19.03.2018, 21:48
Қараулар: 98
«Алтыншы бекет» көрерменге жол тартты

«Алтыншы бекет» көрерменге жол тартты

Жақында «Орал» сауда кешенінің кинозалында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің  тапсырысы бойынша қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп түсірген фильмнің жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда алар  орны зор» дейді  мамандар.

«Алтыншы бекет» фильмі болған оқиғаның желісімен түсірілген. Бұл кинотуындыға Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінің қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл бола білген. Осы жанқиярлық ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Бүгінде Ербол – Ұлттық  ұланның  сардары (офицері).

Түрменің қатал өмірі, адалдық пен сатқындық, батырлық пен қорқақтық  қоса өрілген аталмыш фильм шынайылығымен құнды. Әсіресе, экстремистік топтың қауіптілігі, жанашырлық сыңай танытып, «бауырым» деп бауырына тартқанымен,  жеме-жемге келгенде құздан лақтырып жіберіп, қарап тұратын, сатқындығы нанымды суреттелген. Кинода бас кейіпкер Ерболдың ескі досы Дәурен де тұтқындардың қатарында болады. Бір кездері бір мектепте оқып, бір қызға ғашық болған екі жігіттің екі түрлі тағдыры да көрерменін сан түрлі ойға жетелейді. Кинода бүгінгі күннің батыры атанған бекет жауынгері Ербол Отарбаевтың рөлін Санұржан Сүлейменов сомдаған.

Фильмнің тұсаукесеріне билік тізгінін ұстаған жауапты қызметтегі азаматтар, қоғам қайраткерлері, ішкі істер құрылымдары  мен Ұлттық ұлан ардагерлері, шоу-бизнес өкілдері, сондай-ақ подполковник Ринат Жұмалиев пен майор Салауат Қабдықұлов сықылды бейбіт күннің батырлары  қатысты.

Батыс өңірлік әскерлерінің басқарма бастығы, подполковник Мамай Құрмантаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары ерлігі үшін 150-ден астам әскери қызметкер мемлекеттік марапатқа ие болған.

Соның 40-тан астамы ордендермен марапатталған. Ал Ұлттық ұланның әскери қызметкері, полковник Қайрат Үмбетов Халық қаһарманы атанды. 2016 жылғы 5 маусым күні лаңкестердің Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімге шабуыл жасағаны белгілі. Міне, сол кезде өмірін қиған Берікжан Қалиев пен Досбол Сапар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ауыр жараланған Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне арнайы келген кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Еренова мен зайыбы Нұрсұлу Досқалиева, сондай-ақ өрттен адамды құтқарған майор Салауат Қабдықұлов, қарулы қылмыскерлерді ұстаған қатардағы жауынгер Қуаныш Сайлауовқа құрмет көрсетілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Қуаныш САЙЛАУОВ,

№5517 әскери бөлімнің қызметкері:

– Бұл фильмнің жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол деп есептеймін. Кино өте шынайы, болған оқиғаның желісімен түсірілгендіктен,  көрерменге жақсы әсер қалдырады. Тек осы киномен шектеліп қалмай, патриоттық бағыттағы фильмдер әлде де түсірілсе екен деген ұсынысым бар. Отанын, елін сүю, сол жолда басын бәйгеге тіккен жандар туралы түсірілген кино жас ұрпаққа үлгі-өнеге берері сөзсіз.

Азамат  ТӨЛЕПОВ,

облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы:

– Экстремизм, терроризмге қарсы көптеген кинолар түсірілді. «Алтыншы бекет» сол кинолардың ішіндегі шоқтығы биік  туынды. Фильмде актерлар өте жақсы таңдалған. Басына қиындық түскен адамның экстремистік топтың шырмауына қалай түсетіндігі нанымды суреттелген. Сондай-ақ ислам дініндегі салафиттік «Уаххабизм» ағымын ұстанғандардың тек  қара басын ойлайтындықтары, олардың адал дос бола алмайтындығы, қиын шақта тек өзін ғана ойлап, жанындағы адамды сатып жіберетін тұстары өте әсерлі. Сондықтан бұл фильмді жастар арасында көбірек насихаттау керек деп ойлаймын.

Жаһангер НАДЫРХАНОВ,

№5517 әскери бөлімнің  жауынгері:

– «Алтыншы бекет» фильмі  маған өмірде орын алған нақты фактілерге негізделгенімен  ұнады. Сын сағатта батыл шешім қабылдап, 21 қашқынға жалғыз өзі тосқауыл бола білген Ерболдың ерлігі бәрімізге үлгі. Біз кинодағы басты кейіпкерді мақтан тұтамыз.  Біздің мақсатымыз – Отанға адал қызмет ету. Сондықтан елін сүйген әр азамат осындай ерлікке барады деген сенімдемін.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар