемдейтін шамдарға ауыстыру  жоспарлануда.

2017 жылы жалпы халық саны 128 мың адамды қамтыған облыстың 78 елді мекені үшін ауыз су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 907 млн. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 717,5 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 189,5 млн. теңге). Қаражат толығымен игерілді. Сондай-ақ 2017 жылы тізімге облыстың 44 ауылдық елді мекені қосымша қосылды (1 текше метр ауыз су үшін тариф  250 – 700 теңге). Енді 2018 жылы халық саны 175 мың адамды құрайтын 122 ауылдық елді мекен тұрғындары ауыз суды субсидияланған баға бойынша алатын болады.

2018 жылға ауыз сумен қамтамасыз ету құнын субсидиялауға республикалық бюджеттен 717,5 млн. теңге қарастырылды. Қосымша жергілікті бюджеттен 453,5 млн. теңге бөлу қажет. Сондай-ақ брифингте Ғалым Орынғалиев облыста тұтынылатын электр қуатының жалпы көлемін есептегенде, өзіндік өндірістің меншікті үлесі шамамен  98,5% құрайтындығын айтты. 2017 жылы облыс кәсіпорындарымен барлығы 1946 млн. кВт. сағат көлемінде электр қуаты өндірілген. 2016 жылы аймақтық Индустрияландыру картасы аясында «Батыс Пауэр» ЖШС компаниясы іске қосқан Орал газтурбиналық стансасы (қуаты 200 МВт) іске қосылғаннан соң Батыс Қазақстан облысы электр қуатына тәуелділіктен құтылды. Стансада 70-тен аса жаңа жұмыс орны ашылды. Ресей Федерациясынан электр қуатының шағын көлемі тек Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының бірнеше елді мекендері үшін ғана сатып алынуда. Облыс бойынша барлығы 82 газ құю стансасы бар, соның 46-сы қалада, 36-сы аудандарда. 2017 жылы облысқа барлығы 28,7 мың тонна сұйытылған газ жеткізілді. Бұл  2016 жылмен салыстырғанда  20%-ға  көп (23,1 мың тонна). Ол газбаллонды жабдықтар орнатылған көліктердің санының артуына  байланысты  көбейген.

– Сұйытылған газ  бағасының өсуі туралы айтар болсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ желісі компаниялары сұйытылған газдың бағасын өздері белгілейді және еркін бағамен сатады. Ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Энергетика министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Жайықмұнай» ЖШС арасында ішкі нарыққа ай сайын 2200 тонна көлемінде сұйытылған газ жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта облысымызда сұйытылған газдың 1 литрінің орташа бағасы 79 теңгені құрайды, — деді Ғалым Орынғалиев.

152  лифті   жарамсыз

Брифингте сөз алған «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Байменов биылғы жылыту маусымының еш апатсыз тыныш өткендігін атап өтті.

– «Жайықжылуқуат» АҚ қазіргі таңда 1168 тұрғын үйге жылу беріп отыр. Бұдан бөлек қаладағы бюджеттік мекемелерді жылумен қамтамасыз етеміз. Биыл жылу құбырларын жөндеу жұмыстарына 498 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Тұрғындардың жылуға бережағы 870 млн. теңгені құрап отыр. Қазір борышкерлермен сот орындаушылар жұмыс жасауда. Осындай мезгілде көпшілікті жылыту маусымы қашан тоқтатылады деген сұрақ мазалайтыны белгілі. Үш тәулік бойы ауа температурасы 10 градустан жоғары болса, жылыту маусымы тоқтатылады, — деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Мұрат  Болатұлы.

Брифингте  қаладағы лифтілердің жайкүйі де назардан тыс қалмады. «Қаламыздағы лифтілердің жартысына жуығы сапасыз. Қазіргі күнде 152 лифті жөндеуге келмейді. Оларды ауыстыру керек. 15 лифтіні жөндеу қажет», – деді Ғалым Ғұбашұлы.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика