Зеленовтың әлеуеті арта түспек

Күні , 24 рет оқылды


Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың тұрғындармен есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бағамдап, облыс ауқымында жүзеге асырылатын жұмыстар туралы ой бөлісті. Есептік кездесуге облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Б. Қонысбаева, И. Стексов, Ғ. Оспанқұлов және облыстық деңгейдегі бірқатар сала басшылары мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты.


Алдымен жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысқан облыс әкімі алаңның жүйелі жұмыстануын алға тартты. Рухани жаңғыру бағытындағы бастамаларға нұсқаушылық жасайтын алаңның ұдайы ізденісте болып, тұрғындар тарапынан жасалған игі ұсыныстарды тиімді іске асыру бағытындағы жұмысына  сәттілік  тіледі.

Ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жұртшылық назарына бейнебаян арқылы ұсынылды.

Бейнебаянда ауданның бюджеттік-салықтық түсімдері, ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастарын реттеу, халықты сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, өңірлерді дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы мәліметтер келтірілді.

Ауыл шаруашылығы кең тынысты ауданда 2017 жылы айтарлықтай нәтиже тіркелді. Егіс алқабының көлемі кеңейтіліп, 215,8 мың гектарға жетті. Дәнді дақылдардың жалпы көлемі 17,3 ц/га, орташа өнімділік көрсеткішімен 225,3 мың тонна құрады. 156,0 ц/га орташа өнімділік көрсеткішімен жиналған картоптың жалпы көлемі 24,3 мың тонна, көкөніс дақылдары 20,1 мың тонна, орташа өнімділігі 162 ц/га, бақша дақылдары – 7,0 мың тонна, орташа өнімділігі 155 ц/га. Өткен жылы ауданда күздік дақылдар бойынша рекордтық өнім жиналып, орташа өнімділік – 27,9 ц/га құрады, тіпті кейбір шаруашылықтардың өнімділігі – 43,0 ц/га-ға дейін жетті. Сондай-ақ өткен күзде күздік дақыл себілген алқап көлемі 2 мың гектарға ұлғайып, 43,0 мың гектарды еңсерді. 2017 жылы майлы дақылдардың жалпы көлемі 1,4 есеге  ұлғайып, 31,5  мың  га  құрады.

2017 жылы ауданда 9,4 мың тонна ет, 39,0 мың тонна сүт, 63,7 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Мал басында  аздап  болса  да  өсім  бар.

Ауданда тоғыз ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, оның төртеуі ірі қара мал бордақылау, екеуі сүт қабылдау, өңдеу, екеуі мал тұқымын асылдандыру, біреуі бау-бақша өсіру бағытында жұмыстанады. Көшім және Переметный ауылдарында ауыл шаруашылығы кооперативіне тиесілі модельді мал сою бекеттері ашылып, жұмыстануда. Сала жұмысының нәтижелі болуына қаржылай қолдаудың ықпалы ерекше. 2017 жылы 153 қарыз алушыға  1211,3 млн. теңге несие қаражаты беріліпті. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Береке» бағдарламасымен 6 АШӨК (101 қарыз алушы) жалпы сомасы – 355,7 млн. теңге, «Батыс – Шаруа» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 48 қарыз алушыға – 786,7 млн. теңге берілген. «Агрокредиттік корпорация» АҚ арқылы төрт қарыз алушыға, жалпы сомасы 68,9 млн. теңге және бағытталған. Бұдан бөлек зеленовтық ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы көлемі 1,1 млрд. теңге демеуқаржыға қол жеткізген. Мемлекет тарапынан ауданның өсімдік шаруашылығына – 365,3 млн.  теңге,  мал шаруашылығына – 365,8 млн. теңге,  инвестиция – 309,5 млн.  теңге, өнім өңдеу мақсатына – 13,5 млн.  теңге  төленген.

2018 жылдың қаңтарындағы көрсеткіш бойынша ауданда 1043 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 126,8% орындалса, ресми жұмыссыздық  деңгейі 0,9 % көлемінде қалды.

«Өрлеу» бағдарламасына қатысушы 20 отбасыға жеке қосалқы шаруашылық құруына және жеке кәсібін дамытуға 4,6 млн. теңге көлемінде қаражат төленсе, 88 отбасыға 1,0 млн. теңге көлемінде коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын  үй  көмегі  беріліпті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіптің 3190 субъектісі тіркеліп, 2016 жылға қарағанда 20,8%ға өскен. Қазір жұмыстанып тұрған шағын және орта бизнес субъектілер саны 2895 құраса, онда 674 жұмысшы еңбектенуде. Шағын және орта кәсіптің өндірген өнім көлемі (жұмыс және қызмет) 16,5 млрд. теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша тіркелген 48 шағын цехта 347 адам жұмыс істеуде. Олар өткен жылы 649,7 млн. теңгеге өнім өндірілген. Экономиканың жаңа драйверіне айналуды көздеген саланың қарқыны қалыпты, өнім көлемін алдағы уақытта әлі де арттыра түсетін  әлеуеті  зор.

Есептік бейнебаянда ауданның инфрақұрылымдық жағдайы да терең зерделенген. Ауданда орталықтандырылған су құбырымен 28 елді мекен қамтылған, бұл халықтың 41,2%-ын құрайды. 37 елді мекен (54,4%) шахталық құдық суын пайдаланса, тұрғын саны 482 адамды құрайтын үш елді мекенге ауыз су тасымалдануда. Ауданның табиғи газбен қамтылуы 82%.

Барлық 68 елді мекеннің әзірге 50-і көгілдір  отынның  игілігін  көруде.

Тиянақты атқарылған істі тайға таңба басқандай тізбектеген бей-некөрсетілім тәмамдалған соң аудан әкімі Асхат Берлешұлы мінберге көтеріліп, жыл бедерінде атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халықты хабардар ету мақсатында барлық 22 ауылдық округте елмен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсаттарымызды нақтыладық. Есептік кездесулерде талқыланған барлық мәселелер Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асырумен сабақтаса жүзеге асырылады. Өткен жылы ауданда халыққа ұсы-нылатын мемлекеттік қызмет сапалы орындалып, әр салада айтарлықтай белестерді еңсердік. Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасын таба береді, – дей келе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиянақты іске асыру, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарды еңсеру, цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысының айтуынша, биыл ауданда таза ауыз су тарту, жол жөндеу, әлеуметтік ғимараттарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, абаттандыру, тұрғын үй салу жұмыстары қарқын алмақ. Биыл кейбір шағын ауылдарға газ тартылады. Макаров округіне қарасты Факел ауылына көгілдір отын тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұдан бөлек, Кирсанов, Красный свет, Мирный, Владимировка, Кіші Шаған, Павлов және Горбунов ауылдарына газ тартуға құжаттама жасақталуда.

Өткен жылы атқарылған жұмыстарды түйіндеген аудан әкімі алда атқарылар жұмыстар жайын да пысықтап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған нақты міндеттерінің бірі де бірегейі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын батыл іске асыру, маңызды реформаның игілігін межелі уақытында халықпен бірге көру. Бұл бағыттағы жұмысымыз жоспарлы іске асырылуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданда тақырыптық ғылыми-конференциялар, зиялы қауыммен кездесу кештері, аудан оқушыларының еліміздің киелі орындарына саяхаты, аудан жастарының ел тарихын тану мақсатында экспедициялары ұйымдастырылды, – деді Асхат Берлешұлы.

Одан әрі аудан әкімі «Қазақстан – 2050» стратегиясының ұлт денсаулығын нығайту мақсатында бұқаралық спортты дамытуды міндеттейтіндігін айта келіп, ауылдық округтер мен аудан орталығында балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары салынатындығын жеткізді.

– Аудан орталығында өткен жылдың соңында «street work out» және балалар ойын алаңы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Елбасы мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті азаматтардың қолдауымен «Ана мен бала» демалыс саябағы, «Менің елім» монументі ашылды. Сондай-ақ ағымдағы жыл басында аудан тарихында тұңғыш рет қазақ ақыны Қасым Аманжоловқа мүсін орнатылды. Жергілікті ақын, еңбек ардагері Құмарғали Ғұбайдоллаұлының «Дала дауысы» жыр жинағы оқырманға жол тартты. Аудан орталығынан «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесі өз жұмысын бастады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Елбасының мақаласы ел дамуының нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат екендігін айтып, іскер жерлестерімізді игі мақсатқа жұмылуға шақырудамыз. Осы орайда жергілікті азаматтардың қолдауымен биыл 35 жобаны іске асыруды ойлап отырмыз. Олардың қатарында демалыс саябақтары, спорттық алаңдар мен гүлзарлар, жастар саябақтары бар, – деген Асхат Берлешұлы бұл бастамалардың жастарды отансүйгіштікке баулып, бұқараның спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал  ететіндігін  жеткізді.

Есептік кездесуде сөз алған тұрғындар ауыл көшелеріне қат-қыл жол төсеу, ашық стадионды жабдықтау, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектің тапшылығы, мемлекеттік қызметтегі жас мамандардың өсуі, тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізуге жер телімін бөлу мәселелерін алға тартты. Әр сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы мінберге көтерілді.

– Бүгін баяндалған істеріміз алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықтың ырыздық-ырысын арттыра бермек. Біз берекені көктен емес, еткен еңбектен  тілейтін елміз. Осынау кездесулерде көтерілген сұрақтардың сапасы мен мазмұнының өзгергені мені шын қуантады. Біздің алдымызда бір ғана ұлы мақсат бар. Ол – бірлігі мығым, ырысы мол, жастары білімді, тілі мен ділі берік сақталған мәңгілік елге айналу. Бұл – тұтас халқымыздың ізгі арманы, игі ниеті. Ел игілігі үшін жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданған құжаттар өз нәтижесін беруі үшін бәріміз жауаптымыз, – деген облыс әкімі өңірдегі ең негізгі жол, ауыз су мәселелерінің мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында шешіліп отырғандығын алға тартты.

Сондай-ақ халықты баспанамен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге жағдай жасау, ауыл шаруашылығын дамыту сынды өзекті мәселелердің күн тәртібінен түспейтіндігіне тоқталып, бұл салада Зеленов ауданының әлеуеті жоғары екендігіне назар аударды. Құнарлы топырақта егіннен мол өнім алып, мал басын асылдандыру арқылы өнімін еселей білген зеленовтық шаруаларға ризашылығын білдірген облыс әкімі қол жеткен нәтижелерді төмендетіп алмауды қаперледі.

Жиын барысында көтерілген әр сұраққа жауап берген Алтай Сейдірұлы тұрғындарды Елбасының Жолдауын іске асыруға жұмылуға, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына белсенді  үн  қосуға  шақырды.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

Суреттерді түсірген  Айбатыр НҰРАШ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика