30.03.2018, 22:29
Қараулар: 151
Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» ең алдымен әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің ұсынысына сәйкес «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, сол арқылы облысымызда да мыңдаған тұрғын баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алатын болады.

Облысымызда тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жоспарлы жүзеге асуда. Өткен жылы өңірі-мізде 392,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал биыл 304,0 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланып отыр.
Былтыр тұрғын үй құрылысы Бөрлі ауданында қарқын-ды жүргізіліп, оның аумағы 48 374 мың шаршы метрді құрады. Зеленов ауданында 18 658 мың шаршы метр, Теректі ауданында 16 605 мың шаршы метрді құраса, Орал қаласында 269 139 мың шаршы метр баспана салынды. Сонымен қатар өткен жылы ауылдық елді мекендерде 113 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған болатын. Мәселен, Ақжайық ауданында 6, Бөкей ордасы ауданында 10, Қазталов ауданында 22, Сы-рым ауданында 24 және Шыңғырлау ауданында 35 үй бой көтерді. Ағымдағы жылы Жәнібек, Теректі, Қаратөбе, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.

Облысымызда мойнына алған міндетін мінсіз атқа-рып, сенімді ақтап жүрген құрылыс компаниялары қатарында «Альтаир», «СКФ Отделстрой», «KCG», «Болашақ-Т», «ПМК-117», «Жиенбай», «Уральскводстрой» сынды ЖШС-лар және «Домостроитель» ӨҚ бар. Ал салынып жатқан нысанның құрылыс сапасын техникалық қадағалау мен авторлық қадағалауды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізеді.

ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі №1004 қаулысы негізінде Орал қаласында «СВ плюс» және «Болашақ-Т» ЖШС-лар үй құрылысы комбинаттарын құрып, жұмысын бастаған болатын. Соған орай қазір үйлер жоғары сапада салынып, құрылыс мерзімі қысқаруда. Сонымен қатар құрылысқа жергілікті өнімдер қолданылады.

Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде төрт панельді үй қолданысқа берілді және кірпішпен толықтырылған үш каркастық-монолиттік үй бой көтерді. Сонымен бірге кірпіш үйлер де тұрғызылуда. Аталмыш екі үй құрылысы комбинатының және кірпіш зауытының өнімдеріне деген  сұраныс  жоғары.

Әлеуметтік нысандардың да салыну қарқы жақсы. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық қор қаражаты есебінен екі білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Олардың бірі Деркөл кентіндегі 600 оқушыға арналған мектеп болса, екіншісі, Орал қаласындағы 300 баланы қамтитын №4 орта жалпы білім беретін мектеп. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауданының орталығында 100 орындық мектеп-интернаты, Жәнібектегі Ақоба ауылындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал салынды. Сондай-ақ Теректі ауданындағы Подстепный ауылында 300 орындық мәде-ниет үйі, Зеленов ауданына қарасты Калинин ауылында 160 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бөрлі ауданындағы Кеңтүбек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен Успенде медициналық пункт бой көтерді. Бұл нысандардың игілігін халық көріп, ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосары сөзсіз.

 

Арман ӨКСІКБАЕВ,

облыстық құрылыс басқармасының басшысы