30.03.2018, 22:33
Қараулар: 78
Қызыл су қаупі тұрақты бақылауда

Қызыл су қаупі тұрақты бақылауда

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  төраға­лығымен  облыстық су  тасқынына  қарсы  штабтың  кезекті  отырысы  өтті.  Онда  бір апта бұрын  өткен  штаб  отырысында  су тасқынының  алдын  алу  шараларына  қатысты  берілген  тапсырмалардың  орындалуы  және  қауіп  төндіретін  учаскелерге  қатысты  қандай жұмыстар атқару  қажеттігі  пысықталды.

Алдымен ауа райы және су тасқыны болжамы бо­йынша «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Данияр Исмурзин баяндама жасады. Оның ұсынған мәліметіне сүйенсек, өңірде қаң­тар-ақпан айларында қар аз жауды, сондықтан жердің тоңы те­реңдеген. – Өңірдегі тоңның қа­ту тереңдігі 15 наурызда Орал қаласында 129 см болса, қазір 126 см, Шыңғырлауда екі апта ішінде 137-ден 127 см-ге түскен. Кей жерлерде тоң жіби бастаса, кейбір жерлерде керісінше көрініс байқалады. Мысалға, Дариян ме­-

те­остансасында тоң тереңдігі 2 см-ге өсіп, 119 см-ге, Федоровкада  тоң 80-нен 86 см-ге жетті.  Ал қар қабатының қалыңдығы Январцев ауылында 51 см болса, ең төменгі көрсеткіш Шыңғырлау мен Жаңақалада 20 см. Ал облыс орталығы Оралда қар қалыңдығы 35 см шамасында,   Тайпақта – 29,   Жәнібекте – 95, Бөрліде – 105, Январцевта – 103, Ақсайда 83 сантиметрді құраған. Өзендердегі мұз­дың қалыңдығы түрліше 7-74 см аралығында.  Бүгінде Қалдығайты өзенінде су деңгейінің көтерілуі – 62 см, Утва өзенінде – 43 см. Өз­ге гидробекеттерде су деңгейі­нің көтерілуі айтарлықтай емес, тәулігіне 4 см көтерілгені тіркел­ген. Орал қаласы тұсындағы Жа­йық өзеніндегі мұздың жарылуы 8-13 сәуір аралығында болады деп күтілуде. Қазір қала тұсында­ғы өзеннің мұз қабатының қалыңдығы 39 сантиметрді құрайды. Жа­йық өзенінің су деңгейінің көте­рілуі 500-600 см болады (орташа межесі 591 см жағдайында) деп кү­тілуде.

– Бүгін «Қазгидрометтің» ор­та­лық аппаратынан келген мәлімет бойынша, облыс аумағында 31 наурыз – 6 сәуір ара­лығында күн жылынуына, қардың ер­уіне, жа­уын-шашын­­ның түсуі­не және ауа температу­расының көте­рілуіне байланысты су қой­­ма­ларында мұздың еруі, су деңгейінің көтерілуі жә­не су тас­­қыны болуы ық­-
ти­мал, – деп ескертті Д. Исмурзин.

Басқосуда БҚО төтенше жағдай­­лар департаменті басшысы Жас­лан Жұмашев су тасқыны­ның алдын алу шаралары туралы баяндады. Атал­мыш департаменттің жедел тобы өзендердегі ық­тимал су тасқыны жағдайына күн сайын мониторинг жасап отыр. Бұл жөніндегі ақпарат тұрғындар үшін аталмыш департамент сай­тына салынады. Баяндамашы­­ның айтуын­ша, Атырау облысы­нан алынған мә­лімет бойынша Атырау қаласы тұсындағы Жайық өзенінде мұз еріп, қозғала бастаған. Тайпақ ауылы тұсындағы Жа­йық­тың мұз қа­баты қарайған. Өңір­де қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бү­гінде 502 мың текше метр қар шығарылып, 16 765 тек­ше метр қар суы сорылды. Өзен­дерде мұз кептелісі болмауы үшін 215 мың шаршы метр ауданнан 34 346 ойық ойылды. Облыс әкімі департамент басшысы­нан мұзды жар­ған немесе мұзды кескеннің қайсысы тиімді екенін
сұ­рап, нақ­тылады. Ж. Жұмашевтің айтуынша, мұзды жарған­нан гөрі кескен тиім­ді. Өйт­кені қаржы үнемде­ле­ді, уа­қыт көп жоғал­майды әрі қор­шаған ортаға залалсыз. Мұзды жару тек қиын жағ­дайда  ғана  жүргізіледі. Сондай-ақ республикалық ма­ңызы бар аутокөлік жолдарындағы барлық су өткізгіш тұрба тазартылып, ашылған. Ал жергілікті ма­ңы­­зы бар жолдардың 86 пайы­­зы тазартылды. Бұл бағыттағы жұ­мыстар әлі де жалғасуда. Наурыз­дың 25-інен бастап облыстағы бар­лық азаматтық қорғаныс жү­йесі жоғары дайындық режіміне
көшірілді. Осы режім әлі сақта­лады. Наурыздың 1-інен бастап департаментте облыстық штаб тәулік бойы кезекшілік етеді. Күн­делікті жедел ақпарат басқару құрылым­дарына, тұрғындарға депар­та­мент сайты арқылы жеткізіліп  отыр.

