Қос қарақшы қолға түсті

Күні , 109 рет оқылды


Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл оқиға былтырғы жетінші желтоқсанда таңғы сағат төрттен 20 минут кеткенде орын алған.


Яғни, осы уақытта Орал қаласындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан бір ЖШС-ның ақша айырбастау пунктіне барып, осы нысандағы қызметкерден белгісіз біреу 130 мың теңгені қорқытып-үркітіп тартып алып, тайып тұрған. Әлгі әумесердің кесірінен ақша айырбастау нысанының заңды өкіліне 130 мың теңге шығын келген. Қарайған ақшаны қолды қылған қарақшы ақша айырбастау пунктінің терезесін балғамен бірнеше рет ұрып, сындырған. Сосын ішке кіріп, іштегі жас қызметкерді қылғындырып, жағасынан ұстап тартқылап, қорқытып, «Сендерде ақша бар, тез тауып бер!» деп айқайлайды. Тонаушының қолынан пышақ пен балғаны көріп, зәресі ұшқан әйел адам кассадағы 130 мың теңгені әлгінің қолына ұстатуға мәжбүр болған. Көксегеніне жетіп, ақшаны қалтасына басқан күдікті дереу бой тасалап, балғаны лақтырып кетеді.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ақшаға құныққан, бір мәрте жолы болып дәніккен әлгі әумесер кезекті «жорығына» биылғы төртінші ақпанда шығады. Ол аталмыш күні таңғы сағат 05.05 пен 05.10 аралығында Орал қаласы Жуков көшесінің  бойындағы ақша айырбастау пунктіне барып, еркін кіріп, бұл жолы терезе әйнегін гантельмен ұрған.  Алайда гантельмен 39 рет ұрса да, әйнек сынбайды. Терезені есесі кеткендей қаншама ұрғыласа да, әйнек сынбай, қолы шаршап, қары талып, дымы құрыған «сабазың» өзінің «еңбек құралы» гантельді «жұмыс орнына» тастамай, пункттен шығып кетеді. Алайда оның үстіне киген киім-кешегінің түсі және бүкіл қылмыстық әрекеті бейнетаспаға жазылып қалады. Бұған қоса  саусақ және алақан іздері де заңға қайшы әрекет орын алған жерде қалып қояды. Арам жолмен ақша таппақ болып, екінші рет қарақшылық шабуылға барған әлгінің қасында бұл жолы және біреу болады. Осы қылмыстық қарекетті тергеп-тексеруге шұғыл кіріскен Орал қалалық ІІБ құрамындағы Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері таяуда 1993 жылғы екі күдіктіні ұстады.  Қос  қарақшы құрдас бүгіндері басқарманың уақытша оқшаулау абақтысында қамауда отыр. Заңға қайшы әрекеттерін мойындаған олардан гантель, қысқы қалың қара түсті күрте мен бас киімі тәркіленді. Қарақшылық әрекетке барған екеуге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-ші бөліміне сәйкес іс қозғалып, тергеу-тексеру шаралары жалғасуда.

Өз  тілшіміз


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика