ҚАЙДА БАРЫП ОҢАДЫ? садақада карта ойнаған бұл қазақ…

Күні , 190 рет оқылды

Жанайқай!

«Мұндай көргенсіздікті көргенше көзім шықсын» дейтін қазағым бүгінде жүгенсіз кеткен сорақылыққа да, шектен шыққан дарақылыққа да  әбден көзі үйреніп болған секілді. Жанға жара, санаға салмақ салар келеңсіздіктерді күнделікті көрген сайын ұяттан өлер боласың, дәрменсіздігіңе күйініп, бейшара күйге түсесің.

Айтпасқа амалың, жазбасқа шараң қалмайды. Қоғамды дендеген жүгенсіздікті бүгін ауыздықтамасақ, ертең кеш боларын айтпай-ақ түсінесің. Оны бәріміз де білеміз, біле тұра «бұл тек маған ғана керек пе?» деп басымызды шекпеніміздің ішіне тығамыз. Азаматтан ар кетіп, ақ жаулықтан абырой кетер күннің аз-ақ алдында жүрсек те, «көппен көрген ұлы той» деп бейқамдық танытудамыз. Бізге дейін бұл тақырып сан рет жазылып, мың рет айтылды да. Бірақ соның нәтижесі қане? Жазғанды кімдер оқып,  сабақ алды, айтқанды кімдер тыңдап,  ақылға тоқыды? Баяғы жартас сол жартас, жол көрсеткенді жөн демейміз, білмейтінімізді білсем демейміз. Сонда біз қайда бара жатырмыз, қандай қоғам құрудамыз. Әлқисса. Ойымызды сабақтап, санамызды толғантқан мәселелерге көшейік. «Тірінің ажалдан құтылары жоқ, өлгеннің ол жақтан оралғаны жоқ» деп тереңнен ой қозғайтын дана халқымыз бұл дүниенің бағамын әлдеқашан бағамдап, орын-орнына қойып қойған.

Бақи мен жалғанның, жақсы мен жаманның, адамгершілік пен арсыздықтың аражігін айырып, өз ұрпағына осының бәрін өсиет қылып кеткен. Осындай кемеңгер, дана халқымыздан туылған ұрпақтардың бүгінгі тірлігіне қынжыла қарап, іштей күйінесің. Жол көрсеткеннің соңына ермей, жүгенсіздікке бой алдырған ағайынды қалай түсінуге болады. Ата сақалы аузына түскен ақсақалдарымыздың артынан ерген ел-жұртына ақыл айты, өнеге болып отырудың орнына, садақаларда ақша салып,  карта (құмар ойын) ойнап отырулары қалай?!  Бұл бойға сіңген жаман әдет пе, әлде жақынын жоғалтып, қара жамылып отырған ағайындарды сыйламаушылық па? Адам деген садақа беріп жатқан үйге артының қайырын тілеп, садақаның қабыл болуын Алладан көп болып тілеу үшін келмейтінбе еді?

Туған күйеу баласының «жетісінде» жетпістен асқан қайын атасының ақша салып,  карта ойнағанын кім көрген? Қайтқан баласының «жылын» бере отырып, үй толы қонақтармен қосылып, карта ойнап отырған ата-ананы қалай түсінуге болады? Бүгінде садақаға қатысып, аруаққа дұға бағыштап отырған молданың ескертпесіне құлақ асып, Алла жолындағы амалдарды тыңдауға асыққан жамағатты көрмейсіз. Керісінше, ақша толы әмиандарын қолына ұстап, оңаша бөлмеге тығылуға асыққан құмар ойнаушыларды жиі байқайсыз. Бұл бүгінде жаппай үрдіске айналып бара жатқан жаман індет. Қарқылдай күліп, ұтқан-ұтылғанын айтып, даурыққан жұртқа жанындағы басқа адамдардың қандай күйде отырғандары тіпті қызық та емес. Сонда бұлар садақаға нендей мақсатпен келіп отыр? Тоя тамақ ішіп, көптен көріспегендері әңгіме-дүкен құрып, карта ойнағандары ақша ұту үшін келген бе? Мұның садақаға қандай қатысы бар? Бүйтіп берілген садақа қалайша қабыл болмақ?

Шала той жасап, садақа беру дәстүрімізді аяққа таптатқанша, оның орнына марқұм рухына бағыштап аят оқытып, жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға неге садақа таратпасқа. Қазір қарап отырсам, кешегі өзім қатысқан марқұмның «жылын» беру садақасына 70-ке жуық адам қатысыпты. Садақа өткізілетін орын мен азық-түлікке жұмсалған жалпы қаражатты есептесеңіз, 200 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсалыпты. Осы қомақты қаржыны 10-15 мың теңгеден бөліп, мұқтаж жандарға таратып берсе, бұл садақаның сауабы мың есе артқан болар еді.

 Ізгілік пен жамандықты біз қалайша айыра алмаудамыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда Алланың ақ жолымен жүріп, иман жинаудын орнына, ақша салып, карта ойнап жүрген ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға айтарымыз, бұларыңыз өте ұятты іс. Ағайынның садақасына келдіңіз бе, пендешілігіңізді тыйып, айналасы 2-3 сағаттық шарада сабыр сақтаңыздар. Ертеңгі күні сіздің де шаңырағыңызға қаралы күн жеткенде, төріңізде карта ойнап, қарық-қарық күліп отырған жұртты қалар ма едіңіз?!  Жоқ. Қаламайсыз. Ендеше, сіз де басқалардың қайғы-мұңын түсініп, жылы сөзіңізбен жұбатыңыз, қамқор ісіңізбен қайғыны жеңілдетуге тырысыңыз. Бұл — иман жолы және сауапты іс.

Мұрат    Жұмағали,

Теректі ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика