30.03.2018, 22:09
Қараулар: 114
Көктайғақта құлап қалмаңыз!

Көктайғақта құлап қалмаңыз!

Көктем –  жылдың  ең  әдемі  мезгілі. Қыс аяқталып, көктем келгенімен,  ауа райы  мүлдем  тұрақсыз.  Таңмен  қар  жауып, түскі уақытта  күн  шығып  тұрса,  кеште  бірден  суытып  кетеді.

Көктемгі мұз өте қауіпті, ол қысқы және күзгі мұз­дан ерекшеленеді. Күзгі мұздың үстіне тұрғанда ол сытырлап, қауіптілігін ескертеді, ал көктемгі мұз еріген суға нық толып, адамның салмағын көтере алмайды. Мұндай мұз аяқ астынан  бірден  жарылып  кетеді.

Су тасқыны кезеңі өте қауіпті, мұнда әр адам қарапайым қа­уіп­сіздік ережелерін сақтап, мұқият болуы тиіс.

Облыс және қала су айдындарында БҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары өзен­дердің жағаларына құлаған ағаш­тар мен бұталарды кесу, мұздың қалыңдығын азайту бойынша профилактикалық жұмыстар жасап жатыр. Бұл жұмыстар мұз еру кезінде мұздың кептелісін болдырмайды.

Бүгінгі таңда Жайық, Шаған және Деркөл өзендеріндегі мұз кептелісі болуы мүмкін 35 аймақта, қала маңында және Ақжайық ауданының Чапаев, Первомай, Зеленов ауданының Белес, Переметный, Зеленый, Мичурин, Тасқала ауданының  Тасқала елді мекенінің маңында мұз кесу жұмыс-тары атқарылды. Қазталов ауда­нының Жалпақтал елді мекенінде мұз кесу жұмыстары жалғасуда. Мұздың қалыңдығын азайту жұ­мыстары 209 840  м2 аймақта ат­қарылды.

Көктемгі су тасқыны кезінде көбінесе мектеп жасындағы балалар қауіпті жағдайға тап болып жатады. Үлкендердің қарауынсыз қалып қойып, қарапайым қауіп­сіздік ережелерін білмеген олар жағаларда тентектік жасауға әуес. Осындай жағдайлардың ал­дын алу мақсатымен құтқарушылар қа­ла және облыс оқу орындарының білім алушыларымен профилак­тикалық сабақ өткізеді.

Құтқарушылар осы жылдың ақпан айынан бастап Орал қала­сы мен Ақжайық, Қазталов аудандарының оқу орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Облыстық білім басқармасының ақпараттандыру орталығында 52 орта мектептің оқушыларымен онлайн режимінде «Көктем кезіндегі мұздағы қауіпсіздік ережелері және су тасқыны кезеңіндегі ха­лықтың әрекеті» тақырыбындаинтерактивтік  сабақ  өткізді.

Сонымен қатар құтқарушылар БАҚ-пен тығыз жұмыс жасауда. Телебағдарламаларға және ра­дио­эфирлерге қатысып, профи­лак­тикалық мақалалар жария­лап, үйлердің маңын су басудан алдын алудың жолдары, көктемгі су басу кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелері жөнінде  айтуда.

Аталмыш жұмыстар су басу қау­пі толығымен жойылғанға дейін жалғасын таба бермек.

 

Құтқарушылар  ескертеді:

Көктемгі мұз жүру мен су тасқыны кезінде ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:

  • су айдындарына шығуға;
  • су жүру кезінде өзен бойымен жүруге;
  • мұз кептелісі болған аумаққа жақындауға;
  • құлап кетуі мүмкін жағада тұруға;
  • мұз кептелісіне жақындауға, жағадағы мұздақтарды итеруге;
  • өзен немесе кез келген су айдынының тереңдігін өлшеуге;
  • мұздақтардың үстіне мінуге немесе олармен сырғанауға.

Есте  сақтаңыз:

  • Көктемгі мұзда құлап кету оңай;
  • Жағаға жақын жерлерде мұз тез сынып кетеді;
  • Қар жамылған көктемгі мұз тез опырылып  кетеді.

Өз өміріңізді қауіп-қатерге тікпеңіз! Өзендердегі су еру басталысымен, су айдындарында қауіп­сіздік  ережелерін  сақтаңыздар.

 

М. БЕРКАЛИЕВ,

БҚО ТЖД  жедел-құтқару жасағының  №3  ҚБ  басшысы