19.03.2018, 21:51
Қараулар: 53
Әлеуметтік сараптаманың маңызы зор

Әлеуметтік сараптаманың маңызы зор

Өткен  сенбіде  Достық  үйінде  кеңейтілген  отырыс  өтті.  Оған ҚР  Президенті  жанындағы  мемлекеттік  қызмет  академиясы   этносаралық  және конфессияаралық  қатынастар  орталығының  басшысы  Айгүл  Сәдуақасова,  облыс  әкімінің  орынбасары  Игорь  Стексов  және  облыстық  ассамблеяның  құрылымдық  бөлімшелерінің  жетекшілері,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.  Басқосуда  ұлтаралық  жағдайға  мониторинг  жасау  мәселесі  сөз  болды.

Жиында А. Сәдуақасова әлеуметтік сараптаманың қоғамдық келісім саласында маңызы өте зор екенін айтып, бір сауалнамада респонденттердің «Кімнің қай ұлтқа жататынын не анықтайды?» деген сұраққа халықтың 49,8 пайызы «әкесінің ұлты» деп жауап қайтарғанын жеткізді.

Отырыста баяндама жасаған М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, БҚО ХҚА жанындағы ғылыми сараптама тобы басшысының орынбасары Олег Юровтың айтуынша, әлеуметтік сараптама жұмысы өңірде ұдайы жүргізіліп, халықтың жағдайы қоғамдық сауалнама бойынша анықталып, соған орай, тиісінше қорытындылар жасалады. Сараптама барысында Ақ Жайық өңірі тұрғындарының ұлттық құрамы, әлеуметтік сипаты, ұлтаралық қатынастар мен мемлекеттік құрылымдарға, қоғамдық ұйымдарға көзқарасы және басқасы есепке алынған. Мәселен, халықтың көші-қон бойынша елден басқа жерге қоныс аударушылардың басым көпшілігі оның себебін жұ-мыссыздық және өзге мемлекеттегі ағайын-тумасымен қауышумен байланыстырады екен. Сауалнамаға қатысқандардың дені облыстағы ұлтаралық қарым-қатынастарға қалыпты деген баға берген. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын сұрау салынғандардың тоқсан пайызы оң бағалаған. Ассамблея жанындағы қоғамдық кеңес және аналар кеңесі әзірге жоғары бағаға ие болмай отыр. Оны  О. Юров бұл құрылымдардың енді ғана танылуымен түсіндіреді. Сұрау салынғандардың 84 пайызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына оң баға берсе, 90 пайызы қазақ әліпбиін латын жазуына көшіруді қолдайды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Еділ-Жайық қазақтары» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, ғылым  докторы Владимир Салов ой-пікірлерін  білдірді.

– Ақпараттық-сараптамалық талдау қашанда маңызды. Сараптамалық жұмыс талап деңгейіне сай. Тек ұсынарым – қазір сұраумен қамтылған 18 жастан жоғары 7200 адам меніңше аздық етеді. Келешекте бұдан да көп адам, соның ішінде сан алуан әлеуметтік топтардың өкілдері кеңінен қамтылғаны жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Жиын соңында облыстық ассамблеяның 2018 жылға арналған жұмыс жоспары және құрылымдық бөлімшелердің құрамы бекітілді.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар