19.03.2018, 21:18
Қараулар: 39
Атмосфералық ауаға кешенді тексеріс жүргізіледі

Атмосфералық ауаға кешенді тексеріс жүргізіледі

Ақпан  айының  соңында  Бөрлі  ауданындағы  Бөрлі  ауылының тұрғындары  аудан  әкіміне  ауадағы  белгісіз  иістің  салдарынан  тыныстары  тарылып,  денсаулықтары  нашарлайтыны  туралы шағым  түсірген.  Жазылған  жайтқа  орай  БҚО  қоғамдық  денсаулық сақтау  департаментінің   мамандары  23, 27  ақпанда және 15 наурыз  күні  аталған  ауылға  барып,  атмосфералық ауаға жан-жақты  тексеріс  жүргізген.  Кеше  аталған  департамент басшысы  Жайдар  Құрманов  Бөрлі  ауылында  болып,  өткізілген тексерістің  қорытындысын  мәлімдеді.

– Бөрлі ауылы тұрғындарынан шағым түскен күннен бастап біздің тарапымыздан атмосфералық ауаға 105 мәрте тексеру-өлшеу жұмыстары жүргізілді. Бөрлі, Қанай, Бумакөл және Облавка ауылдарында жүргізілген тексерістерде ауаның ластануына байланысты нормативтік сәйкессіздік немесе күкірт сутек, азот және көмірсутектің қос тотықтарының белгіленген мөлшерден артуы байқалған жоқ. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігімен бірлескен түрде осы аймақта қажетті зертханалық тексеріс жүргізетін болады. Тексеріс барысында желдің бағыты ескеріліп, жел Ресей Федерациясы бағытынан болған кезде де тиісті зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Сол тексерістің қорытындысымен белгілі бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

Бұл ауылдағы ауаның ластануына Қарашығанақ мұнай өңдеу кенішінің ешқандай қатысы жоқ. Себебі, бұл ауыл мұнай кеніші аумағынан 70 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Ал мұнай өңдеу кешені маңындағы Ақсай қаласы, Дмитрово, Жарсуат, Приуралье елді мекендеріндегі тұрғындардан мұндай шағым түспеген. «Қазгидромет» қызметінің ақпаратына сәйкес аудан орталығы Ақсай қаласындағы ауаның ластануын бақылайтын арнайы стационарлық зертханада да ауытқулар анықталған жоқ. Белгіленген нормативке сәйкес күкірт сутектің ауадағы мөлшері 0,008 мг/м кубтан аспауы тиіс.

Ал жүргізілген тексеріс бұл көрсеткіштің Бөрлі ауылындағы мөлшері 0,001-0,002 мг/м куб шамасында екендігін дәлелдеді. Яғни, шектеулі рұқсат етілген шамадан 4-8 есе кем болып шықты. Орын алған жайттың түбегейлі шешімі 15 күндік зерттеулерден кейін нақты болады. Әзірге қобалжитындай ешнәрсе жоқ, – дейді Жайдар  Құрманов.

БҚО «Казгидромет» РМК филиалының директоры Нұржан Шиаптың мәліметінше, жағдайдың анық-қанығына толық көз жеткізу үшін облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының және облыстық  экология департаментінің мамандарымен бірге Бөрлі, Облавка, Қанай және Бумакөл ауылдарында, сонымен қатар РФ шекарасында 15 тәулік бойы күндізгі және түнгі уақыттарда кешенді тексерулер жүргізетін  болады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»