Келесі жәрмеңке 17 наурызда

Күні , 55 рет оқылды

Өткен жексенбіде облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Орал қаласындағы  М. Ықсанов көшесінің бойында  азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Теректі, Зеленов аудандарының кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы тауарларын  арзан  бағамен ұсынды.

– Бүгін үш демалыс күніне жоспарланған жәрмеңкенің екіншісі өтуде. Келесісі 17 наурызда ұйымдастырылмақ. Тауар өндірушілер бүгінгі жәрмеңкеде 14 бас жылқы  етін, 30 басқа жуық сиыр етін, 18 000 дана жұмыртқа секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін  базар  бағасынан  10-20 пайыз  төмен  бағамен  сатуда, –  деді жәрмеңкеге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, аталмыш жәрмеңке бағаны тұрақтандыруға  септігін  тигізбек.

– Естеріңізде болса, күз айларында еліміздің өзге өңірлерінде картоптың бағасы 150 теңгеге дейін көтерілді. Ал бізде 100 теңгеден аспады. Бұл – тұрақты жәрмеңкелердің нәтижесі. Өйткені базар саудагерлеріне жәрмеңке бағасына қарауға тура келеді, яғни баға өздігінен тұрақтанады. Қазір тұрақтандыру қорындағы 1300 тонна картоптың 300 тоннасы пайдаланылды. Жалпы, бүгінгі жәрмеңкені «етті жәрмеңке» дер едім. Соғым еті азая келген уақытта жылқы мен сиыр еті тұрғындарға тиімді бағамен ұсынылуда, – деді Мұрат  Рахметұлы.

Жәрмеңкеде жылқы етінің бір келісі 1400 теңге (базарда 1800 теңге шамасында), сиыр еті 1300 теңге (базарда 1600 теңге) болса, жұмыртқаның бір данасы 21 теңгеден (базарда 26 теңге), картоп 90 теңгеден (базарда 120-140 теңгеден)  сатылды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Айбатыр  НҰРАШ

Вячислав РАДИОНОВ,

жеке кәсіпкер:

– Зеленов ауданының Макаров ауылынан келдім. «Радионов» ЖК-ның қожайынымын. Мұндай жәрмеңкеге жиі қатысып тұрамыз. Жәрмеңкеге жылқы, сиыр, шошқа, құс еттерін әкеліп отырмыз.  Жылқы етінің килограмын 1300 теңгеден сатудамыз. Бұл баға қала тұрғындары үшін тиімді деп ойлаймын. Сондықтан жәрмеңкеге жиналған қала тұрғындарының қарасы көп. Жәрмеңкеге қатысты бір өтінішім бар. Әдетте таңғы сағат 9.00-де басталатын жәрмеңке сағат 13.00-де аяқталып қалады. Жәрмеңке уақытын 17.00-ге дейін ұзартса дейміз. Осылайша аптасына екі рет ұйымдастырса, қала тұрғындары үшін  де, тауар өндірушілерге де тиімді болар еді.

Клара БЕКЕТОВА,

қала тұрғыны:

– Жәрмеңкедегі баға көңілімізден шығуда. Жылқы мен сиыр етінің бір келісін 1300 теңгеден сатып алдым. Мұнда картоптың бағасы да  арзан.  90 теңгеден  алуға болады. Келесі апта тағы да ұйымдастырылатыны жақсы болды.

Нина ВОРОБЬЕВА,

қала тұрғыны:

– Жәрмеңкеге екінші рет келіп тұрмын. Бүгін май, ұн, шұжық, жеміс-жидек алдым. 4000 теңгеге бірталай азық-түлік келді. Біздің отбасы үшін жәрмеңкеден сауда жасаған тиімді екенін байқадым.  Мұндай жәрмеңкелер әр апта сайын  өтіп  тұрса  екен.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика