19.03.2018, 21:22
Қараулар: 58
Ұлтымыздың ұлы ұстазын ресейлік ғалымдар зерттеуде

Ұлтымыздың ұлы ұстазын ресейлік ғалымдар зерттеуде

Таяуда  М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-да  орынборлық  ғалым Татьяна  Тугайдың  «Ахмет  Байтұрсыновтың  орынборлық  жолы» атты  кітабының  таныстырылымы  өтті.

Шарада сөз алған Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Татьяна Тугай сол өңірдегі орыс зиялы қауымының өткен ғасырдың басындағы еңбегі мен шығармашылық ізденісін зерттеу барысында қазақтың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсыновтың есімін құжаттардан жиі ұшырастырғанын айтты. Нәтижесінде оның жан дүниесінде атақты ағартушының өмірі мен қызметіне қызығушылық оянған. Оған А. Байтұрсыновтың Орынбордың орыс-қазақ мектебінде оқығандығы, осы қалада «Қазақ» газетін шығаруға қатысқандығы, Қазақстанның алғашқы астанасы – Орынбордағы қазақтың тұңғыш үкіметінің құрамында жұмыс істеп, ұлты үшін ұлан-ғайыр іс тындырғаны ұнаған.

Т. Тугайдың айтуынша, 1920-1925 жылдары еліміздің астанасы болған Орынбор сол кезден бастап күні бүгінге дейін Қазақстан мен Ресейдің, көрші екі ұлттың арасындағы рухани алтын көпір іспеттес. Сонымен қатар ол қазақтың тағы бір тамаша ұлы Міржақып Дулатовтың сол қаладағы еңбегі және Ахмет Байтұрсынов екеуінің достығы мен ынтымағы жайына да тоқтала кетті. Тек қазақ пен орыс емес, татар ұлтының зиялыларына да құтты мекен болған Орынбордың тәлімді шежіресінен мысалдар келтірді. Татьяна Тугай кітапты шығаруға демеуші Орынбор қаласындағы «Бәйтерек» қорының президенті, кәсіпкер Жаңабай Балабаевқа шын жүректен алғыс айтты. Содан соң БҚМУ-дың ғалымдары, педагогика ғылымдарының докторы, академик Абат Қыдыршаев, проректор Түймеш Дәрішева, БҚИТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, БҚМУ-дың жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры Әсет Тасмағамбетов, магистр Ернұр Аяпберген, 1-курс студенті Мирамгүл Оразбай аталмыш еңбекке байланысты ойларын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Шарада сөз алған «Бәйтерек» қоры басқармасының төрайымы Сәуле Тәнкішева өткен жылы шыққан осы ғылыми еңбектің әзірге орыс тілінде 1000 данасы жарық көргенін, оның енді 1000 данасы қазақ тілінде басылатынын хабарлады. Сәуле Совхозқызы аталмыш кітабының өткен жылы 27 қарашада Астанада, 17 желтоқсанда Орынборда таныстырылымы өткенін тілге тиек етіп, сонау алыстағы Польша елінен де оған ыстық ықылас барын қанағаттанғандық сезіммен айтты. Шараның соңында Татьяна Тугай мен Түймеш Дәрішевалар салтанатты түрде кітаптың тұсау кесу рәсімін жасады.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар