Киік қырғандар сотталды

Күні , 113 рет оқылды


Былтыр Қазталов ауданында киік атумен айналысқан қылмыстық топ қолға түскен болатын. Осы аптаның басында, яғни 19 ақпан күні осы қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты.


Айта кетейік, аталмыш қылмысқа байланысты алдын ала тергеу құрылымы арқылы жинақталған іс материалдарын облыстық прокуратура БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына өткен жылдың 24 қарашасында түсірді. Содан бастап сот процесі басталды. 11 желтоқсанда алғашқы басты сот талқылауы өтті. 24 рет болған осындай талқылаудан соң сот үкімі шықты. Осы жерде тоқтала кетер жайт, аталмыш соттың тәжірибесінде мұндай қылмысқа қатысты сот процесі алғаш рет өтті.

Сотпен анықталғандай, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкері, Қазталов ауданының тұрғыны Нұрғазы Садықов қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған және оған басшылық жасаған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері 2016 жылдың сәуірінен бастап 2017 жылдың маусым айына дейін Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары және Атырау облысының Құрманғазы ауданы аумақтарында заңсыз киік атып, олардың мүйіздерін сақтаған. Сондай-ақ топ жетекшісі Н. Садықов және топ мүшесі М. Айшев атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, сақтаған. Қылмыстық топ осы уақыт аралығында 500-ге жуық киіктің көзін құртып, 745 273 800 теңгенің залалын келтірді.

Сот үкімімен Н. Садықов тағылған айыптың барлық бабымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Қылмыстық топтың өзге мүшелері М. Айшев, А. Жанғабаев, А. Тайғаренов, Е. Қадыров  тағылған айыптың барлық бабымен кінәлі деп танылып, 7-5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Олар жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орта мекемесінде өтейтін болады. Ал ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы дәлелденбегендіктен, Н. Дүйсенғалиев ақталды. Дегенмен де ҚР ҚК-ның 339-бабына сәйкес оның екі жылға бас бостандығы шектелді.

БҚО сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушыларға жаза кінәлі деп танылған баптардың санкция шеңберінде, мемлекеттік айыптаушының пікірін әрі қылмысты жеңілдететін мән-жайларды ескеріп тағайындалған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мәди ЫҚЫЛАС


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика