Қаратөбедегі қарқынды істер

Күні , 188 рет оқылды


Қаратөбе ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына келген облыс әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов пен Бибігүл Қонысбаева, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық басқармалардың басшылары алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы бірпәтерлі 14 тұрғын үй құрылысының жұмыстарымен танысты.


Содан соң аудандағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында, жаңадан ашылғалы отырған фитнес орталығында, «Рухани жаңғыру» кеңсесінде болып, ауданда жасалынып жатқан жұмыстарға қанықты.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша атқарылатын жобалар бойынша жасақталған ауылдық округтердің жоба-көрмелері атқарылмақ маңызды жұмыстар жөнінде толыққанды мәлімет берді.

Зал толы қаратөбеліктер алдында аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында есеп берді.

– Бәсекеге қабілетті қоғамда ұлт тұтастығы мен ел бірлігін бір арнаға тоғыстырған озық идеялардың авторы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жуырда ғана Америка Құрама Штаттарына жасаған жұмыс сапары әлем елдері алдында қазақ елі мәртебесінің асқақ, беделінің биік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы биылғы жылдың басты тарихи құжаты «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жасампаз Жолдаумен жалғасын тауып, сіз бен бізге маңызды міндеттерді жүктеді. Осы орайда Қаратөбе ауданында өткен жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен игі істердің барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Жүйелі түрде жоспарланып жүзеге асқан ауқымды шаралар нәтижесіз емес, – деп аудан әкімі өз есебін бастады.

2018 жылдың 1 қаңтарына аудан халқы 15 596 адамды құрап, орташа айлық жалақы мөлшері 78 188 теңгеге жеткен.

Аудан бюджетінің кіріс бөлігі 4 217,9 млн. теңгені құрап, 110,7%-ға, шығыс бөлігі 4 187,4 млн. теңге немесе 99,9% орындалды. Оның 3 751,5 млн. теңгесін субвенциялар мен трансферттер, 312,2 млн. теңгесін салықтық түсімдер құрайды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ірі қара 29 161 басты құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 102,5 пайызға, қой-ешкінің саны 69 488 бас немесе 100,9%, жылқы 6576 басты құрап, 106,8%-ға, құс 9839 бас, 100,6%-ға артып отыр. Өткен жылғымен салыстырғанда ірі қарадан 1,4%, жылқыдан 5% артық төл алынған.

Аудандағы барлық мал басына шаққанда асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлесі 8,4% (2456 бас), асыл тұқымды қой малы 2,2% (1195 бас), асыл тұқымды жылқы 1% (63 бас).

Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал өсіретін 14 шаруашылық бар.

Олар еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын, жабы, қазақтың ақбас сиыры, абердин-ангус, герефорд, әулиекөл сықылды ірі қара тұқымдарын өсірумен айналысуда.

Ауданда он ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Соның ішінде «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 35 мүшесі 97,9 млн. теңге несиеге қол жеткізді.

«Аққозы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз қаражаты есебінен Қоржын ауылынан қой қырқу алаңын салып, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың 4500 бас қойын қырқып, халыққа қызмет көрсеткен.

Құрылыс саласында да оң серпін байқалып отыр. Бірпәтерлі сегіз тұрғын үйдің құрылысы (64,4 млн. теңге) және 14 пәтерлі коммуналдық үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері (15,6 млн. теңге) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қаратөбе ауылында бірпәтерлі 14 тұрғын үйдің (120,1 млн. теңге) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда аудандағы 22 елді мекеннің онының халқы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 80,1% құрайды. Он елді мекендегі немесе аудан халқының 12,9% орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған.

Жергілікті жерде тұщы су көзі болмауына байланысты екі елді мекенге (Үшағаш, Үшана) ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіліп беріліп отыр. Аталмыш елді мекендерге Қаратөбе ауылындағы су көзінен Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына сумен қамту жүйесін өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 915,1 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы ағымдағы жылға жоспарланған. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты бойынша Жусандыой ауылы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту үшін ЖСҚ жасақталып, қазіргі таңда кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өту үстінде.

– Елімізде былтырғы жылы бастау алған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» аудандық кеңсесі (құрамы төрт қызметкер) бекітіліп, жұмыс комиссиясы (18 адам) құрылды. Бағдарламаның «Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер Жарқын Тәжіғалиев Егіндікөл ауылына «ДТ – 75» шынжыр табанды тракторын сатып алып берсе, Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Үшана елді мекеніне Қаратөбе су қоры көзінен Үшанаға дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер «КазКонстракшнГрупп» ЖШС басшылығы тозығы жеткен фельдшерлік пункт орнына өз қаражаты есебінен жаңадан фельдшерлік пункт салып берді.  Сондай-ақ «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов Астана қаласына «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға 13 оқушыға демеушілік көрсетті.

«Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша биылғы жылы меценаттардың демеушілігімен жалпы құны 42,4 млн. теңгені құрайтын 40 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Жалпы жыл қорытындысы бойынша ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 102 іс-шара өткізіліп, 18,3 млн. теңге жұмсалды,  – деді аудан әкімі Жанат Асылханұлы.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала т.б. салаларына толыққанды тоқталған аудан әкімі Ж. Асантаев алдағы уақытта атқарылмақ жоба жұмыстарымен де бөлісті.

Есепті кездесуде сөз алған еңбек ардагері Мәулен Қожахметов, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов, жас маман Мұхтар Шайжанов ауылішілік жолдар салу, аудан орталығынан халықтық банк филиалын ашу, жүзу бассейнін салу сынды мәселелерді көтеріп, аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.

Аудан тұрғындары алдында облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Қаратөбе өңіріндегі оңды істерді де атап өтіп, елдегі іргелі істерге шынайы алғысын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарып, көкейкесті мәселелердің жоспарлы түрде жүзеге асырылатындығын жеткізді.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика