Тасқынның алдын алу жұмыстары пысықталды

Күні , 52 рет оқылды

Cенбі  күні  облыс  әкімінің  орынбасары Бағдат Азбаев, БҚО төтенше  жағдайлар  департаментінің  басшысы, генерал-майор Жасұлан  Жұмашев  пен  БҚО бойынша  РМК  «Қазгидромет»  филиалының  директоры  Нұржан   Шияп   іссапармен  Тасқала ауданының  орталығында  болды. Олар  су  тасқынының  алдын  алу  мақсатында  ауданда  атқарылып жатқан  жұмыстармен  танысып, қауіпті  деген  орындарды аралап  көрді.

Алдымен олар Тасқала ауылына кіреберістегі тасжол астындағы су сақиналарының жай-күйімен танысты.

– Кешегі боранның салдарынан көп қар түсті. Қазіргі таңда  жолдарды тазалау жұмыстары жүруде. Ауылішілік жолдардың 80 пайызы ашылды. Ал, енді Атамекен, Оян, Мереке ауылдары бағытындағы жолдар тазалануда. 12 наурыздан бастап ауыл ішіндегі қарларды шығаруды бастайтын боламыз. Кешегі күнгі боранға дейін  2300 тонна қар шығарылды. Сонымен қатар өзен еріген уақытта су еркін ағу үшін су жүретін жолдарды талдардан тазалау бағытында сенбілік ұйымдастырылуда, – деді аудан әкімі Санжар Әлиев.

Бағдат Оразалдыұлы бастаған жұмысшы топ Деркөл өзені бойындағы мұз кептелісінің қаупі  бар жерлердегі талдарды кесу, тазалау жұмыстарын көрді.

*   *   *

Бұл жұмыс тобы түсқайта Зеленов ауданында болып, көктемгі су тасқынына дайындық жайын пысықтады.

Аса маңызды мәселені пысықтай келген сала басшыларына аудан әкімі Асхат Шахаров қалыптасқан жағдай туралы баяндап, қауіпті саналатын аймақтарға бастап барды.

Алдымен Зеленый ауылы тұсындағы Деркөл өзені арқылы өтетін көпір маңын қадағалаған олар сең жүрген кезде мұз кептелісін болдырмау шараларын ақылдасты. Деркөл өзенінің нақ осы тұсы күн күрт жылынып, мұз еріген жағдайда Тасқала ауданы аумағынан келген мол суды өткізіп үлгере алмай, қалтарысқа кептелген сеңнің салдарынан өзен деңгейі көтеріліп, тұрғындарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Алдын алудың жалғыз жолы – өзен мұзын кесу арқылы ыдырату. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жасалған тапсырыс бойынша 15-16 наурыз күндері бұл аймақта мұз кесу шаралары жүргізілмек.

Сала басшылары өткен жылы Переметный ауылы тұсынан Деркөл өзені суын ұстауға арналған гидротехникалық нысанның да жағдайына қанықты. Бірнеше жыл бойы көктемгі тасқын су шайып, әбден кеңейіп кеткен өзен арнасы бекітіліп, белгілі деңгейде өзен суын сақтап қалу шаралары түбегейлі шешілген еді. Жаңа нысанның қарымы биылғы көктемде алғаш рет сыналмақ. Арындап  келген өзен суын жеткілікті деңгейде сақтап қала алса, ел үмітінің ақталғаны.

Аудан әкімдігінің азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы Ж. Мұханбетжановтың айтуынша, Жайық, Деркөл, Шаған, Емболатов, Рубежка, Быков өзен-дері маңында орналасқан 26 елді мекен қауіпті аймаққа енгізілген. Аталмыш ауылдарда барлығы 960-тан астам тұрғын бар.

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында аудан бойынша төтенше жағдайдың алдын алу және тұрғындарды ескерту шараларының жоспары бекітіліп, арнайы резервтен 3 016 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар 5 мың дана қап, 5 тонна дизелді отын, 3 тонна бензин, 300 тонна қиыршық құм дайындалған. Алда-жалда қауіп төнген аймақта қолдану мақсатында 22 мотосорғы, 21 жүзу құрылғылары, 15 генератор мен 11 жылыту пеші дайын. Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметінен шұғыл әрекет ету мақсатында 105 адам, 45 бірлік техника сақадай-сай тұр. Бетін әрмен қылсын, жағдай тіптен ушығар болса, негізгі күшке 17 сусорғы, 87 инженерлік, 48 эвакуациялық, 30 қосалқы, барлығы 182 техника жұмылдырылып, қосымша 377 адам күші қолданылмақ.

Әр ауылдық округте тасқынға қарсы жасақ құрылып, жауапты тұлғалар бекітілген. Тұрғындарды эвакуациялау мақсатында 46 мектеп, 33 ауыл клубымен келісім жасалған. Сондай-ақ төтенше жағдай орын алған кезде 16 кәсіпкер ыстық тамақпен қамтуға, 47 кәсіп иесі азық-түлік бөлуге, екі кәсіпкер ас-ауқат тасымалы үшін техника беруге уағдаласқан.

Кез келген жағдайда облыстан көмек күші жұмылдырылатынын айтқан сала басшылары ауа райының құбылуын ұдайы назарға алып, сақтық шараларын бәсеңдетпей, әбжіл қимылдау қажеттігін қаперде ұстауға назар аудармақшы.

Назгүл  СЕРІКҚЫЗЫ,

Нұржан  ДҮЗБАТЫР


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика