Сәрсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен актив жиналысында облыс әкімінің орынбасарларына қатысты лауазымдық өзгерістер мәлім етілді.
«Өңір-орталық» ротациясы бойынша ҚР Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіндегі комитет төрағасы қызметіне ауысуына байланысты БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы кезге дейін атқарып келген қызметінен босатылды.
Арман Кәрімұлы облыстың екі ауданын, ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. 2014 жылы облыс әкімінің орынбасары болса, соңғы үш жылдан аса облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келді. Актив отырысында облыс әкімі Алтай Көлгінов Арман Кәрімұлына өңірде атқарған қызметі үшін әріптестер атынан шынайы ризашылығын білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі.
ҚР Президенті әкімшілігінің келісіміне сәйкес БҚО әкімінің бірінші орынбасары лауазымына
осыған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Игорь Стексов тағайындалды. Ол 2015 жылдың қаңтар айынан бастап облыс әкімінің кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.
– Игорь Стексовтың ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу саласы бойынша үлкен тәжірибесі бар. Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген Елбасының тапсырмасын орындайды, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетеді деген сеніміміз мол, – деді Алтай Сейдірұлы.
Ал Игорь Стексовтың орнына ҚР Президенті әкімшілігінің келісіміне сәйкес 2017 жылдың қаңтарынан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарып келген Миржан Сатқанов тағайындалды.
Миржан Мұнайдарұлы 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Түркия Республикасы Докуз Ейлюл университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып бастап, 2001-2006 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, 2006-2010 жылдары «Қазақстан Халық банкінің зейнетақы жинақтау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары, сондай-ақ 2011-2012 жылдары «БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, 2012-2017 жылдар аралығында облыстық кәсіп-
керлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар «өңір-орталық» ротациясына сәйкес облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босатылды.
– Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» көрсетілгендей, кәсіби аппарат құру жолында біз әрдайым меритократия қағидасын ұстанып келеміз. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне ауысқан Игорь Валерьевич үш жылдан аса облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Облыстағы кәсіпкерлік саласына жауапты мемлекеттік құрылымдарда жетекші маманнан басқарма басшысы деңгейіне дейін қызмет атқарған Миржан Мұнайдарұлы осы сала бойынша облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалып отыр.
Ең басты міндет – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінен туын-
дайтын тапсырмаларды сапалы орындау. Бұл орайда мен сіздердің мол тәжірибелеріңізге сенім артамын, – деді жиында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Қалдыру жауабы бар