12.03.2018, 13:34
Қараулар: 76
Вирусты гепатиттен сақтану жолдары

Вирусты гепатиттен сақтану жолдары

Батыс Қазақстан облысында «А» вирусты гепатит бойынша эпидемиологиялық жағдайы қалыпты. Жыл басталғалы бері аурудың бір жағдайы тіркелді. Ауырып қалған науқас Өзбекстан азаматы инкубациялық кезеңінде (адам ағзасына дерт қоздырғышының еніп, алғашқы клиникалық белгілер пайда болғанға дейінгі уақыт) Өзбекстан Республикасынан келген. Науқас үй ошағында қатынаста болған барлық адамдарға медициналық бақылау орнатылып, эпидемияға қарсы және емдеу іс-шараларын жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда вирусты гепатит кең тараған  А, Е, В, С, D түрлеріне бөлінеді. Вирусты гепатит «А» — халық арасында «боткин ауруы» немесе «сары ауру»  деген   атпен  таралған жұқпалы ауру. Аурудың клиникалық белгілері құсу, лоқсу, дене қызуының көтерілуі,  әлсіздік,  тәбетінің төмендеуі,  несеп түсінің қоңырлай түсуі, көздің ағының  және терісінің сарғаюымен сипатталады. Гепатит вирусы сапасыз ауыз суды пайдаланғанда,   лас қол арқылы, жуылмаған жеміс-жидек тұтынғанда  және  ауруға шалдыққан науқаспен тығыз қарым-қатынаста  болғанда  жұғады.

Жұқпаның жасырын кезеңі (жұқпаланған уақыттан бастап, клиникалық белгілер пайда болғанға дейін) 35 күнді құрайды. Алайда кейде екі аптаға дейін болуы мүмкін. Вирусты гепатит «А» жұқпасы  балалар арасында жиі кездеседі. Көп жағдайда вирусты гепатит «А» симптомсыз немесе басқа ауралармен қоса өтуі мүмкін (гастроэнтерит, тұмау).

Вирусты гепатит В мен С ауруы барлық жерде таралатын  және  адамның инфекциялық патологиясының ішінде    алдыңғы қатарда тұратын жұқпалы аурулар қатарына  жатады. Парентералды вирусты гепатиттер науқас адамның немесе   вирус тасымалдаушы азаматтың қаны және ұрық сұйықтығы арқылы  зақымдалған  тері және  сілекей  қабаттары арқылы жұғады.  Жұқтыру жолдарының ішінде  жыныстық және нашақорлық  жұқтыру жолы басым  болып келеді, осыған сәйкес ауруға шалдыққандардың 90 пайызы жұмысқа қабілетті 15-30 жастағы  жас азаматтардың үлесінде болуда. Аталмыш жұғу жолдары, әсіресе, вирусты гепатит С ауруын жұқтыруы өте қауіпті болып саналады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  нашақорлардың  70-90 пайызы вирусты гепатит С, В ауруларына шалдығады.

Тұрмыстық жағдайда вируспен контаминацияланған тұрмыстық заттармен (тіс щеткасы, қырынғыш, сүлгі және т. б.)  жанасқанда   микрожарақаттар  арқылы жұғады.  Сонымен қатар  бір реттік пайдаланатын  құрал-саймандарды бірнеше рет пайдалану немесе көп пайдаланатын бұйымдарды әр пайдаланғаннан кейін тиісінше заласыздандырылмаған    құрал-саймандармен татуировка жасағанда, құлақ тескенде және басқа да манипуляциялар жүргізгенде жұқтыру қаупі жоғары.  Өте сирек жағдайда, вертикалды жұқтыру жолы орын алады, яғни ауру анасынан балаға  босану барысында жұғу.

Алғашқы кезеңде ауру белгілері аз байқалады – жүрек айну, оң жақ қабырға астының ауырсынуы, асқазан тұсының ауыруы, тәбетінің төмендеуі, буындарының ауруы белгілерімен сипатталады.  Жедел вирусты гепатит В ауруы сарғайған немесе сарғаймаған түрінде  де  өтіп, көп жағдайда созылмалы түріне ауысып кетеді. Бұл асқыну түрінде  әлсіздік, қызылеттерінің қансырауы, гематомалардың жиі пайда болуы, бауырдың біршама ұлғаюы  сияқты белгілер пайда болады.

Вирусты гепатиттердің ішінде С түрі ауыр  ағымда өтеді. С вирусты гепатиттің ерекшілігі – ол  жасырын өтіп,  ұзақ уақытқа  дейін  ауру белгілері байқалмай,  артынша бауыр церрозына тез ауысып кетуі. Аурудың белгілері  әлсіздік, тәбетінің төмендеуі, оң жақ қабырға астының ауырсынуы, тез шаршау.

Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында А вирусты гепатиттің топтық аурушаңдығы  тіркелуіне байланысты аумағымызда осындай жағдайдың алдын алуы үшін  негізгі әдістері сақтауымыз қажет:

— жеке бас гигиенасын сақтау және оларды балаларға үйрету: тамақ алдында, дәретханадан, көшеден келгеннен кейін қол жуу, тамақ қабылдау кезінде, сонымен қатар су  және сусын ішу кезінде жеке ыдыстардың болуы;

 — тек қауіпсіз суды пайдалану;

— суды ыдыста сақтау кезінде тұрмыстық тазарту құралдарын қолдана отыра жүйелі тазалау, ыдысты таза ұстау;

—  үй-жайларды және үй маңайындағы аумақтарды тазалықта ұстау;

— ауладағы дәретханаларды таза ұстау және дезинфекциялық құралдарымен уақтылы өңдеу;

— ыдысты қолданған соң жуу құралдарымен  мұқият жуу;

—  пайдалану алдында көкөніс және жеміс-жидектерді мұқият жуу;

—  сенімсіз сауда орындарынан азық-түлік сатып алмау;

—  жаз уақытында бекітілмеген орындарда шомылмау.

Қалған вирусты гепатиттердің  түрлеріне тән бірқатар сақтық ережелері бар:

— Парентералды вирусты гепатиттердің алдын алудағы жалпы ереже – бөгде азаматтардың биологиялық сұйықтықтарымен (қаны, ұрық сүйықтығы)   жанасуға жол бермеу. Вирусты гепатит  В, С  ауруын алдын алуда шырышты қабатпен  ашық жараланған жерлерге  бөгде азаматтың қаны түскенде қауіпсіздік  ережесін сақтау қажет. Қайшыда, маникюрлық құралдарда,  сырғада, қырынатын құралдарда,  тіс щеткасында, тағы да басқа гигиеналық заттарда вирус микроскопиялық мөлшерде болуы мүмкін, сондықтан басқа біреулердің  гигиеналық заттарын   бірге пайдалануға болмайды.

—    Бір реттік шприцтер мен инелерді қайта пайдалануға жол бермеңіз, пирсинг, татуировка жасауда пайдаланатын  құралдардың залалсыздандырылғанына аса назар аударыңыз. Әрбір клиентке жаңа ине және бөлек тушь пайдалануы тиіс. Сіздің көзіңізше иненің жаңа қаптамасын ашуды талап етіңіз. Есте сақтаңыз, гепатит қоршаған ортада ұзақ мерзім сақталады.

— Вирусты гепатит В, С жыныстық қатынас арқылы жұғады, сондықтан жыныстық қатынаста қауіпсіздікті сақтау қажет, бейберекетсіз қатынасқа жол бермеу, мүшеқап пайдалану.

— Вирусты гепатит А мен В ауруын алдын алуда арнайы – спецификалық алдын алу  жолдары да бар.  ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес вирусты гепатит В ауруына қарсы үш  дүркіннен тұратын  егу жүргізіледі, оның алғашқысы бала дүниеге келген уақыттан бастап 12 сағаттың ішінде, қалғаны баланың  екі  және  төрт айлығында  жүргізіледі. Вирусты  гепатит А ауруына қарсы  егу  бала  екі  жасқа толғанда,  егу арасына алты  ай салып   екі рет егіледі.  Жоспарлы алдын ала егу шараларынан  басқа індеттік көрсеткіштерге сәйкес профилактикалық екпелермен  қарым-қатынастағылар  қамтылады. Яғни   В вирусты гепатит ауруымен қарым-қатынаста болған азаматтар ВГВ ауруына қарсы, А вирусты гепатит ауруына шалдыққан науқаспен қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балалар 72 сағаттың ішінде  А вирусты гепатит ауруына қарсы егулермен қамтылады.

Д.  КӨБЖАСАРОВ,

БҚО  қоғамдық  денсаулық  сақтау  департаменті

Басшысының орынбасары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар