30.03.2018, 22:21
Қараулар: 103
Сары алтындай сазандар қайда кетті?

Сары алтындай сазандар қайда кетті?

– Алматыда қыдырып жүріп, үлкен лауазымдық қызмет атқар­ған, зейнеткер, жерлес ағамызға сәлемдесіп шығуға ниет еттім, — дейді бір танысым. Есікті ағаның өзі ашып:

— Жаңақаладансыңдар ма? Кә­дім­гі біздің Жаңақаладан! Қайран ауыл! Ел есімнен кетпейді. Жүгі­ріп ойнаған сары құм, суына шабақ­ша жүзген өзен-көлдер… Айтқандай, сары сазандары әлі бар ма? Жөр­гек суым төгілген жерді ойла­сам, сары сазандары да түсіме кі­реді. Ондай дәмді балықты басқа жерден жеп көрмеген сияқ­ты­мын. Шіркін-ай!..

Елге деген сартап сағынышы көзінен де, сөзінен де аңғарылған аға балаша қалбалақтап, іздеп келген інілеріне алғысын жаудырумен болыпты.

Жаңақаланың сары сазан­да­ры­ның тіл үйірер дәмі мен молдығы туралы бүгінде естелікке айнал­ған мұндай әңгімені көптеп кел­ті­ру­ге болады.

— «Ақсеркеде» жүргізуші болып жүрген кезім. Ресейден генералдар келетін болып, командир бізді бір офицер қосып, балық аулау­ға жұмсады, үш адамбыз. Қызыл­жар­ға келдік. Су айналмамен ағып жатыр екен. Сүзіп көрмек болып, бір қолайлы жайманы таңдап, сү­­зу­ге кірістік. Жағаға жақындаған­да, сүз­гі аудың іші қазандай қай­нап кет­ті. Мұндай мол балық көрмеген біз­дің есіміз шықты. Тартып шы­ғара алмай, біраз әбі­герге түстік. Құлаш-құлаш сары сазандар, кісі бойындай жайындар. Екі сүзгенде машина қорабы толды, — дейді бір жерлесіміз. Бұл бұрын балықтың мол бол­ғанына дәлел еді.

Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Со­нау аштық кезінде дәлелден­ген ақиқат. Кешегі Ұлы Отан соғы­сы кезінде де көп адамның ба­лық­пен жүрек жалғап, аштық­тан аман қалғандарын қазіргі қа­рия­лары­мыз жыр етіп айтады.

— Қос өзеннің балығы қиын ке­зеңде елдің ырысына айналып еді, — деп еске алады Сайран Ахметов ағамыз.

Көздің құрты болған Жаңақа­­ла­ның балығы кімді қызық­тыр­ма­ды. ХХ ғасырдың сексенінші жыл­дары Қа­ра­өзен бойындағы Сарыкөл ауылы жанынан Ресей­дің Куй­бы­шев әс­кери гарнизоны арнайы кешенді демалыс орнын салуы да соның бір айғағы болса керек.

Сол дәмі бөлек мол балық бү­­гін бар ма? «Бар!» деп ауыз тол­ты­­рып айта алмаймыз. Неге?

Бірінші себебі – аудан жерінде­гі көптеген өзен-көлдерге су түс­­­пей, құрғап қалуы. Атап айтсақ, ба­­лы­ғы мол Қамыс-Самардың бар­лық көлдері соңғы жылдары тегіс құрғап, балығы қырылып, құс пен аңы ауып кетті. Жаңаталап көл­дері, Айдархан, Мәстексай және Жаңақазан округіндегі көлдер­дің біразы құрғап, соры бетіне шы­ғып, Арал теңізінің тағдырын бас­тан кешуде. Балық түгілі, сол көл­дер­ді айнала қоныстанған елдің де жағдайы мәз емес. Бұл шеші­мі қиын мәселеге айналды. «Кісіде­гі­нің кілті аспанда» де­ген, Ресейден ке­ле­тін суға балық түгілі, халық қа­та­лап жүргені баршаға аян жай.

Жаңақала балығының соншама азайып кетуінің екінші себебі – кәсіби аулауда балық қорғау­­дың талаптары сақталмады. Ақша­­ға құныққан ба­лық­­шы­лар тар көз­ді ау­мен көл­дерді сыпыра сүзді. Жа­­рам­ды­сын алды, жарамсыз ша­­бақ­­тар кері суға жіберіл­мей, жа­ғада қалды.

Үшінші себебі – қазір аудан ау­мағындағы барлық өзендер мен көлдер жалға беріліп кетті. Жал­ға алушылардың жергілікті аза­мат Қажымұрат Борашевтан бас­қа­сы жалға алу талаптарын сақ­тап отыр­­ған жоқ. Қоғалы көлін жалға ал­ған Қажымұрат Борашев алдымен көлге су түсіріп, су деңгейін сақтауға жұмыстанды. Сондай-ақ Қо­ғалы кө­ліне жыл­ма-жыл шабақ жіберу, олардың өсуін қадаға­лау міндетін де мүл­тіксіз орындап отыр. Қоға-
лы кө­лінен балық аулауға тосқа­уыл қойып, қыста балықтың тұншық­пауын да қадағалауда. Ен­ді біразырақ жылда Қоғалы көлі балыққа толып, ел ырысына айналарына тұр­ғындар сенімді.

Ал басқа жалға алушылар мұны істеп отыр ма? Жоқ! Олар ақша төлеген адамға балық аулауға рұқ­­сат береді және ауланған ба­лық­ты жеңіл бағамен өздері сатып ала­ды. Жалға алған көліне шабақ жіберіп, өсіру, көл суының тайыздап, қыста бауырлап қа­­туын болдырмауға шара алу жетіс­­пей­ді. Бұл жаны ашымастықтың кө­­рі­­ні­­сі емес пе?!

Балық санының азаюына үлес қосып жүрген жерлестеріміз де аз емес. Олар – жергілікті кәсіпқой балықшылар. Бұлар да балықты көбірек ұстаса болды, басқасы­на бас ауыртпайды. Мысалы, жергілікті кәсіпқой балықшылар ба­ғасы арзан қытай ауын бірнеше жүз метр етіп құрады. Ауды шы­ғарғанда бұлар да ауға түскен ба­лықтың үлкенін алып, уағын жа­ға­­ға қалдырып кетеді. Бол­ма­са, құны бірнеше есе өтелген қы­тай ауын жинауға ерініп, құ­ру­­лы күйін­­де қалдырып кете береді. Қытай ауы шірімейді. Түскен балық өліп, ші­ріп, суды сасытып тұра береді.

Соңғы жылдары көктемде келген судан балық көрмейсің, тіпті жы­бырлаған тірі жәндік болмай­ды. Құдды өлі су дер­сің. Неге?

Бұрын көктемде тасыған сумен балық келіп, жаймаға шығып, ауыл адамдары шаншып, қолмен ұстап, қарық болатын еді-ау!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еті ерекше дәмді келе­тін Жаңақала балығы қазір тым азайып кетті. Ұзындығы құлаш-құлаш, түр-түсі сары алтындай са­зандар көзден бұлбұл ұшты. Жер­гілікті балық­шылар уақтау ба­лық­тарды ғана әкеліп сатып жүр. Бұ­рынғы өзен-көлдердегі мол балық, дәмі тіл үйірген сары сазандар туралы әңгіме естелікке ай­на­лып барады…

 

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы