Талайды тамсандырған қобызшылар

Күні , 44 рет оқылды


«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, жұма күні түскі уақытта Орал қаласындағы «City Center» сауда орталығында жүрген жұртшылық кенеттен қобыз сарынын естігенде, не болғанын түсінбей, аңтарылып қалды. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің 2-курсында оқитын  Бейбіт Сайынов сауда орталығына досымен кездесу үшін келген екен.


— Сабақтан шыққан соң ара-тұра осы жерге келеміз. Достарымызбен кездесіп, уақытты қызықты өткіземіз. Бүгін сауда орталығына кірген бетте құлағыма қобыздың үні келді. Алғашында музыкалық қондырғы арқылы қосып қойған шығар деп ойладым. Жақындап келгенде, жасөспірім өнерпаздардың қобыз аспабында ойнап, концерт беріп жатқанын көргенде қатты сүйсіндім. Өзім де бала кезімнен домбыра шертемін, өнерден құралақан емеспін. Оқушылардың бұл бастамасын колледж студенттері болып жалғастырып әкету туралы ой қылаң берді, — дейді ол.

Бұл дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатының «Атамұра» халық аспаптар оркестрінің халық ең көп жиналатын орталықтағы алғашқы концерті емес. Оқушылар оркестрі биылғы қаңтар айында «Атриум» сауда үйінде «Домбыра пати» шарасын ұйымдастырып, қазақ күйлерінің насихатталуына үлес қосқан болатын.

Бұл жолғы «Бабалар үні» атты концертте киелі қобыз аспабымен халық әндері мен күйлерін ғана емес, әлемдік музыка классиктерінің шығармаларын нақышына келтіре орындады.

— Қаламыздағы ең ірі сауда орталығының бірі болғандықтан, халық өте көп келеді. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер жиі жиналатын орын.  Сондықтан мектепинтернат кешенінің «Өнер» бөлімінде білім алатын қобызшылар оркестрінің шағын концертін осы жерге өткізген жөн деп шештік. Басты мақсат – халықтың төл мәдениетіміз бен өнерімізге деген ықылас-құрметін арттырып, жастардың қызығушылығын ояту арқылы рухани жаңғыру бағдарламасының орындалуына үлес қосу, — дейді дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатының директоры Алмас Мұқаев.

Оралдық өрендердің өнері атыраулық Үнзира Шадуоваға да ерекше әсер сыйлаған екен.

— Өзге аймақтарға үлгі болатын, жалғастырып әкететін бастама екен. Бұл төл өнеріміздің халыққа қажет екендігін аңғартса керек.

Жас ұрпақтың мақтаныш сезімін оятатын, балауса өнерпаздардың  дарынын жетілдіруге, қарым-қабілетін шыңдай түсуге септігін тигізетін шара екен. Халық көп жиналатын орындарда тегін концерт беру арқылы ұлттық өнерді кеңінен насихаттау туралы оралдықтардың бастамасын өз мектебімізде жалғастыратын боламыз, — деді  Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Үнзира Есенжанқызы.

Оқушылардан құралған «Атамұра» халық аспаптар оркестрі келесі концертін көктем айларының бірінде ашық аспан аясында беруді жоспарлап отыр.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика