30.03.2018, 22:12
Қараулар: 128
Орал – оның еңселі ескерткіші

Орал – оның еңселі ескерткіші

Жақсыдан  із  қалатыны  туралы  халық  даналығы  осы  орайда еске  түседі. Біздің  облысымызға  Мұстахим  Біләлұлы  Ықсанов­тың  басшы  болып  келуімен   байырғы  Оралдың   жаңа  тынысы  ашылды.

Кешікпей Мемлекеттік құрылыс комитеті төр­аға­сының орынбасары, Қа­зақстан Сәулетшілер одағының төрағасы Р. Сейдалиннің және әл­гі комитеттің сәулет басқарма­сы­ның бастығы В. Гребеньнің қаты­суымен, Орал қаласын қайтадан салуға арналған мәжіліс өтті. Сонда бірінші хатшымыз Ықсанов жолдас бізге стратегияны белгілеп берді. Жайық бойында биік үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандары көрікті, көшелері кең, жол­дары түзу, алаңдары мен сквер­­­лері ескерткіштерге толы қала бой түзеуі керек. Ал жаңағы ғи­мараттардың бәрінде осы қала­ға тән нақыштар болуы шарт.

Мені сол жиналыстың өзінде Мұстахим Біләлұлының біліктілі­гі қуандырды. Ол заманда Кеңес ода­ғы монолитті үй құрылысына мән бермейтін. Жаңа бірінші хатшы болса, біздің назарымызды дәл осы монолитті, көпқабатты үй­лер құрылысына аударды. Жә­не сырғытпалы қалыптарды қолдануды ұсынды. Мұның өзі құры­лыс қарқынын тездетуге мүмкін­дік берді. Ленин даңғылын кеңей­ту жобасын өзі қарап берді. Сол кездегі басты құрылыс ала­ңы болған Дзержинский көшесінен салынатын зәулім үйлерге батасын беріп отырды деуге болады. Сосын көрген елдің бәрінен ұят­ты етіп келген әуежайдың орнына жаңа әуежай ғимаратын жобалау мен салуға кірістік. Оның іші мен сыртындағы интерьер мен фасадтың әр деталіне көңіл бөлді. Айшықтау мен әрлеу материалдарын өзі таңдады деуге болады. Мұндай талғампаздықты басқа нысандар салу барысында да танытты. Теміржол бекетін салар кезде, оның жобасы еш қала­дағыға ұқсамау талабын қойды. Қайталанбаған соңы жоба жаса­дық. Ал автобекет типтік жобадан алынса да, жергілікті жағдай­ға қатысты көптеген өзгеріс жасадық. Одан кейін қала ішінде­гі жекелеген мекемелердің ғима­раттарын салуды бастадық. Олар­дың көбі типтік емес, тыңнан жасалған жобалар еді. Кейін басшымыз қаланың әр тұсынан тұр­ғын үй аудандарын жобалауды тапсырды. Алғашқы қарлығашы «Строитель» болған мөлтек ау­дандар кешікпей қанатын жая бас­тады. Сонымен бір мезгілде мұндай аудандарға негізгі инженерлік коммуникациялар мен же­лілер тартылды.

Мұстахим Біләлұлы осы жұ­мыс­тармен бірге көлік жолда­рына, олардың жақсы тараммен тар­мақталуына көңіл бөлді. Соның арқасында Орал Батыс Қазақстан­дағы ірі жол торабына айналды. Басшының көрегендігін сәулет­шілер қауымы мен ұжымдары то­лық мойындады. Мұстахим Біләлұлы бірде Қазақстандағы Атырау мен Ресейдегі Илецк аралы­ғын­дағы алып жағалауда қанша көпір бар екендігін сұрады. Санап керегі не, сол екі орталықта Жайық­тан өтетін жалғыз көпір болатын.

– Демек, екінші көпір салуды қолға алуымыз керек, – деді об­лыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы.

Аймақтағы көмірсутегі шикізатын өндірудің артуын айтпаған­да, аграрлық-өнеркәсіптік саясат үшін жаңа екінші көпірдің мәні ерекше болатын. Көрегендіктің тағы бір мысалы – Ықсановтың Орал-ІІ теміржол стансасын да­мытуы. Осының бәрінің арқа­-
сын­да Орал қаласы Еуропа мен Азия тоғысқан тұстағы әсем қа­ла­ға айналды. Әрі екі құрлық­тың көлік қатынасындағы маңызды то­рап болып қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі ұрпақта­ры ұмытпас ескерткішті тұрғызу­ға үлгеріп кетті. Ақиқатын айтар болсақ, ол кісі Орал қаласын өзі үшін емес, дәл осы ұрпақтардың  болашағы үшін салғызып еді…

 

Евгений  КИЗИЛОВ,

Орал  қаласының  бұрынғы бас  сәулетшісі