30.03.2018, 22:15
Қараулар: 137
«Батыс» пен «Экстрим» – регата жеңімпазы

«Батыс» пен «Экстрим» – регата жеңімпазы

Орал  қаласындағы  №42 «Ақ ниет»  мектеп-гимназиясында математика  пәні  мұғалімдерінің  арасында  республикалық «Мате­матикалық  регата»  олимпиадасы  өтті.  Облыстық  білім  басқар­ма­сының  ұйымдастыруымен, «Дарын»  республикалық ғылыми-практикалық  орталығының  қолдауымен  өткізілген  ша­раға  елі­міздің  барлық  облыстарынан  математика  пәнінің мұғалімдері   келіп  қатысты.

Регатаның салтанатты ашылуында облыстық бі­лім басқармасы бас­шысы­ның орынбасары Зәуре Ғұ­ма­рова қатысушыларға сәттілік ті­ле­ді. Қазылар алқасының төраға­сы, доцент Өтебай Құспанов­тың мә­лімдеуінше, республикалық дең­гейдегі «Математикалық регата» алғаш рет Батыс Қазақстан облысында өткізілуде.

– Өңірімізде «Математикалық ре­гата» осыдан он бес жыл бұрын оқушылар арасында ұйымдасты­рылған болатын. Бүгінде олим­пиада 5-11-сыныптар аралығын­да облыстық деңгейде жүйелі өт­кізі­ліп ұрады. Ал аудандық мектеп­терде бастауыш сыныптар ара­-
сында мектепішілік жарыстар өткізіледі. Математика оқушылар­­дың техникалық ғылымдарға қы­зығу­шылығын арттырады, – дейді Өтебай  Құспанұлы.

Мұғалімдер арасындағы «Мате­матикалық регата» олимпиадасы да алғаш рет 2012 жылы облысымызда бастау алған. Аймақ­тық деңгейдегі олимпиадаға Қазақ­стан­­ның батыс облыстарының мұғалімдері қатысқан. Ұйымдас­ты­рушылар математикалық жарыс ұстаздардың білімін терең­детуге, өзара тәжірибе алмасуға септігін  тигізеріне  сенімді.

– Еліміздің 14 облысынан және Ас­тана, Алматы қалаларынан бар­лығы 17 топ қатысты. Әр топтың құрамында математика пәнінен  сабақ беретін төрт мұғалім болды. Төрт кезеңнен тұратын жа­рыстың әр бөлімінде геометрия, алгебрадан қиындатылған үш тапсырмадан берілді. Мақсатымыз – еліміздегі үздік математиктерді аны­қтап, олардың есеп шығару тәсілімен бөлісу, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практика­лық орталығының педагогикалық- инновациялық зертхана басшысы  Айгүл  Каркулова.

Биылғы жарысқа қатысу үшін Ресейдің көршілес қалаларынан өтініштер келіп түскен. Алдағы уақытта аталмыш шараны халық­аралық деңгейде өткізу жоспар­ланып отыр.

– Республикалық жарысқа ал­ғаш рет қатысып отырмыз, сон­дықтан алдын ала дайындалдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жи­нал­ған үздік әріптестерімізбен таны­-
сып, іскерлік қарым-қатынас орнатамыз деп ойлаймын. Жа­рыстың өту барысын бағамдап, ал­да­ғы уақытта өз облысымызда ұйымдастырғымыз келеді, – дейді Пав­­лодар қаласындағы «Жас да­рын» мамандандырылған мектебінің мұғалімі  Ертас  Байсарин.

Хадиша Бөкеева атындағы об­лыстық қазақ драма театрында өткен қорытынды кешке облыс әкі­мінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

– Математикалық регатаны өт­кізу идеясы Жайық өңірінен бастау алып, республикалық деңгей­де министрлік тарапынан қол­дау тапты. Елбасымыз білім саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Өйткені елдің экономика­­лық дамуы сапалы адам капиталына байланысты. Ал адам капиталы­ның негізгі көрсеткіштерінің бі­рі – білім. Біздің мемлекетіміз бі­­лім­ге қара­жат үнемдеген емес. Бұл сөзіміз­ге облыс бюджетінің 46
пайызы білім саласына жұмса­л­тыны дәлел, – деді Ғабидолла Аб­доллаұлы.

Олимпиада нәтижесінде бірінші орынды облысымыздың «Батыс» және Ақтөбе облысының «Экс­трим» командалары жеңіп ал­ды. Екінші орынды Алматы қа­ласындағы республикалық физика-математикалық мектебі, Атырау облысының «Тетраэдр», Жам­-
был облысының «Лидер 179» командалары иеленді. Ал үшінші орын астаналық «Самғау», шы­ғыс­қазақстандық «Шығыс» коман­даларының  еншісіне  бұйырды.

 

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»