Сталинград қаһармандары ұмытылмайды

Күні , 40 рет оқылды


Сталинград  майданының 75 жылдығына байланысты М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Оған соғыс ардагерлері мен тарихшылар және студенттер қатысты. Шара Еділ жағалауындағы қиян-кескі ұрыс жайында түсірілген деректі фильмді көрсетуден басталды.


– Жаңа дәуірден бермен кезеңдегі шайқастармен салыстырғанда, ХХ ғасырдағы ҰОС-ның ауқымы сұрапыл болды. Герман әскерлері соғысты бастағанда Кеңес армиясының жағдайы нашар еді. 1942 жылы фашист басқыншылары Еділ жағалауына жетті. Олар әскери қару-жарақ пен техника шығаратын кәсіпорындары бар Сталинград қаласын бір аптаның ішінде басып алып, кейін Каспий теңізі арқылы Қап тауында өндірілетін мұнайға қол жеткізгісі келді. Бірақ Еділ жағалауындағы ұрыс ұзаққа созылып, Сталинград  майданында қос тараптан екі миллионға жуық адам қаза тапты, – деді шараны ашқан университеттің тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Хамида Қожабергенова.

Дөңгелек үстелде баяндама жасаған БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынованың мәліметінше, 12 шілдеде Оңтүстік-Батыс майданы басқармасының негізінде Сталинград майданының жаңа басқармасы құрылды. Оның құрамына 62, 63, 64-армиялар, Батыс майданнан 21, 8-әуе армиялары, 1, 4-танк армиялары, 28, 38, 57-армиялардың бөлімдері кірді. Қорғаныс шебінің ұзындығы  500 км-ден асты. 22 шілде күні немістердің генерал-полковнигі Ф. Паулюстің 6-армиясы Сталинград, Астраханды басып алып, Еділге бекіну үшін шабуылға шықты. 1942 жылдың 28 шілдесінде КСРО Қорғаныс халық комиссарының әскердің артқа шегінуіне болмайтыны жөнінде №227 бұйрығы шықты. Кеңес армиясы қаланы қорғап қалуға бар күшін салды. Сталинград түбіндегі қарсы шабуыл 1942 жылдың күзінен басталды. Даңқты 62-армияның құрамында 3800-ден астам қазақ болды. Осы шайқасқа Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрама мен бөлімнің үштен біріне жуығы қатысты. Әйгілі 64-армияның құрамында қазақстандық 29 және 38-атқыштар дивизиясы болды. Олардың екеуі де кейін 72 және 73-гвардиялық дивизияларға айналды.

Сталинград  операциясына Қазақстаннан бес атқыштар, бір атты әскер дивизиясы, бір танк атқыштары бригадасы, бір минометті полк қатысты. Шайқаста ерекше көзге түскен 55 құрама мен бөлім ордендермен марапатталды. 100-ге жуық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград майданында қазақ ерлерінің бірі, полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі ғана жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды.

Кездесуде профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Ағила Нұрғалиева батысқазақстандық тыл еңбеккерлерінің жеңіске қосқан үлесін баяндаса, университет магистранты Жалғас Идаев Орал қаласында майдан күндері туралы сыр шертетін көше атауларына тоқталды.

Тағылымды шарада майдангер Қалам Сүйіншәлиев бозбала шағында соғысқа аттанып, қару ұстауды меңгергенін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қатарында ұрысқа қатысқанын әңгімеледі. Ардагер елге оралғаннан кейін ұрпақ тәрбиесіне араласып, БҚМУ-да тарихтан дәріс берген. Дөңгелек үстелде университетте педагог болып, ұзақ жыл еңбек еткен Меруерт Жолдықайырова да жастарға ерлік салтын құрметтеп, бейбіт заманда қанағат-шүкіршілікті ұмытпау қажеттігін айтты. Ардагер-ұстаз – соғыс жылдарында облыстық радиокомитетте диктор қызметін атқарған, кейін Жеңіс күні туғанын алғаш  хабарлағандардың  бірі.

– Майдан кезінде радиотолқындар арқылы қауіпті нүктелер жайында шұғыл ақпарат беріп отырдық. Кеңес әскері дұшпанның басып кіргені жөнінде хабарсыз болды. Мәскеу түбінде миллиондаған адам қырылды. Сталинград шайқасында радистер Еділдің екі жағына алма-кезек ауысты. Бес ай бойына телеграфпен «толқын ауладық». Қиян-кескі ұрыс кезінде өзеннің қанға боялғанына куә болдым. Егер қазіргі кездегідей ұялы байланыс телефоны қолымызда болғанда, мұншалықты сұрапыл майдан болмаушы еді, – деді шараға қатысқан ҰОС  ардагері  Григорий  Шишонков.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ

*  *  *

Таяуда Орал қаласындағы Гагарин атындағы балалар кинотеатрында «Ардагерлер – ардағым» шарасы аясында Сталинград  түбіндегі  майдан  жеңіспен  аяқталғанына 75 жыл толуы құрметіне шара өтті. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен студенттер қатысты.

Онда облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы шығарған «Жеңіс тарихы» фильмінің Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына арналған бөлімдері көрсетіліп, кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.

Аталмыш шараны ұйымдастырған ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры, өлкетанушы Айболат Құрымбаев өз сөзінде Сталинград шайқасының тарихтағы орны жайында айтты. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Алексей Толкачев, Григорий Шишонковтар естеліктерімен бөліссе, жоғарыда аталған фильмнің сценарийін жазған мәдениет қайраткері Құжырғали Төлеуішев, аталмыш кинотеатрдың директоры Әлфия Стародубцевалар  ой-пікірлерін білдірді.

Серпін САЯҚ

Хамза САФИН,

Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Өзім Сталинград майданында болғаным жоқ. Басқа жерде жаумен соғыстық. Соның өзінде жанкешті шайқастың әсері бізге де сезілді. Сталинградта нацистік Германияның әскери қуатының бел омыртқасы опырылды. Содан кейін дұшпан ешқашан басымдыққа ие болған жоқ. Міне, сондықтан шайқастың ел мен әлем тарихында оқшау орны қалды.

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

тарих  ғылымдарының  магистрі, өлкетанушы:

– Сталинград шайқасының отбасылық өміріме тікелей қатысы бар. Марқұм нағашы атам Абдолла Шәкіржанов сол шайқасқа қатысып, тек батыр қаланы ғана емес, мәңгілік қазақ даласын да озбыр жаудан қорғап қалды. Өйткені Еділден бері өтсе, дұшпанды тоқтату мүмкін емес еді. Ол аз десеңіз, атам Қабдолла және әкем Қанафия Құрымбаевтар сол жылдары теміржолшы болып, Астрахан – Рязан теміржолының №65 разъезінде кәсіби міндеттерін абыроймен атқарыпты. Көпке мәлім, теміржолшылар үнемі жау ұшақтарының шабуылына ұшырап, зор бейнет шекті. Соған қарамастан олар барлық кедергіні қайсарлықпен жеңіп шықты. Бала кезімде сол аяулы жандардан ұлы шайқас туралы талай тәлімді әңгімені естігенім бар. Кейін тарихшы ретінде Бөкей ордасы ауданынан оқушылардың «Сайқын – Сталинград» туристік саяхатын сан рет ұйымдастырдым. Демек, Сталинград шайқасы мен үшін де қасиетті ұғым.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика