Әлжан ЖАРМҰХАМЕДОВ, баскетболдан Мюнхен олимпиадасының (1972) чемпионы: «Әкенің ақылын тыңдап өскен ұл кем болмайды»

Күні , 101 рет оқылды

…1972 жылы Мюнхен олимпиадасындағы баскетболдан АҚШ пен КСРО құрамалары арасындағы финалдық ойын қалай аяқталғанын көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі. Ал, сол тарихи ойында алаңда ең көп уақыт өткізген ойыншы қазақ Әлжан Жармұхамедов екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жеңіліп көрмеген АҚШ баскетболшыларын тізе бүктірген ойын қаһарманымен жуырда әңгімелесудің сәті үсті.

– Әлжан Мүсірбекұлы, шынын айту керек. Сіздің қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы екеніңізді спорт тарихын терген жанкүйерлер болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз?

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келдім. Ол ауданды өткен ғасырдың елуінші жылдары Никита Хрущев Өзбекстан құрамына беріп жіберген. Әкем Мүсірбек – Қызылорда өңірінің тумасы. Руы Жаппас. Әкем отызыншы жылдары жұмыс іздеп, оңтүстікке барып, сол жақта қалып қойған. Ал, анам Украинаның Днепропетровск қаласынан. Отызыншы жылдар тарихта несімен есте қалғанын барлығымыз білеміз. Анам да сол жылдардағы аштықтан қашып, еліміздің оңтүстігіне орналасқан. Ата-анам еңбек еткен адамдар. Оларды табыстырған да еңбек. Осылайша Кіші жүз қазағы мен украин қызы көңіл жарастырып, үйленген. Жанұямызда менен бөлек екі қыз және інім бар.

– Спортқа қалай келдіңіз?

– Бала күнімде спортшы болам деген ой тіпті болған емес. Мектептегі дене шынықтыру сабағынан берген ұстазымыздың сабағы қызықсыз өтетін. Бізге ол сабақты әскери адам жүргізген. Дене шынықтыру кезінде ол кісі оқушыларды сапқа тұрғызып қойып, саптық гимнастиканы ғана үйрететін. Ер балалар дене шынықтыру сабағынан қашып кететінбіз. Қолдан жасалған алаңда доп қуалау ермегіміз болатын. Қай заманда да футбол ең қолжетімді спорт болды ғой. 1961 жылы мектеп бітірген соң Шыршық қаласындағы «Өзбекхимнаш» зауытына жұмысқа орналастым. Екі жылдай сол жерде еңбек еттім. Міне, сол кезде зауыттың спорт жетекшісі баскетбол ойнауға үйретіп, спорттық бабыма келтіре бастады. Алғашында бұл іске немқұрайлы қарағаныммен, күн өткен сайын ұнай бастады. Ақыры зауыттағы жұмысымды қойып, Ташкент қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсетін болдым. Осы жолды сілтеген зауыттың спорт жетекшісіне деген ризашылығым шексіз.

1963 жылы дене шынықтыру институтына түскен бойда-ақ баскетбол бапкері мені өзіне жақын тартты. 19 жастағы жас жігіт болсам да, баскетболшы болам деген жан үшін бұл өте кеш. Баскетбол техникасы мен тактикасын меңгеру өте қиынға соқты. Бапкерім де шеберлігімді шыңдай түсу үшін маған көп жаттығу керектігін айтып отыратын. Өзіме қатты ұнаған соң баскетболға шындап ден қоя бастадым. Бар уақытымды қитұрқы пастар мен үш ұпайлық лақтыруларды шыңдауға жұмсайтынмын. Тіпті сабақтар арасындағы үзілісімді де спортзалда өткізіп жүрдім. Осылайша төрт жыл өтіп кетті. Төккен тер текке кетпеді. 1967 жылы КСРО құрамасының сапына ендім. Алғаш үлкен жеңісім де көп күттірген жоқ. Ол Еуропа чемпионатының алтын жүлдесі еді.

– КСРО құрамында талай жеңістерге қол жеткізіп, кейін жаттықтырушы қызметін де абыроймен атқарған екенсіз?

– Алғашқы жетістіктеріммен бірге атақ та келді. Мені сол кездегі үздік клубтардың бірі – Мәскеудің ЦСКА-сы өз қатарларында көргісі келді. Бірақ баскетболдағы жолымды ашып, үлкен жетістіктерге жеткізген туған командамды тастап кеткім келмеді. Екі жыл бойы ЦСКА командасына бармаудың амалын жасаумен жүрдім. Тіпті, жаттығуымызға офицерлер ішкі істер қызметкерлерімен бірге келген кездер де болды. Ондай жағдайда киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, терезеден қашып шығатынмын. Көбіне ЦСКА-дан қашып, Алматыға тығылатын едім. Осылайша амалы таусылған армиялықтар менімен қуыспақ ойнағаннан шаршаса керек. «Ел құрамасында ойнағысы келсе, ЦСКА-ға келсін», – деген шарт қойды. Келіспеске амал қалмады. Екі күннің ішінде мені алып кетті. Қалған 11 жылым Мәскеуде өтті. 10 мәрте Кеңестер одағының чемпионы атандым. Әлем чемпионаты мен универсиаданың жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы деген атағым тағы бар. Бес жыл Германияда қызмет жасадым. Орта Азия әскери округінде қызмет қылдым. Армия қатарынан шыққан соң кері Мәскеуге бардым. Мюнхен олимпиадасында бірге ойнаған Сергей Беловпен бірлесіп Ресей құрамасын баптадым. Ресейліктердің әлем біріншіліктерінде алған екі күмісіне бір кісідей үлес қостым.

– Әлжан аға, сізге қарап көз қуанады. Бұрынғының батырларындай десек, артық айтқанымыз емес. Әкеңізге тартқансыз ба, әлде нағашыларыңыз тұлғалы адамдар ма еді?

– Аталарымды көрген емеспін. Нағашы атам Украина жағында қайтыс болған. Әкемнің айтуы бойынша, атам ірі тұлғалы кісі болған. Анам да нағашы атамның ірі адам болғанын айтатын. Нағашы атамның суретін ғана көрдім. Ол кісі қасындағы жолдастарынан бір бас ұзын екен. Кейін атым шығып, КСРО-ға танымал бола бастағанда, анам Қызылорда және Жезқазған жағынан туыстарымды тапты. Нағашы жағыммен сол кезде араласа бастадық. Өз ағайыным да, нағашы жағым да ірі болғанын ескерсек, менің тұлғам екі жаққа да ортақ болар.

– Әкеңіз ескінің естелігі мен өзінің өмірі жайында әңгімелер айтты ма?

– Әкем Мүсірбек Бостандық ауданына белгілі шебер болатын. Үй салып беру, сынған заттарды жөндеу керек болса, халық әкеме келетін. Ал мен оның бірінші көмекшісі едім. Сондықтан оның балалық шағы мен ата-әжелеріміздің көшпенді өмірі жайында көп естідім. Олардың Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан арасын жайлап жүргені жайындағы әңгімелер мен жұт кезіндегі қиындығы жайында айтқандары есімде. Әкемнің ортаншы ағасының соғыстан келмей қалғанын да білемін. Бір жылы қатты жұт болып, атамыз қолында бар малының бәрін союға тура келген. Әкем еркелеу болса керек. Ренжіткен ағасына жаңа піскен етті лақтырып, өшін алыпты. Аштық боп жатса да, ет лақтыратындай заман-ай, – деп күліп қоямын осы оқиға есіме түскенде. Менің қазақ тілін ұмытпай жүргенім сол әкеміздің қасында көп уақыт өткізгендіктен болар. Өйткені әкем бізбен тек қана қазақ тілінде сөйлесетін.

– «Әке көрген оқ жонар» дейді. Сізді әкеңіз неге үйретті? Оның тәрбиесі не нәрсеге құрылған еді?

– Үлкенді сыйлау. Әкем де, анам да ең бірінші айтатын сөзі «үлкенді сыйла» еді. Олардың сөзі мен үшін заң болды. Сондай-ақ «бастаған ісіңді соңына дейін жеткіз» дейтін әкем. Еңбекті сыйлауды да үйреткен әкем. Анамның да тәрбиесі солай еді. Сондықтан жанұяда алған тәрбиемнің өмірде көп пайдасы тиді. Әкенің ақылын тыңдап өскен ұл кем болмайды.

– Әлжан аға, «Движение вверх» фильмі жайында алып-қашпа әңгіме көп. Тіпті, сол кезде сіздерді баптаған бапкердің шын тегін пайдалануға жақындары тыйым салғаны жайында да естіп-біліп жатырмыз. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Мен де, менің жолдасым да сценарийді оқып шықтық. Кондрашиннің (1972 жылы КСРО құрамасын баптаған адам) жолдасына ол ұнамаса керек. Бірақ, шынын айтайын, ол кезде шетке шығатын спортшылардың барлығы алып-сатумен айналысатын. Қара уылдырық, фотоаппарат алып кететінбіз сапарға. Оларды сатып, жақындарымызға сыйлық алып келетін едік. Дегенмен алғашқы сценарийде бізді спортшы емес, алыпсатар сияқты етіп көрсеткен. Жолдасым егер дәл солай етіп түсірер болса, премьераға бармайтынын айтты. Маған да алғаш сценарий ұнаған жоқ. Фильм түсірушілерге өз назымызды білдірдік. Олар барлығын ескеріп, жақсы көруге тұрарлық лента шығарды. Ал, бапкеріміздің жолдасы айтқанынан қайтпады. Сондықтан Кондрашин емес, тегі Гаранжин болып өзгертілді фильмде. Дәл осы тұс маған ұнамайды. Өйткені Владимир Кондрашин баскетболға өмірін арнаған нағыз батыр. Өмірде болған адам. Жеңіске жетуімізге бар кү-шін салған кісінің аты фильмде аталмай қалғаны өзіме онша ұнамайды. Өйткені баскетбол тарихында алғаш рет Америка құрамасын жеңген спортшыларды тәрбиелеген, баптаған адам сол ғой. Тағы да айтам, фильм жаман емес, тек Кондрашиннің аты аталмай қалғаны болмаса.

– Әкеңіз сіздің Қазақстан атынан ойнағаныңызды қалаған деседі. Сол рас па?

– Әкем біздің ауданды Өзбекстанға қосып жібергеніне де қарсы болды. Ол ауданды өзбектің жері деудің өзі қисынсыз. Өйткені тұрғындардың барлығы қазақтар болатын. Кейін Бостандықтан көп қазақ көше бастады. Бала күнімнен бірге өскен достарымның көбі Қазақстанға көшіп келді. Қазір Алматыда тұрады. Ал, әкемнің көшетін мүмкіндігі болмады. Бірақ ол біздің өз Отанымызға оралып, қазақ жерінде өмір сүргенімізді қалады.

– КСРО құрамасы 1972 жылдан кейін 1988 жылы олимпиада алтынын иеленді. Сол құрамада жерлесіміз Валерий Тихоненконың болғанын білеміз. Бірақ одан кейін ТМД елдері арасынан тек өзіңіз баптаған Ресей екі рет әлемдік сында жүлде салғаны болмаса, басқа республикалар жақсы нәтижемен қуантар емес. Неліктен? Баскетбол мектебі қалыптасқан ел едік қой.

– КСРО құрамында болған барлық елдерде баскетбол құлдырап кетті. Литва ғана болар өз деңгейін түсірмей тұрған. Ал қалған республикаларда баскетболдың деңгейі жоқ. Шынымды айтсам, мен ЦСКА ойнап жатқан кезде де ойын көруге бармаймын. Өйткені сапалы ойын көрсетер жергілікті баскетболшы жоқ, кілең шетелдіктер. Біздің ел басшылары «Астана» баскетбол клубын құрып, осы ойынды дамытсақ деп жатыр. Қазір «Астана» бірыңғай ВТБ лигасында ойнап жүр. Жеңісімен көп қуантпаса да, баскетболдың дамуына өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

– Әлжан аға, «Астана» командасындағы Рустам Мырзағалиевтің ойыны ұнай ма?

– Барынша ойнап жүр, қазақ балаларын ойынға тартып, қызығушылығын ояту үшін Рустамдай ойыншыларды көбірек насихаттау керек-ақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласында Әлжан Жармұхамедов атындағы баскетбол академиясы ашылған-ды. Сол жылдары «Атырау» командасы ел чемпионы атанғанынан хабардармын. Бірақ ол команда осы күні жоқ. Кез келген нәрсені құртып жіберу оңай. Ал қалпына келтіру қиын. Сондықтан қолда барды пайдалана отырып, баскетболды дамыта түсуіміз керек. Өз басым қазақ баскетболын барынша қарап жүрем. Әрине, деңгей төмен. Бірақ болашағы бар.

– Әлжан аға, көп жанкүйер үшін олимпиада алтынын алған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров. Сізді көп атай бермейді. Бірақ қазақ арасынан шыққан алғашқы олимпиада чемпионы сіз екенін көріп, біліп жатырмыз. Ал, Жақсылық ағамызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Ол 1980 жылғы олимпиада чемпионы ғой. Шынымды айтсам, жақсы танымаймын. Ол қазақ даласында туып, қазақ елінде тәрбиеленген спортшылар арасынан шыққан тұңғыш чемпион. Бірақ, мен де қазақтың баласымын. Құжатымда «қазақ» деп жазулы тұр. Кім болса да, өз жеңісін еліне арнайды ғой.

– Елге келу ойыңызда жоқ па?

– Бұл өте жиі қойылатын сұрақ. Алғаш рет 1968 жыл елге келгім келген. Ол кезде Алматыда «Локомотив» деген баскетбол командасы болатын. Жарты жыл қазақ командасына ойнауға рұқсат беретін қағазды күтіп жүрдім. Реті шықпады. Одан кейін де бірнеше рет мені елге алып келгісі келген.  Бірақ «үйтеміз-бүйтеміз» деп уәдені үйіп-төккендердің сөзі сөз күйінде ғана қалды…

Сұхбаттасқан Түгелбай БИСЕН


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика