Аудандағы тұңғыш чемпионат

Күні , 20 рет оқылды

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Сырым ауданында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Чемпионатқа Орал қаласының құрамасы, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі мен спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жанындағы ауыр атлетика үйірмелерінің шәкірттері, Қазталов ауданы мен осы ауданға қарасты Жалпақтал ауылының құрамасы және Сырым ауданының құрамасынан барлығы 60 шақты спортшы қатысты.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыр атлетиканың тарихы 2006 жылдан бері басталады. Осы жылдың ішінде облыстан онға жуық спортшы ҚР Спорт шебері атағын қорғады. Ал Сырым ауданындағы ауыр атлетика үйірмесі аудан әкімдігінің қолдауымен 2017 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастады. ҚР Спорт шебері, жаттықтырушы Рауан Бүркітов жаттықтыратын сырымдық жас ауыр атлеттер нәтижені көп күткізген жоқ. Бүгінгі күні олардың алды облыстық ашық чемпионаттың жеңімпазы атанып үлгерді. Ауыр атлетика бойынша БҚО облысының аға жаттықтырушысы Дәурен Байтөреевтің айтуынша, ауыр атлетика бойынша жарысты Сырым ауданы тұңғыш рет қабылдап отыр. Бұл – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы ауыр атлетика үйірмесі жұмысының алғашқы  табысы.

Жарыс жұлқа көтеру және серпе көтеру кезеңдері бойынша жүрді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыстың жабылу салтанатында марапатталды. 85 келіге дейінгі жеңімпаздар қатарында Арнұр Нұрланов, Нұрғазы Мақанов, Мұрат Бажекенов, Рулан Сариев, Сержан Хамидолла, Әділжан Нұртаев, Ораз Жұмағали, Өтепберген Әли, Арман Ізтілеуов, Бекет Жарбосын, Ержан Жұмағалов бар. 85 келіден жоғары сайыскерлердің арасында оралдық Виктор  Тарасов чемпион атанды. Осы сияқты жарыстың қыздар арасындағы жеңімпаздары болып Жасмина Мұратова, Алтынгүл Бекетова, Гүлсезім Алғазиева, Айымгүл Елемесовалар танылды. Байқалып тұрғандай, зілтемір спортына ықыласты әрі жеңімпаз атанған жасөспірімдердің дені – өзіміздің қазақтың балалары. Ауыр атлетиканың олимпиадалық спорт түріне жататынын ескерсек, бұл спорттан алдағы олимпиада чемпиондарының есімдері де қазақша болуы керек. Ауыр атлетикадан өңірлерде чемпионаттардың өтуінің, аудандарда үйірмелердің ашылуының арғы жағында осындай ұлттық  мұрат  жатыр.

Чемпионаттың ауыр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздары ҚР чемпионатына жолдама алды.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика