350 тұрғынды қабылдады

Күні , 78 рет оқылды


Өткен  сенбіде  Орал  қаласындағы  Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  дәстүрлі  «Ашық  әкімдік» шарасы  ұйымдастырылды.  Шарада  облыс  әкімінің  орынбасарлары  және  барлығы  44  мемлекеттік  ұйым, коммуналдық  мекемелердің  басшылары  әр  түрлі  мәселемен  жолыққан  облыс  тұрғындарын  қабылдады.


Біз әңгімеге тартқан тұрғындардың денін тұрғын үй, жер кезегі мәселелері мазалайтыны аңғарылды. Оларға берілетін жауап та біркелкі: «Кезегіңізді күтесіз, біз заңнан асып  ештеңе  жасай  алмаймыз…».

Айман Меңдәлиева есімді қала тұрғыны жұбайының қос бөтекесі бірдей ауырып, ерекше күтімді қажет ететін бірінші топ мүгедегі болғандықтан, дәрігерлердің кеңесімен 2011 жылы қалаға көшіп келгенін айтады. Осы жағдайына байланысты 2012 жылдың соңына таман оларға үкімет тарапынан жатақхананың бір бөлмесі берілген екен. Алайда 2014 жылы ұзаққа созылған науқастан 28 жыл отасқан жұбайы о дүниелік болған. «Енді мені далада қалдырмайтын шығар деп қала әкімінің қабылдауына келдім. Мәселемді қарастыратын болды» дейді ол.

– Менің қабылдауымда болған тұрғындар негізінен қоғамдық тәртіпті нығайту, әсіресе, көп қабатты үйлердің аулаларындағы тәртіп, жол-көлік оқиғалары мен отбасындағы жанжал, көршілер арасындағы дау-дамай мәселелерімен жолықты. Әр мәселенің шешу жолдарын қарастырып, қажетті шараларды қолға аламыз, – дейді облыстық жергілікті полиция бастығы, полиция полковнигі   Манарбек   Ғабдуллин.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, қабылдау кезінде өзі басқаратын салаға қатысты офтальмолог қызметін дамыту, аурухананың материалдық-техникалық жағдайын жаңарту секілді бірқатар ұсыныстар, сондай-ақ жекелеген тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмек қажеттілігіне байланысты сауалдар болған. Олардың бірқатарының мәселесі сол жерде шешілген болса, енді кейбіріне қажетті кеңес берілген.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлдана Аргенованың айтуынша, осы жолғы «Ашық әкімдікте» мекеме басшылары барлығы 350 тұрғынды қабылдаған. Тұрғындардың 40 пайыздайы тұрғын үй мәселесімен жолықса, тағы 40 пайызы әр түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша, қалғаны өзге де сұрақтармен келген. Әсіресе, мүгедектік жәрдемақы, денсаулық, білім саласы, жол құрылысы мәселелері көбірек көтерілген.

«Ашық әкімдік» қабылдауына келген қала тұрғындарының ішінде журналистер қауымының ерекше назарын аударғаны Нұршат Бисекенова есімді жас келіншектің жан айқайы болды. Ол өткен жылдың көктемінде қайғылы жағдайға ұшыраған. Нұршаттың айтуынша, күйеуі Подстепный ауылы маңында тасжолдың топырақты жиегімен жүріп бара жатқан жерінен көлікке қағылып, қайтыс болған. Аталмыш көліктің иесі ұсталғанымен, тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмей, оқиғаның нақты куәгерінің жауабы есепке алынбай, қылмыстық іс екі мәрте қысқартылған. Жәбірленушілердің наразылығы нәтижесінде бүгінгі таңда аталмыш қылмыстық іс үшінші рет көтеріліп отыр. «Қылмыс бұл жолы да «бармақ басты, көз қысты» әрекеттермен бүркемеленіп, соттың әділ шешіміне жете алмаймыз ба деген қаупім бар…» деп шырылдайды әкесіз қалған қос сәбидің анасы. Нұршат Ғалымқызы осы мәселемен облыстық деңгейдегі барлық құзырлы мекемелердің, тіпті облыстық әкімдіктің де есігін қаққан.

– Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың, облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Наймановтың, аталмыш мекемеге қарасты заңдылықты қадағалау және тергеу басқармасының бастығы Азамат Сәтбаевтың қабылдауында болдым.

Арман Кәрімұлының жылы қа-былдап, жағдайыма жанашырлық танытқаны, «мәселені бақылауға аламыз» дегені қамыққан көңіліме дем берді, – дейді Нұршат Бисекенова.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика