19.03.2018, 21:54
Қараулар: 130
Өнерлі қыздар мен өнегелі жеңгелер

Өнерлі қыздар мен өнегелі жеңгелер

Орал  қаласындағы  Оқушылар  мен  жастар  сарайында  облыстық  «Өнерлі қыз,  өнегелі  жеңге»  сайысы  өтті.  Дәстүрлі  байқауға  Орал  қаласы  мен  аудандардан  іріктеліп  келген  9-11-сыныпта  оқитын  қыздар  мен  олардың  жеңгелері  қатысты.

Халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, өнегесін насихаттап,  отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайыс төрт бөлімнен тұрды.  «Өнерлінің қолы алтын»  кезеңінде  үміткерлер  өздері  жасап әкелген  қолөнер бұйымдарын көрмеге қойды. «Бірлігіміз жарасқан» атты екінші бөлімде жеңгелер мен қайын сіңлілер  бейнеролик арқылы отбасын таныстырды.

Жанұядағы қайын сіңлі мен жеңгенің арасындағы татулық, бірлік, отбасылық құндылықтар көрініс тапқан қойылымдар көрсетілді. Дастарқан әдебі, ибалылық жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Ал «Өнегелі жеңге» бөлімінде жеңгелер  ситуациялық сұрақтарға жауап берсе, «Өнерліге өріс кең» кезеңінде үміткерлер өнерлерін  ортаға  салды.

– Біріншіден, баршаңызды қазақтың жаңа жылымен құттықтаймын. Қазақ ежелден  жылдың  басын  көрісуден бастаған. Балаларыма, немерелеріме қазақ халқы туған күнін тойламағанын жиі айтамын. Өйткені олар көрісу мейрамында ғана «жасыңа бір жас қосылуымен» деп бір-бірін құттықтаған. Сондықтан бүгін түркі жұртының туған күні. Осы орайда ұйымдастырылып отырған бұл сайыстың орны ерекше. Бала тәрбиені, ең алдымен, отбасынан алады. Салт-дәстүрді, иба, әдепті бойына жиған келін ғана ұрпағына ұлттық тәрбиені бере алатыны белгілі. Бірінен-бірі өткен өнерлі де өнегелі, ақылды жеңгелер мен қайын  сіңлілердің ішінен үздігін  анықтау бізге қиынға соқты. Үміткерлер  болашақта ескере жүрсін деп  бір-екі ескертпе айтқым келеді. Қазақта  жасөспірім қыздар мен ақ босаға аттаған келіндердің киетін  қиімдері бөлек болған. Жеңгелер  бастарына орамал не желбегей таққан, ал қыздар тақия,  үстеріне қысқа кеудеше киген. Осыны ескерсеңіздер екен деймін. Сонымен қоса үстеріңіздегі  ұлттық нақышпен тігілген концерттік көйлектерді күнделікті киюге болатындай етіп  тіксеңіздер жақсы болар еді. Өйткені біз ұлттық нақыштағы киімдерді мейрамдарда, салтанатты шараларда ғана киеміз, – деді  қазылар алқасының мүшесі,  ҚР мәдениет қайраткері, өлкетанушы  Сара  Танабаева.

Қазылар алқасының шешімі бойынша көрермендерді өнерімен, ақылдылығымен тәнті еткен ақжайықтық Айсұлу Қабашева мен жеңгесі Зухра Құсайынова (суретте) бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орын бөрлілік Меруерт  Дүйсенбі мен жеңгесі Гүлшат Төлеубаеваға және жаңақалалық Құралай Сәрсенова мен жеңгесі  Әсел Мырзақұловаға бұйырды.

Ал үшінші орынды  бөкейордалық  Ділназ Жасқайратова мен жеңгесі Динара Еділбаева және оралдық Сәния Ниетжан мен жеңгесі

Айымгүл  Таскенова бөлісті.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар