30.03.2018, 22:18
Қараулар: 140
1 сәуір – Халықаралық құстар күні «Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар, Ұяламын қарауға көк аспанға!»

1 сәуір – Халықаралық құстар күні «Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар, Ұяламын қарауға көк аспанға!»

Халықаралық құстар күні 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвенцияның бекітілуінен кейін атап өтіле бастады. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға, аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салуға немесе шектеу қоюға, құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған.

Құстар – табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, ез жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен бай­лықтың, сұлулық пен сән-салтанаттың белгісі болған.

Табиғаттың қысқы ұйқыдан оянуын танытатын көк­тем хабаршысы Құстар күні мерекесі кей дерек­тер бойынша алғаш рет бұқаралық мереке ретінде 1894 жылы АҚШ-та өткізіледі. Бұл мейрам қарқынды түр­де газет басылымдарынан жарық көріп, АҚШ-тың бас­қа да штаттарына, Еуропаға да жеткен.

(Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)

 

Құста сүт бола ма?

Әрине, «Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ» деген халық мақалына сүйенетін көпшілік бұл сұраққа ойланбастан жоқ деп жауап берері даусыз.

Ерте заманнан-ақ құс сүті қол жетпейтін нәрсенің символы ретінде белгілі. Алайда құстың сүті өмірде бар нәрсе екен. Кептер балапан басып шығарған кезде оның жемсауында қою сүтке немесе сұйық сүзбеге ұқсас ақшыл түсті бір қоспа түзіледі. Осы сүтімен олар балапандарын асырайды. Жұмыртқа қабығын жаңа ғана жарып шыққан кептер балапандары ұзын тұмсықтарын аналарының жұтқыншағына сұ­ғып жатқанын көруге болады. Үй көгершіндерінің жемсауынан сүт бөлінуі он сегіз күнге де­йін созылады. Одан әрі өсіп келе жатқан балапандары басқа азық түрлерімен қоректенуге кө­шеді. Ал жабайы көгершіннің балапандарын сүтпен қорек­тен­діру мерзімі ұзағырақ. Кө­гер­шін сү­ті­нің құрамы да өзге сүт­қо­рек­ті­лердікіндей ақуыз, май секілді негізгі заттардан құ­ра­­лады және олардың пайыз­дық мөлшері ай­тарлықтай жоғары болады. Құс сүтінің құнарлылығы, оның ұр­пағы үшін маңыздылығы сондай, онымен қоректенген балапан­дар екі күннің ішінде екі есеге де­йін салмақ қосады. Ал ата-ана­сы­ның жемсау сүтімен қо­рек­­тен­бе­ген кептер балапанда­ры әрі қа­рай өмір сүре алмайды.

Бір қызығы, балапандарын жемсау сүтімен қоректендіру кө­гершіндерден бөлек қоқиқаз­­дарға, тотықұстардың бірқата­рына, сондай-ақ пингвиндердің кейбір түрлеріне тән құбылыс екен.

 

Ғылыми әдебиеттер және ғаламтор материалдары негізінде даярлаған:

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