30.03.2018, 22:26
Қараулар: 142
Цифрландыру мемқызмет сапасын арттырады

Цифрландыру мемқызмет сапасын арттырады

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев бейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайын баяндады. Сонымен қатар облыс орталығындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен де бөлісті.

Орал қаласының аумағы 73,1 мың гектарды құрайды. Соның ішінде елді мекен жері – 10,9 мың га, өнеркәсіп, транпорт санатындағы жер –  2,5 мың га, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 48,9 мың га, ал қор жері – 3,9 мың гектар.

Мұрат Рахметұлы жеке тұрғын үй үшін жер телімдерін беру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екендігін баса айтты. Бүгінгі таңда Орал қаласында 71 426 адам жер телімі кезегінде тұр. Шаһар басшысының айтуынша, дайындалған алаңдардың болмауына байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жұмыстары 2012 жылдан қазіргі кезге дейін тоқтап тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру соңғы рет 2010-2012 жылдары жүргізіліп, сол уақыт аралығында әзірленген түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес Деркөл кентінен берілген. Осылайша 2000-2012 жылдар аралығында 15 мыңға жуық азаматқа жалпы көлемі 1 496,72 га жер телімі беріліп, Орал қаласында ПДП-2, ПДП-3А, «Солтүстік-Шығыс», «Жұлдыз», «Балауса», «Болашақ», «Арман», «Көктем», «Кең дала» және «Сары тау» шағынаудандары бой көтергені белгілі. 2004 жылдан бері жер кезегінде тұрған оралдықтар тиесілі жер телімін алар  күнді  асыға  күтіп  жүр.

– «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі – 2017-2021 жылдарды қамтиды. Қазір Круглоозерный ауылдық округі аумағында түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес 1145 жер телімін дайындау көзделіп отыр. Алайда жер телімін беру жол,  табиғи газ, ауыз су, электр желісі сияқты инженерлік инфрақұрылымдар тартылып, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталған соң ғана басталады. Үкіметтің талабы солай. Инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандардың құры-лысын 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында бастауды көздеп отырмыз, – деді Мұрат Рах-метұлы. Жер кезегінде 71 мыңнан астам адамның тұрғанын ескерсек, жоспарланған 1145 жер телімінің теңізге тамған тамшыдай ғана екені  айтпаса  да  түсінікті.

2011 жылдың шілде айында ҚР Жер кодексінің 50-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері жалдау шартымен тек екі жыл мерзімге ғана беріледі. Үкі-меттің мұндай қадамға баруына азаматтардың жеке меншікке ал-
ған жер телімдерін ұзақ уақыт игермеуі немесе алып-сатумен айналысуы басты себеп болып отыр. Бұдан былай жер телімдері тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін ғана азаматтың жеке менші-гіне  ауысады.

ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы және коммерциялық бағыттағы жер учаскелері конкурстар мен аукциондар арқылы беріледі. Бүгінге дейін Орал қаласында аукционмен 17 ком-мерциялық бағыттағы жер телімі берілсе, сәуір айында 10 жер телімінің жалдау құқығын сату жөнінде  аукцион  өткізілмек.

– Орал қаласының аумағында 165 бау-бақша серіктестігі орна-ласқан. Тұрғындардың дені заң талаптарын жетік білмегендіктен, өздерінің жер телімдерін заңдастырмаған. Рұқсат беретін құ-жаттары болмаса да, жер телімдерін мақсатты пайдаланып отыр. 2016 жылдың 6 мамырындағы «Жер заңдылығының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа байланысты біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке бере алмаймыз. Мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде бо-лады, – деді қала әкімі.

Иесіз жатқан, пайдаланылмаған немесе заң талаптарын өрескел бұзып пайдаланылған жерлерді анықтау нәтижесінде 2016-2018 жылдары 123 иесі жоқ жер телімі анықталып, есепке алынған. Олар сот шешімі арқылы мемлекет меншігіне  қайтарылатын  болады.

Қаланың сәулет саласын цифрландыру бағытында «Орал қала-сының электронды сәулеті» интернет ресурсы іске қосылаты-нын айтқан Мұрат Рахметұлы тұрғындардың өткен жылы қолға алынған цифрлық жобалардың артықшылығын қазірдің өзінде сезініп отырғанын атап өтті.

– «Орал қаласының электронды сәулеті» интернет ресурсы күн сайын үзіліссіз жұмыс жасайтын болады. Нәтижесінде қызмет алушы мен қызмет ұсынушының арасында тікелей байланыс болмайды, құжаттарды ұсыну, қабылдау және беруге уақыт кетпейді, уәкілетті қызметкерлердің жұмысы қадағаланады, мемлекеттік қызметтерге «7/24» қағидасында қол-жетімділік пайда болады.

Өткен жылдың соңында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен жер телімдерін таңдау актісін келісу үрдісі толық автоматтандырылды.  Енді құжат рәсімдеу толығымен автоматты ре-жімде жүргізіледі. Нәтижесінде қызметті алу  мерзімі 2-3 айдан 5-10 күнге дейін қысқарды. Қазіргі таңда аталмыш жобаға 19 мекеме-ұйым тартылды. Сонымен қа-тар «Қолжетімді әкімдік» жобасы аясында азаматтарға 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. Операциялық зал ашылған күннен бастап 40364 адамға қызмет көрсетілген. Орташа есеппен күніне 300-ге жуық қала тұрғыны келеді. Қызмет көрсету деңгейін арттыру, транспорентті жүйені қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығын жетілдіру басты назарда, – деп атап өтті  Мұрат  Мұқаев.

 

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»