Түліктің төресін түлеткен ғалым

Күні , 71 рет оқылды

Дүниеге келер бір рет,

Дария кеуде, тау мүсін.

Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым, аман-саумысың?!

Сағи ЖИЕНБАЕВ

Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деген екен. Азаматтығымен ортамызды толтырып жүрген қазақтың көрнекті зоотехник-селекционер ғалымы, Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығының иегері, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаев тура сондай жан.

Серікбай Сағитжанұлы 1938 жылы 28 қаңтарда Қызылорда облысының Арал қаласында жарық дүниеге көрінген. 1946-1956 жылдары Шалқар қаласының қазақ орта мектебін бітірген соң, сол жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1961 жылы аталған оқу орнының зоотехникалық факультетін үздік бітіріп шығады.

Кейіпкеріміз қажырлы еңбек жолын 1961 жылы Кеңес одағына белгілі «Құрмет белгісі» орденді №52 Ембі жылқы зауытында бас зоотехник болып бастайды. 1964 жылы аталмыш шаруашылық «Асыл тұқымды мұғалжар жылқы зауыты» болып бекітілген соң, 1964-1972 жылдары бас зоотехник бола жүріп, Ақтөбе облыстық тәжірибе бекетінде мал шаруашылығы бөлімінің аға ғылыми қызметкері міндетін қоса атқарады. 1966-1970 жылдар аралығында қазақтың мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аспирантурасын сырттай оқып бітіріп, 1973 жылы «Көшім және жабы тұқымды жылқылардың етінің құрамы мен қасиеттері» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғайды. 1976-1978 жылдары Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының «Жылқы және түйе түліктері» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарады. 1978-1981 жылдары Ақтөбе ауыл шаруашылығы бекетінің мал шаруашылығы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, 1981 жылдан қазіргі кезеңге дейін жылқы түлігі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Осы жылдар ішінде Серікбай Сағитжанұлы іскер басшы, тәлімгер жетекші, ғылыми жұмыстың қыр-сырын жете меңгерген ұйымдастырушы және зерттеуші ғалым екенін танытты. С. Рзабаевтың тікелей қатысуымен және ғылыми жетекшілігімен жылқы шаруашылығының мәселелері жан-жақты, тиянақты зерттеліп, толыққанды деректер жинақталды.

Ғалым С. Рзабаев өзінің білімі және өмірлік тәжірибесін Қазақстанның жылқы шаруашылығын өркендетіп, ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсап келеді. Неге екенін қайдам, осы бір төрт түліктің төресі – жылқының тылсым жұмбағына көңілі ауа берді. Сірә, қазақтың «Адам – жылқы мінездес» деген тәмсілінде біраз сыр болса керек. Бұл күнде ғалымның есімі де, еңбегі де тек ТМД елдерінде ғана емес, сонымен бірге шалғай шет елдерде де ілтипатпен аталады.

Серікбай Сағитжанұлы ақи-тақи көз жеткізген дәйегін ғылыми дерек ретінде ұғынықты мәнермен ақ қағазға сауатты түсіре білетін ғалым. Ол 207 ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде «Мұғалжар жылқы тұқымы» атты монографиясының шоқтығы биік. Оған қоса 11 патенттің, селекциялық жетістік бойынша 15 авторлық куәліктің иегері. Елімізде шығарылған жаңа көшім және мұғалжар тұқымды жылқылардың бастаушы авторы, «жем» ішкі тұқымаралық түрінің бас авторы. 1989 жылы Серікбай Сағитжанұлы басқа авторлармен бірге көшім жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 2 томын шығарды. 2003 жылы мұғалжар жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 1 томын жазып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырды.

Мұғалжар тұқымын шығару барысында отандық жылқы өсіру бағытындағы жылқы зауыттарының зоотехникалық тәжірибесінде бірінші рет, дүние жүзінде теңдесі жоқ, өнімділік қасиеті өте жоғары «Зубр» және «Бархат» зауыттық аталық іздері шығарылып бекітілді (1986 ж.). Зауыттық бағыттағы «Баз» және «Парадный» зауыттық аталық іздерімен он аналық топ негізінде қазақы жабы жылқының жаңа «Қайыңды» зауыттық түрін шығарып, мемлекеттік бекітуден 1995 жылы өткізді. Аталмыш еңбектердің нәтижесінде 1998 жылы жаңа мұғалжар жылқы тұқымы шығарылды. Жылқының көшім тұқымында бірінші рет «Крепыш» және «Гром» асыл тұқымды айғырларының аталық іздері шығарылды (патент №187, патент №186, авторлық куәлігі 769,75. 2011 ж).

Ал 2015 жылы көшім тұқымының «Ақтөбе» зауыттық тұрпаты және «Самоцвет» асыл тұқымды айғырының аталық ізі шығарылды (патент №585, патент №586).

Серікбай Сағитжанұлы ең алғашқы болып жергілікті жағдайда өсірілетін жылқылардың ет-сүт өнімділігін арттыру мақсатында мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының алдағы 10 жылдық жоспарын жазып, өндіріске ұсынды.

Айналайын дана қазағымның сөйлеген сөзі, айтқан ақылы, тілеген тілегі, берген батихасы ата-бабамыздан бізге дарығанына ризамыз. «Аңсап келер ағаң болса, аруағың барын содан біл, іздеп келер інің болса, бақытың барын содан біл» дейді халқымызда. Ұлы даланың даналығын өз санасына сіңіріп қана қоймай, соңынан ерген шәкірттеріне дарытып, арналы азаматтық жолмен жүріп келе жатқан, еңбегі мен өмір жолы өнегелі, халыққа да, билікке де сыйлы, кемел тұлға Серікбай Сағитжанұлын ұстаз, ғалым, азамат ретінде ерекше құрметтейміз. Оның жоғары интеллектуалдық қарым-қабілеті, білім-білігі мен пайым-парасаты көпке мәлім. Ұзақ еңбек жолында өзінің табандылығымен, адалдығымен, жігерлі де белсенді еңбекқорлығымен жас мамандарға өмір бойы өнегелі боларлықтай ғұмыр кешіп келеді.

«Ер азамат жан жарының, жанұясының қолдауынсыз биікке ұша алмайды» дейді халқымыз. Бұл Бақыт апамыздың да қарапайым, ақжарқын ағамызға жансерік болып, бүкіл өмірін балалары мен немерелеріне білім мен тәрбие беруге арнап келе жатқанын дәлелдейді. Серікбай ағамыздың жоғары білімді, салмақты да салиқалы ұлдары – Асқар, Талғат, Қалыбек, Толыбек халқымызға қалтқысыз қызмет етуде. Ағамыздың ақ маңдайларынан сипап, аталық батихасын беріп отырған 11 немересі де желкілдеп өсіп келеді.

«Өмірдің екі тірегі – үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» десе, қазір біздің халқымызға ең қажетті нәрсе – ұрпақ өсіру, жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерді санасына сіңіре өсіру және ынтымақ-бірлікке тәрбиелеу жолында Серікбай Сағитжанұлының еліне бергенінен берері әлі де мол.

Қазыбай БОЗЫМОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың құрметті ректоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,       

Қазақстан Ұлттық  жаратылыстану академиясының академигі, Халықаралық  инженерлік академияның   академигі


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика