Діттеген жеріне жетпей діңкелеткен газеттер…

Күні , 92 рет оқылды

Айшылық алыс жерлерден хат пен сәлемдеме жеткізіп, алыстан хабар алғызып, жүйрік уақыттың ағымына қарамастан, қызмет атқарып келетін мекеменің бірі – аудандық пошта байланыс торабы. Ал бүгінде осы мекеменің қызмет көрсетуі халықтың көңілінен шығып жатқан жоқ десек қателеспейміз. Басқасын айтпағанның өзінде қып-қызыл ақшаға жазылған қыруар басылымның уақытында жетпеуі жиі айтылып жүр. Осының себебін және қандай қызметтер көрсететінін білу үшін аталмыш мекемеге арнайы ат басын тіредік. Біздің сауалымызға пошта бөлімінің басшысы былайша жауап берді.

– Біздің бөлім түскен хаттарды, сәлемдемелерді керекті жеріне жеткізіп отырады. Бұдан басқа пошталық жөнелтілімдер, ақша аудару, жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату, каталог бойынша тапсырыс қабылдау қызметтерін көрсетеміз. Бұған қоса бірнеше қаржы қызметтері бар. Оның ішінде зейнетақы қорынан зейнетақы төлемін жеткізу, коммуналдық төлем қабылдау, несие рәсімдеу мен төлеу, басқа ақшалай төлемдерді аударым операцияларын жүргізеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерден тіпті темір жол мен әуежай билеттерін де рәсімдеп, сатып алуға болады. Газет-журнал тағы басқа басылымдар жазылушылардың тікелей үйіне, жұмысына, мекемелерге немесе оқу орындарына уақтылы жеткізіліп отырады, – дейді аудандық пошта байланыс торабы басшысы Елена Геннадиевна.

Келген хаттар мен сәлемдемелерді, маңызды құжаттарды сұрыптап, тіркеудің өзіне біраз уақыт кетеді екен. Түскен сәлемдемені бірден керекті жеріне жеткізу пошташылардың маңызды ісі. Сөмкелерін иықтарына асынып, қытымыр қыс пен көктемнің көл-көсір күніне, жаздың аптап ыстығы мен күздің қара суығына қарамастан, пошта тасуда оңай емес. Әрине бірінші кезекте поштасын асыға күткен қалың елдің қамы тұр емес пе?! Күн-түн демей аяқтарын тоздырып, ауыл ішін аралайтын пошташылардың еңбегі зор. Алайда газет-журналдың тиісті жерге уақтылы жетпек түгілі, кейде мүлде бармайтындығы тағы бар. Бүгінде ол ауданымызда өзекті мәселеге айналды. Басылымдарға жазылған жерлестеріміздің көпшілігіне газет-журналдар уақытында жетпейтін көрінеді. Аудан әкімінің жылдық есебінде Достық, Аманкелді және Ақтау ауылдарындағы пошта бөлімшесінде арайы маман жоқтығы да айтылған еді. Ал арнайы курс оқып келген Достық ауылындағы маманды мекеме жұмысқа алмаған.

 – Поштаның уақытында жетпеуі мүмкін емес. Бізде арнайы пошта тасымалдау үшін тұтынушыларға қызмет көрсететін күнтізбелік жұмыс тәртібі бар. Аптасына екі рет мекеме көлігі және үш күн жалдамалы көлік ауылдық округтерге пошта тасымалдайды. Мекемеден пошта уақытында жіберіледі. Күні кешеге дейін Аманкелді мен Ақтау ауылдарында тасымал әкім аппаратының қызметкерлері көмегімен жүзеге асты. Қазір Аманкелді мен Достық ауылдарына қызметкер алынды. Жұмысқа қабылданбаған маман туралы айтсақ, ол тұрғынды біздің мекеме оқуға жібермеген. Бізде мұндай мүмкіндік те жоқ. Мұнымен қоса ол тек есепші курсын тәмамдаған. Біздегі қызметкерге қойылатын талап экономика, қаржы немесе заңгер мамандығын игерген, орта немесе жоғары білімді болуы қажет. Алдымен аудандық жұмыспен қамту бөліміне сұраныс жібереміз. Олардан түскен жұмысшы құжаттары облыстық «Қазпошта» филиалына жөнелтіледі. Жұмысқа тұрушы қаладан барлық тексерістен өтеді, – дейді Елена Сейтко.

Байланыс торабының басшысы осылай дейді. Ал, тұрғындар не дейді?..

Тельман МАШИРОВ,

зейнеткер Аманкелді ауылының тұрғыны:

– Мерзімді басылымдардың жай келетін рас. Оны әкімнің есептік кездесуінде де көтерген болатынмын. Өзім облыстық «Орал өңірі» мен аудандық «Екпін», республикалық «Время» газеттеріне тұрақты жазыламын. Өкінішке орай кезекті сандары 10-15 күнге дейін кешігіп келетін кездері болады. Жаңалықты жай естіп жатамыз, өкінішті-ақ. Әсіресе, үлкендер соңғы жаңалықтарды тек баспасөзден ғана оқып отырады. Пошта қызметкері де жиі ауысады. Газеттерімді кейде өзім аламын, кейде қоғамдық жұмысқа тар-тылған қызметкерлер әкеліп беріп жатады.

Мәди ШАУЕНОВ,

аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Мекемеден екі қызметкер «Екпін» және «Сақшы» газетіне жазылды. Алайда мекемеміз пошта бөлімшесінің қасында тұрса да, жыл басталғалы аудандық газеттің тек үш нөмірі ғана қолымызға тиді. Сонда жаңалықтарды уақытында оқымасақ басылымдарға не үшін жазыламыз?

Бауыржан ЖАНЕКЕНОВ,

Тасқала колледжінің директоры:

 – Пошташылар аптасына бір, кейде екі мәрте басылымдарды әкеліп тұрады. Бірақ бірнеше нөмірін жинап бір әкеледі. Ғаламтордан оқыған бір бөлек, газеттен оқыған бір бөлек. Жаңалықты жай естиміз. Мәселен, «Екпін» газеті жұма күні шықса, колледжге ерте де-генде сейсенбі күні, тіпті бір жұмадан кейін жетеді, – дейді.

Ия, бұл бірен-саран адамның пікірі ғана. Мұндай жағдай өз басымыздан да өтті. Өзіміз жазылған «Орал өңірінің» 25 қаңтарындағы оныншы нөмірі қолымызға жетпегендіктен, бірден поштаға қоңырау шалдық. Содан кейін редакцияға тек екі данасын ғана жеткізді. Ал біз бес данаға жазылған болатынбыз. Сонда діттеген жеріне жетпеген газеттер қайда кетті? «Қазпошта» неге қызметін дұрыс атқармайды? Пошта қызметінің көңіл көншітпейтіні туралы аудан әкімі Санжар Жұматайұлы өз есебінде нақты айтқан болатын. Бірақ әлі серпіліс жоқ. Газет уақтылы жетпегендіктен, тұрғындарға басылымға жазылыңыздар деп айтудың өзі де ыңғайсыз. Бұған не дейсіздер?

Динара НАСЫР,

Тасқала ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика