Екатерина ЛАРИОНОВА, ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері: «Қыз баланың кішкентайынан үй шаруасына икемделіп өскені өзіне жақсы»

Күні , 126 рет оқылды

– Катя, олимпиададан кейін көрінбей кеттіңіз?..

 – Алдағы мамыр айының жетінші жаңасында Алматыда еркін күрестен Қазақстан чемпионаты басталады. Біраздан бері осы жарысқа қызу дайындық үстіндемін. Уақытымның көбі жаттығу залында өтуде.

 – Үлкен спортта өз қолтаңбаңызды қалдырып үлгерген кәсіби спортшысыз. Ал үй тірлігіне ептісіз бе?

– Әрине, кез келген әйел адам үй шаруасына епті, жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Жалпы, менің ойымша, қыз баланың кішкентайынан үй шаруасына икемді болып өскені өзіне жақсы. Менің төрт інім бар. Әрине, үйдің жұмысы ешқашан бітпейтіні мәлім. Өз басым «Мынаны сен істе, мынаны мен істеймін» немесе «Мынау ұлдың шаруасы, мынау қыз баланың істейтін жұмысы» деп ешкіммен санасып жатпаймын. Ата-анам, бауырларым, өзіме қымбат жандар үшін үйдегі қолымнан келетін тірлікті қолым бос болса, атқара беремін.

– Тамақ пісірген ұнай ма? Анаңыз дайындаған қандай тағамды ерекше жақсы көресіз?

– Дәм-тағамның қуырылғанын да, бұқтырылғанын да, басқа да түрлерін дайындай беремін. Уақытының денін жаттығу мен жарыс алатын спортшылар барлығына дайын болу керек. Маған қазақ, орыс халқының ұлттық тағамдары өте дәмділігімен ұнайды. Әсіресе, қазақ халқының ең басты ұлттық тағамы – ас ерекше ұнайды. Бұл тағам бір жағынан спортшыларға күш-қуат беретін өте құнарлы ас. Біздің отбасымызда кімнің қолы бос болса, сол адам тамақ пісіре береді. Ал анамның дайындаған барлық дәм-тағамы тіл үйіреді, бәрі де ұнайды.

– Катя, киім-кешекке қатысты талғамыңыз қандай? Алты құрлыққа түгел танымал бренд киімдер киесіз бе?

– Жоға, мен ешқандай да бренд киімдерге әуес емеспін. Арнайы киім алу үшін әдейілеп баратын дүкенім де жоқ. Кейде киім-кешекке тапсырыс беретінім бар. Мен үшін киім-кешек ең бастысы өзіме жүріп-тұруға ыңғайлы, бірақ тым жұпыны болмауы керек. Өзім әлі спорттан қол үзбегеннен кейін көбіне спорттық үлгідегі киімдер сатып аламын. Әрине, қажет кезде әдемі көйлек киіп, боянып, басқа қыздар секілді жиын-кештерге барамын. Бірақ тым шолақ юбкаға қарсымын.

– Балдәурен балалық шақта, балауса бойжеткен кезіңізде кім болуды армандайтын едіңіз?

– Кішірек кезімде билегенді жақсы көретінмін. Бірақ күресті көргенде менің қалауым спорттың осы түрі екендігін жан жүрегіммен сезіндім. Алайда спортшы бір өнермен шектеліп қалмай, жан-жақты болғаны ләзім. Күреспен шұғылданатындығым би билеуге еш кедергі келтірмейді.

– Алдағы күндерге қандай жоспарыңыз бар?

– Ең алдымен ұзақ үзілістен кейін өзімді барынша тезірек спорттық бабыма келтіруге тиіспін. Біраз жарыстарда бақ сынамақ ойым бар. Екінші рет олимпиада ойындарына қатысып, тағы бір мәрте олимпиада медаліне қол жеткізсем деймін.

– Кейбір жерлес жанкүйерлеріңізді «Қола жүлдегеріміз қашан қалыңдық атанар екен?» деген ой да мазалайтын сыңайлы?..

– Ол жағын екі жылдан кейін көрерміз (күлді). Менің ойымша, адам өзін белгілі бір салаға арнады ма, сол үшін бар мүмкіндігін жұмсауы шарт. Егер санаңды әрі спорт, яғни жаттығулар мен жарыстар, әрі отбасының күнделікті күйбең тірлігі билесе, екеуін де оқсата алмай қалуың әбден мүмкін. Тап қазір менің отбасым – ата-анам мен бауырларым. Спорттан біржола қол үзбегеннен кейін тұрмысқа шығу, отбасын құру туралы әлі түбегейлі ойлана қойған жоқпын. Оның да уақыты келер…

– Катя, өзіңіз секілді әлемге танымал спортшы болуды армандайтын қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бірінші өзіңді өзің қатаң қадағалай білуің керек. Белгілі уақытта ұйықтап, демалуды әдетке айналдыру шарт. Сүйікті ісіңмен, нақты нәрсемен тиянақты айналысқан ләзім. Сонда ғана өзің қалаған нәтижеге, жұрт сүйсінер жетістікке қол жеткізе аласың.

– Рио олимпиадасының жүлдегері 8 наурыз мейрамына орай қандай тілек айтар екен?

–  Барлық аналар мен қыз-келіншектерге ең алдымен денсаулық тілеймін. Әрдайым  жандарыңыз қартаймай, жүздеріңізден әр таймай, әдемі болып жүріңіздер. Бойжеткендер мен келіншектерге айтарым, сүйіктілеріңізге сүйкімді де сымбатты болып көрінулеріңіз үшін барынша спортпен, дене шынықтырумен айналысыңыздар. Жалпы, әйел затына әлемдегі барша жақсылықты тілеймін!

– Рахмет, айтқаныңыз келсін! Отандастарыңызды жеңіс-жүлделеріңізбен қуанта бергейсіз!

Сұхбаттасқан  Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика