19.03.2018, 22:31
Қараулар: 70
200 мың текше метрге жуық қар шығарылды

200 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Орал қаласы Зашаған кенті Сарытау шағынауданы маңындағы қар суының ағуына арналған арна толықтай аршылып болуы жақын. Осы арнадан аққан қар суы Орал – Саратов тасжолының іргесіндегі ка­налға құйылады. Бұл жайында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тухватов хабарлады. Ол су арнасын тазалау жұмысын көруге келген облыс әкімі Алтай Көлгіновке қазіргі уақытта қала аумағынан 200 мың текше метрге жуық қар шығарылғанын айтты. Былтыр 500 мыңнан астам текше метр қар тасылған.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың сө­зінше, 100-ден астам техника, яғни 60-қа жуық КамАЗ,
19 қар тиегіш сияқты техника түрлері күн сайын екі ауысымда қар шығарумен қарқынды айналысуда. Сондай-ақ бұл жұмыстарға «Жайық таза қала» ЖШС-ның 300-ден астам қыз­мет­кері жұмылған. Оларға күн сайын 200 студент ерікті түрде көмекке келеді. Мем­­лекеттік ме­кемелер мен кә­сіп­орын қыз­меткерлерін қоса ал­­ған­да, мыңға жуық оралдық қар аршуда жүр. Қала басшысы кәсіпкерлік нысандары мен тұр­ғын үй ауласынан шығарылған қардың техникалармен тасылып жатқанын айтты. Сая­жайлар ау­мағында тасқынның алдын алуға қатысты нұсқаулық парақтары таратылуда.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс тобына қала аумағындағы су тасқыны болуы ықтимал бар­лық учаскені аршып, бақылауға алуды, әлеуметтік нысандар мен көп қабатты үйлердің және қала ішіндегі жеке баспаналардың айналасына түскен қалың қарды тазалау керектігін айтты. Су тасқы­ны қатеріне байланысты тұр­ғын­дар қаперіне салып отыру үшін бейнеролик  түсіруді ұсын­ды. Алтай Көлгінов арықтар ар­қылы аққан су топанға ұласпауы үшін Орал – Саратов жолы бо­йындағы су арнасындағы қарды техникалармен ысыруды тапсырды.

Облыс әкімі бастаған жұмыс то­бы Зашаған кенті аумағындағы жаңа жылыжай құрылысы ма-
­­ңын­да қазылып жатқан арықты көрді. Ұзындығы бір шақырымға жуық­тай­тын жаңа арықты қазу­ға құры­лыс компаниясының өзі мүдделі болып, техника шығарған.

Зашаған кентінің әкімі Әділбек Қадыров кент аумағында ұзын­ды­ғы 20 шақырымнан асатын арық жүйесін тазартуға жастар белсене үлес қосып жатқанын айтты. Үй ауласынан қар шығаруға өтініш біл­­діріп жатқан тұрғындар бар. Қа­рия­лар­ға, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға, жалғызбасты адам­дар­ға ерік­ті­лер көмектесуде. Әкім­нің ай­туын­ша, Балауса шағын­ау­данындағы көше бойын­дағы жол астына су өт­кіз­гіш құбырлар орнатылуда. Қа­зір­ Зашаған­нан шыға­рыл­ған қардың көлемі 20 мың текше метрден асқан.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар