«Ақылды қала» – ең алдымен қауіпсіз қала

Күні , 90 рет оқылды


Кеше, 12 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы облыстық  филиалының ғимаратында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алға қойған мақсат-міндеттерді нақтылады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Есет Байкен, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік құрылымдар мен коммуналдық мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысқан шаһар басшысының қорытынды есебі Орал қаласы әкімдігі мен Ақжайық телеарнасының сайтында онлайн режимде көрсетіліп отырды.


«Smart Орал» тұжырымдамасы аясындағы үздік жобалар жинақталған көрме есептік кездесуге жиылған жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударды. Оралдықтардың өмір сапасын арттыруда сандық технологияның артықшылықтарын пайдалануды көздейтін «SMS BUS», «Электронды ПИК», «Ақылды және қауіпсіз қала», «Балабақшаға онлайн тіркелу», «Виртуалды бейнебақылау», «Қауіпсіз үй» жүйелері тиімділігін қазірдің өзінде  дәлелдеп отыр.

Мұрат Мұқаев сөз басында 2017 жылдың оралдықтар үшін жақсы аяқталып, ауқымды жұмыстар жүзеге асқанын айта келе, халық игілігіне бағытталған іс-шаралардың қоғамдық кеңес мүшелері және қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарылғанын ерекше атап өтті.  Соның ішінде аса маңызды салаларға жеке-жеке тоқталып өткен Мұрат Рахметұлы ең алдымен облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарына басты назар аударды. Жалпы, өткен жылы құрылыс саласына 7,2 млрд. теңге қаржы бөлінген, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18%-ға (алдыңғы жылы 6,1 млрд. теңге бөлінген болатын) артық көрсеткіш. 2017 жылы Орал қаласы бойынша 17  көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып (2433 пәтер, жалпы пәтер алаңы – 143,7 мың шаршы метр), оның 9-ы пайдалануға берілген, қалған сегіз  үй бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Соңғы бір жылдың ішінде барлығы 1287 пәтерлі сегіз  көп қабатты тұрғын үй  пайдалануға берілген. Жеті  үй ҚР «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына және 180 пәтерлік үй Зашаған кентінен кезекте тұрғандарға берілді.  Қалған тұрғын үйлер 2018 жылда берілетін болады.

– Апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді азайту үшін мемлекеттік-жеке  әріптестік аясында кешенді жұмыстар жүруде. Қазіргі таңда қала бойынша 370 отбасы тұрып жатқан 43 үй апатты деп танылды. Деповская көшесі, Құрманғазы — 198 және Гагарин — 1 мекенжайлары бойынша бұзылған жеті  апатты үйдің (73 пәтер) орнына 396  пәтерлі төрт  көп қабатты тұрғын үй салынуда. Деповская көшесіндегі 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, қалған үйлер биылғы жылы тапсырылады, – деді  Мұрат Рахметұлы. Сонымен қатар аталған бағдарлама негізінде жалпы құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газды оралдық ЖЭО-ға (жылу электр орталығы) апатсыз тасымалдау мақсатында ұзындығы 34 шақырым, жалпы құны 3,5 млрд. теңгеге резервтік және жеткізуші газ құбырлары салынды. Ұлттық қор қаражаты есебінен Деркөл кентіндегі ПДП-1-де кварталішілік жолдар мен су жүргізу құбырлар құрылысы іске асырылуда.

Қазіргі уақытта Зашаған кентіндегі 12 тұрғын үйге инженерлік желілер және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы 2017 жылдан 2018 жылға ауыспалы болып табылады. Сонымен бірге Меловые горки ауылындағы тұрғын үйлерді газбен қамту құрылысы аяқталды. Зашаған кентінде  ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау мақсатында  жаңа мал қорымы салынып, ішкі квартал жолдарының құрылысы аяқталуға жақын. Ал Деповская көшесіндегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынып жатқан тұрғын үйлер үшін ұзындығы жеті шақырым инженерлік желі тарту және 9,2 мың шаршы метр алаңды абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытта инженерлік желілердің 5,3 шақырымы тартылған, жалпы, құрылысты ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Круглоозерный ауылының бас жоспарына сәйкес жаңа түпкілікті жоспарлау жобасы (ТЖЖ) жасақталып, инженерлік желілер құрылысына және жобалық құжаттамаға қажетті қаражат бөлінген. Сондай-ақ шаһардың бас жоспарында көзделген «Ескі қала», «Орталық» және «Шығыс» бөліктерінде құрылысты жалғастыру үшін үш  ТЖЖ дайындау үшін қаржы қарастырылған.

– Жер телімдерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Арнайы құрылған жұмыс тобы жер пайдаланушылармен кездесіп, жер телімдерін пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда үш жер пайдаланушы жалпы көлемі 1300 гектарды құрайтын жер телімдерін өз еркімен мемлекет меншігіне өткізді. Мақсатты пайдаланылмаған жалпы аумағы 3,2 гектар жер телімі қайтарылып алынып, 17 жер пайдаланушыға қатысты іс өкілетті органдарға  жолданды. ҚР Жер кодексінің 48-бабы бойынша 2017 жылдың мамыр айынан бастап жер телімдерін жалға алу құқығын сату тек аукциондар өткізу арқылы жүзеге асады. Үш  аукцион өтіп, 72 адам қатысты. Жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын 17 жер телімін жалға алу құқығы берілді, – деді  М. Мұқаев.

Өткен жылы қала тарихында алғаш рет ең ірі жол салу-жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Бұл мақсатқа барлық қаражат көздерінен 8,1 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 72 шақырым 67 көшені (20 нысан «ҚПО» есебінен) жөндеу көзделсе, қазіргі таңда 61 көше толық жөнделді. Қалған алты көшені жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталмақ.  Мұрат Рахметұлы қала көшелеріне қоса, қала маңындағы Круглоозерный, Деркөл, Желаев кенттеріндегі көшелердің де жаңарып қалғанына, сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына орай, өткен жылы 10 мектеп, алты  балабақша, төрт денсаулық сақтау нысаны, ХҚКО, АХАЖ сияқты 29 әлеуметтік нысанның кіреберіс жолдары жөнделгеніне тоқталып өтті. Маңызды стратегиялық нысан – Депо көпірін жөндеу жұмыстары ағымдағы  жылы  аяқталмақ.

Қала тұрғындарының ең көп сынына ілігетін сала жолаушылар тасымалында шешімін күткен мәселе көп.

Қала әкімінің айтуынша, «2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы жолаушылар тасымалдауды жаңғырту» тұжырымдамасы түйткілдің түйінін тарқатпақ. Қазірдің өзінде  500 автобуста «Busreport» жүйесі енгізіліп, үш бағыт (№5, 10, 36) бойынша СМС-бас жүйесі енгізілген. Биылдан бастап қоғамдық көлікте көлік картасы арқылы жолақы төлеудің автоматтандырылған жүйесі (АСОП)  іске  қосылмақ.

– Қаламызда мемлекеттік 49 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын қала мектептерінде оқушылар саны көбейіп келеді. Оның бір себебі – бала туылу көрсеткішінің артуы. Мәселен, 2015 оқу жылы қалада 37 мыңнан астам оқушы болса, 2016 жылы 40 мың (7%-ға өсу), ал өткен жылы – 42 991 оқушы болды (7%-ға өсу). Сол себепті, соңғы бес жылда қалада үш мектеп салынса, тек осы оқу жылында біз 2400 орындық төрт мектеп ашуды жоспарладық. Өздеріңізге белгілі, 2017 жылдың аяғында қалалық №4 орта мектептің ескі ғимараты толықтай бұзылып, оның орнына жаңа сәулетті  мектеп бой  көтерді. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айында Деркөлдегі ПДП-2-де 600 орындық мектеп ашылды. Енді ПДП-1 аумағындағы мектепті – наурыз айында, Сарытау шағынауданындағы мектепті қыркүйек айында ашу жоспарымызда бар. Бұл жетістіктердің барлығы, Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында, облыс әкімі Алтай Сейдірұлының тікелей қолдауымен жүзеге асты. Осы сәтті пайдаланып, мектеп оқушылары ата-аналарына, ұстаздар ұжымына уақытша қиындықтарға төзіп, түсіністікпен қарағандары үшін ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда қаламызда 50 мемлекеттік балабақша, мемлекеттік тапсырыс аясында 28 жеке балабақша, 26 шағын орталық жұмыс істеуде. Өткен  жылы қосымша 13 жеке балабақша ашылды, — деді  шаһар  басшысы.

2017 жылы жұмысқа орналасу жөнінде 9443 адам өтініш білдірсе, оның 6483-і жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Былтыр 4000 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл 2016 жылғы көрсеткішпен бір деңгейде сақталып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 853 млн. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген 189 мүмкіндігі шектеулі жанның 185-і (98%) әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, 45 адам – тұрақты жұмысқа, 93 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.

Мұрат Мұқаев есебінде «Цифрлы Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы кеңірек баяндап өтті. ПИК қызметінің мәселесі – қала тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелерінің бірі. Осы мақсатта тұрғын үй иелеріне, ПИК өкілдері және әкімдік арасында тиімді  байланыс  орнатуға арналған онлайн алаңы ұсынатын «Электрондық ПИК» жүйесі тиімділігін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда 103 ПИК-тің  80-і аталмыш жаңа жүйеге қосылған.

«Ақылды қала» – ең алдымен қауіпсіз қала. Осы мақсатта тәртіптік бақылау (461 камера), білім беру (1522 камера), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында (1198 камера) жалпы саны үш мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылған екен. Тұрғын үйлердің кіреберістерінің ішкі және сыртқы жағына бейнебақылаудың жаңа түрі – бұлтты бейнебақылау камераларын қою жұмыстары биыл да жүйелі жалғасын таппақ. Жалпы, өткен жылы бейнекамералар арқылы 15 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 88 қылмыс әшкереленген. Соның нәтижесінде қылмыстық деңгей 2016 жылмен салыстырғанда 5,1%-ға төмендеген (2016 жылы – 8157,  2017 жылы — 7745).

Орал  қаласының әкімі қызметіне кіріскен жеті айдың ішінде атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап өткен Мұрат  Мұқаев алда тұрған міндеттерге де тоқталып өтті. Биыл облыс орталығында екі ірі жылу магистралі жөнделіп, жаңа Ақжайық шағынауданына инженерлік желі тартылмақ. Өткен жылы басталған 10 спорт алаңының құрылысы аяқталып, жергілікті бюджет пен «Самұрық Қазына» есебінен  тағы 10 спорттық алаң салынбақ. Сонымен қатар «Нефтебаза» аумағындағы «Омега» көпірі қайта салынып, Ветелки және Новостройка ауылдарын таза ауыз сумен  қамту қолға алынбақ. Облыс орталығындағы №19 мектеп пен №24 «Солнышко» балабақшасын, №6 кітапхананы күрделі жөндеу де  ағымдағы  жылдың  еншісінде.

– 2582 пәтерді құрайтын 17 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталды, оның ішінде 10 үй – Зашаған кентінде. Аталған үйлердің құрылысы 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі күні үйлердің құрылысына 8 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Зашаған кентінде жалпы ауданы 81 мың шаршы метр құрайтын 10 тұрғын үй (1566 пәтер) бой көтермек. Осындай жоспармен біз Зашаған кентіндегі үйлер құрылысын аяқтап, аумақты абаттандыруға көшетін боламыз. Орал қаласы екі бағытта дамуда. Соның бірі облыс орталығының солтүстік-шығыс жағы. Жобаға сәйкес аталған аудан 109 гектарды құрайтын болады. Осы ауданда 27 көп қабатты тұрғын үй, бір мектеп пен бір балабақша, бұған  қоса, дене шынықтырусауықтыру кешені және бассейн  салу  жоспарланған, – деді  Мұрат  Рахметұлы.

Жалпы, 2017 жылы қала бюджеті 32,4 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 4%-ға артқан (31,1 млрд. теңге). Осы орайда облыс басшылығының қолдауымен облыс бюджетінен қосымша трансферттердің бөлінгенін атап өткен жөн. Қаражаттың негізгі бөлігі білім беру – 44% (14,4 млрд. теңге), құрылыс – 22% (7,2 млрд. теңге) және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы – 19% (6,2 млрд.  теңге)   бағытталған.

Шаһар басшысының есебінде туризмді дамытудың жай-жапсары да қамтылды. Мәселен, қала әкімі Қазақстанның 100 қастерлі нысанының тізіміне енген Жайық қалашығының жұртын ашық аспан аясындағы музейге айналдыру жұмыстарының қарқын алғанын, байырғы Оралдың тарихи бөлігіндегі сәулет өнерінің құнды ескерткіштері болып табылатын ғимараттардың қасбеттерін (фасад) қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ қаланың біраз бөлігінде  «Шолу шеңбері» («Колесо обозрения») орнату жобасы  да Оралдың туристік тартымдылығын арттыратын маңызды бір фактор  екендігі  шүбәсіз.

– Өткен жылы «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша біздің өңірге 28 млрд. теңге бөлініп, біз осы қарайған қаржыны облыс халқының өмір сапасын арттыру мақсатында 100% игердік. Бұған дейінгі есептік кездесулерде біз тұрғындар үшін ең көкейкесті мәселе инженерлік желілер мен жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы екендігіне көз жеткіздік. Бұл мәселе Елбасының Жолдауында да және жақында Мемлекет басшысының өзі төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында да айтылды. Осы бағыттағы нақты жұмысымыздың бір айғағындай, әрі кетсе биылғы жаздың соңына таман тоғыз жолдың торабы дерлік «Депо» көпірі түгелдей жаңарып-жаңғырған қалыпта іске қосылуы тиіс. Тіпті  бұл көпір бастан-аяқ қайтадан салынуда деген дұрыс шығар. Өйткені аталмыш көпірді салу барысында бүгіндері соны техника мен озық технология жүйелі қолданылуда. Әсіресе, ұзындығы ұлғайып, ені кеңейе түскен көпірдің жабыны ретінде дамыған мемлекеттерде, соның ішінде Еуропа елдерінде кеңінен пайдаланылатын қиыршық тасты-маститті асфальтбетон төселуде.  Әрине, тұрғын үй салу да өте маңызды шаруа. «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында бұл бағытта да  жұмыс  қарқынды. Қалалықтарға қоса, аудан-ауылдардың тұрғындарын да білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жай-жапсары толғандырады. Өткен жылы облыс аумағында 24 білім беру нысаны салынды, соның төртеуі «Нұрлы  жол» бағдарламасы бойынша іске қосылды. Міне, осындай нәтижелі жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттыра түсері анық, –  деді қала басшысының есептік жиынына қатысқан  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Еркебұлан   ОРЫНБАСАРОВ,

қала   тұрғыны:

– Д. Қонаев шағынауданындағы Әбілқайыр хан мен Қонаев көшесінің қиылысында  бағдаршам жоқ.  Сол себепті соңғы кездері жол апаты жиі орын алып жүр. Бұл  қиылысқа  бағдаршам  қашан  орнатылады?

Мұрат   МҰҚАЕВ,

қала   әкімі:

– Бұл мәселеден  хабардармыз. Негізінен, бағдаршам орнату жол салған  мердігер компанияның жұмысына кіреді. Алайда өткен жылдың соңында ауа райының суытып, тоңның  түсуіне орай олар бағдаршам орнатып үлгермей қалды. Тас жолдың бойына басты жол, жаяу жолақ белгілері  орнатылды. Көктем шығысымен, бағдаршам орнатылатын  болады.

Хамит   БАТАБИЕВ,

қала  тұрғыны:

– Ет комбинаты  ауданындағы 88/2-үйде тұрамын. Зейнеткермін. Биыл  Ет комбинаты, Жөндеу зауыты аудандарында абаттандыру жұмыстары жалғаса ма?  Ет комбинаты ауданындағы қалалық №33  мектепке  күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік  бар  ма?

Мұрат   МҰҚАЕВ,

қала  әкімі:

– Ет комбинаты, Жөндеу зауыты  шағынаудандары жыл сайын көркейіп келеді.  Сіз айтып тұрған екі мәселе бойынша  жобалық-сметалық құжаттар  дайын.  Қаржы мәселесі шешілген соң бұл жұмыстар  оң шешімін таппақ.

Алексей   ИВАНОВИЧ,

қала  тұрғыны:

– Тыл еңбеккерлері ҰОС ардагерлерімен теңестірілді. Бірақ заңнамада көзделген жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүрміз. Емханаға кезексіз кірудің өзі мұң. Қазір тыл ардагерлерінің қатары  да азайып барады. Сондықтан емханаға кезексіз кіруге мүмкіндік жасасаңыздар екен?

Мұрат   МҰҚАЕВ,

қала  әкімі:

– Айтуыңыз орынды, бұл мәселе алдағы уақытта оң  шешімін табады.

Денис   СПИРИДОНОВ,

қала   тұрғыны:

– Онкологиялық дертке, буын ауруына шалдыққандар үш айдан бері дәрі-дәрмекті ала алмай отыр.  Соның  себебін  айта  кетсеңіз?

Қанат  ТӨСЕКБАЕВ,

облыстық   денсаулық  сақтау  басқармасының басшысы:

– Сұрағыңыз орынды. Онкологиялық  дерт бойынша тіркеуде тұрған науқастарға  дәрі-дәрмектер өте қажет. Алайда өткен жылы науқастанғандар саны көбеюіне байланысты дәрі-дәрмектің тапшылығы  орын алды. Қазір  345 миллион теңге қаражатқа медикаменттер  алынып,  дәріханаларға  жіберілді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика