2.04.2018, 23:43
Қараулар: 267
Командалық есепте екінші орын

Командалық есепте екінші орын

Наурыздың  25-30-ы  аралығында  Қостанай  қаласында   қоғам­­дық-гуманитарлық  бағыттағы  пәндерден  республикалық  оқу­шылар  олимпиадасы  өтті.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­парлар» бақ сынаған зияткерлік сайысқа еліміздің барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық бі­лім
беру мекемелерінен, «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» ұлттық бі­лім беру және сауықтыру ғылы­ми-практикалық орталығынан бар­лығы 602 оқушы қатысты. 10-11-сынып оқушылары олимпиаданың алғашқы кезеңінде барлық пәндер бойынша жазбаша тапсырмаларды орындаса, екінші кезеңде тест сұрақтарына жауап берумен қатар, екі шапшаң кезең (блиц тур) сынақтарынан өтті. Бұл аталмыш олимпиаданың басты ерекшелігі болатын.

Өңірімізден республикалық пән­дік олимпиадаға жолдама алған 23 оқушы ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтап, жоғары білім деңгейін таныта білді. Қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын және орыс тілдері, Қазақстан тарихы және құқық негіздері пәндері бо­йынша жеңімпаз атанып, жал­пы­командалық есепте екінші орынға табан тіреді.

Оқушылардың жетістігін атап айтсақ, Әсия Зұлқарнаева (№34 мек­теп-гимназиясы), Жансая Әлиева (№38 мектеп-лицейі), Нұр­лан Ай­сұлтан (дарынды балалар­ға ар­налған мамандандырылған об­лыстық мектеп), Орынбек Нұр­пейісов (Сырым ауданы, Жыра­құдық мектебі), Саида Сайынова (№35 мектеп-лицейі), Даяна Сәр­сенғалиевалар (№7 мектеп) үшін­ші орыннан көрінсе, Айнұр Нау­кенова (С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-ин­тернат кешені), Адам Петри (Бі­лім-Инновация мектеп-лицейі ин­тернаты), Есбол Мұратов (Білім-Ин­новация мектеп-лицейі интернаты), Томирис Айтенова (№38 мектеп-лицейі), Диана Айбола­това (№38 мектеп-лицейі) жүлделі екінші орынға ие болды. Ал Зеленов ауданы Дариян мектебінің 10-сынып оқушысы Данияра Ға­лиева мен сырымдық Альбина За­кина (Қ. Мырзалиев атындағы мектеп, 10-сынып) бірінші орынды жеңіп алды.

– Алматы, Астана қалалары­ның, барлық облыстың үздік оқу­шыла­ры­мен білім жарыстыру
оңай­ға түспеді. Әйткенмен, жал­пы­командалық есепте екінші орын алсақ, әрқайсымыз жеке-жеке жеңіске жеттік. Өзім «Қазақ­стан тарихы» пәні бойынша сынға түсіп, үшінші орынға ие болдым. Мықтылардың ортасында сы­нал­­дық, үйренгеніміз де көп. Көп достар таптық, – дейді дарынды балаларға арналған маман­­дандырылған облыстық мек­теп
тің 10-сынып оқушысы Нұрлан Айсұлтан.

– Жалпы, осындай олимпиа­далардың бізге берер пай­дасы зор. Осы кез­ге дейін жинаған бі­-
лімімізді көрсе­тіп, ба­ғы­мызды сы­нап қайттық. Қызық­ты тапсыр­маларды орындап, өз мүмкін­діктерімізді көрсеттік жә­не білі­мімізді толықтырдық. Осы орайда алғысымды ұстаздарыма айтқым келеді, – дейді Сырым ау­данына қарасты Жы­ра­құдық мек­те­бінің 11-сынып оқушысы Орынбек Нұрпейісов.

 

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»