Төтенше жағдайлардың ал­дын алу және оны жою жұмыстарына 97,5 млн. теңге қаралған. Соның 5,8 млн. теңгесі игерілді. Департамент басшысы өзендердегі қа­уіпті деген жерлердің анықта­лып, оларға кезекшілік қойылға­нын және алдағы уақытта төтен­шеліктердің қызметі үш ауысымда жүргізілетінін жеткізді.

Облыс әкімі төтеншеліктердің бас­шысына ықтимал су тасқыны жағдайының басқа да жағдайла­ры, соның ішінде мұз үстімен су жүру, мұз кептелісі болуын ескеруді тапсырды. Күннің жылынуына байланысты су қоймаларын­да­ғы мұздың астын су жеп, үстін жел мүжіп, күн сайын жұқарып жатқанын, сондықтан адамдарға сақтық шараларын сақтауды, мұз үстімен жүрудің қауіптілігін жет­кізуді шегелеп тапсырды.

Жиында қала әкімі Мұрат Мұ­қаевтың облыс орталығы Оралда­ғы су тасқынына қарсы атқа­рылған шаралар жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, қала­дағы коммуналдық қызмет орындары екі ауысымда жұмыс істеуде. Қар шығару, су сору жұмыс­тарына 100 техника  және 375 адам тартылған. Облыс әкімі қаладағы қауіпті  аудандардың жайы туралы сұрап, нақтылады. Бұған М. Мұқаев су басу қаупі бар қа­ланың Жұлдыз, Балауса, екіншіт Жұмысшы ауданы, Ескі қала, Ыс­қырықтау (Свистун гора), Курени аудандарында тиісті жұмыстар­дың тұрақты жүргізіліп отырғанын айтты. «Жағдай бақылауда. Қа­-
зіргі жағдайға байланысты қала тұрғындары үйлердің суға кеткені жөнінде жалған хабар бере­ді. Коммуналдық қызметтің жұ­мыс­шылары барса, үйлерінің жанындағы немесе септиктегі су­ды тазалауды сұрайды. Сондықтан тұрғындардан онсыз да бір қо­лын екі ете алмай жүрген жұмысшылардың жұмыстарын қиын­дат­пауды сұрар едік», – деді қа­-
ла басшысы.

Облыс басшысы қала әкіміне жеке тұрғын үй иелері коопера­тивтерімен жұмыстанып, көп қа­батты үйлердің маңын су баспауы үшін жұмыстану керектігін айтты. Сондай-ақ облыс әкімі М. Мұ­қаевқа күні кеше қалада үстіне мұз сүңгісі түсіп қайтыс болған азаматтың отбасына барып, жағ­дайын біліп, көмек көрсетуді тапсырды.

Жиынға онлайн режімінде қа­тысқан аудандардың әкімдері де су тасқынының алдын алу жұ­мыс­тары жайында баяндады. Бар­лық ауданда қар шығарылып, тиісті шаруалар жасалуда. Облыс әкімі оларға малдың жем-шөптен та­рықпауын қадағалауды, шалғай ауылдардың жағдайын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар басқосуда Бөкей ордасы ау­данының әкімі Нұрлан Рахымжа­нов Бисен ауылы маңындағы қызыл судың кесірінен жолдағы қиын жағдайдың жойылғанын баяндады.

Аталмыш штаб отырысында об­лыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов су құбырлары мен құдықтарға еріген қар суы құйылып, түрлі аурулардың таралуына себеп болуы ықтимал екенін алға тартты. Сондықтан ол аудан-ауылдарда, елді мекендер­де су таситын көліктермен ауыз су тасуды ұйымдастыру жә­не қар суы құйылған жағдайда су құбыр­ларын залалсыздандыру қажетті­гін  ұсынды.

 

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»