Олимпиадашыларға қолдау білдірді

Күні , 111 рет оқылды


Сейсенбіде  қаламыздағы  Мұзайдын спорт  сарайында  XXIII  қысқы олимпиада  ойындарына  қатысатын  облыс  спортшыларын қолдауға  арналған  қысқы  спорт  түрлері  фестивалі  өтті.


Оңтүстік Корея төрінде сынға түсетін олимпиадашыларға қолдау көрсетуге арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла  Оспанқұлов арнайы келді.

Ақ Жайық өңірінде соңғы жылдары қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде шорт-трек 2002 жылдан бері қарқынды дамуда. Осы аралықта біздің жерлестеріміз ұлттық құрама сапында түрлі додаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. ХХIII қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында шорт-тректен еліміздің намысын қорғайтын батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев көк Туымызды көтеріп шығатын болады. Бұл – біз үшін мақтаныш», – деген Ғабидолла Абдоллаұлы спортшыларға жеңіс тіледі. Сонымен қатар көрермендер арасында отырған Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтің аналарына ризашылығын  білдірді.

Шара барысында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, допты хоккей, шайбалы хоккей сынды қысқы спорт түрлерінен көрсетілім қойылып, көрермендер арасында ойын да ойнатылды. Мұз үстінде өнер көрсеткен конькимен сырғанаудың түр-түрін меңгерген спортшыларға қошемет пен ыстық ықылас зор болды. Айта кету керек, жас мәнерлеп сырғанаушылардың «Қара жорға»  биі  ерекше  көзге  түсті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

* * *

Таяуда  Пхенчхан  қаласында  өтетін  ХХІІІ  қысқы  олимпиада  ойындарында  еліміздің  байрағын  спортшы  Абзал  Әжіғалиев ұстап  шығатыны  белгілі.  Осыған  орай  Жосалы  ауылының  А. Жұмағалиев  атындағы  орта  мектеп-балабақша  кешенінің ұстаздары  мен оқушылары  бірлесіп,  туған  жерден  түлеп  ұшқан  перзентін  қолдау  мақсатында  акция  ұйымдастырды. 

Акцияда сөз сөйлеген мектеп директоры Ә. Тәжіғалиев спортшы ұлға зор сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Салауатты өмір салтын насихаттаған шара оқушылар арасында өткен шаңғы жарысымен жалғасты. Ауылдастары ұлттық құрама сапында  өнер  көрсететін  шорттрекші Абзал  Әжіғалиевті  мақтан  тұтады.

Бибінұр  НҰҒЫМАНОВА,

Қоңыр  ауылы,

Сырым  ауданы

* * *

Шорт-тректен  әлем  кубогы  кезегінің  жеңімпазы,  жақын күндері  басталатын  қысқы  олимпиаданың  ашылу  салтанатында  еліміздің  көк  байрағын алып  шығатын  Абзал  Әжіғалиев қаладағы  М. Ықсанов  атындағы  №36  мектепте  білім  алған болатын.  Кеше  аталған  мектепте  ХХІІІ  қысқы  олимпиадаға қатысатын  жерлес  спортшыларымызға  қолдау көрсетуге арналған  салтанатты  шара  болды.

Айта кетейік, қысқы олимпиада ойындарына Оралдан шорт-трек шеберлері, әлем кубогы кезеңінің жеңімпаздары Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев қатысады. Айтулы додада жерлестеріміз 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Нұрберген сондай-ақ 1000 және 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. Оған қоса жерлестеріміз 5 мың метрлік эстафетаға  қатысады.

Спортшыларға қолдау көрсету мақсатында өткен шарада мектеп директоры Әзима Ғұбашева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, Абзал Әжіғалиевтің анасы Шолпан Тұрарбекқызы, Нұрберген Жұмағазиевтің анасы Зинегүл Жұмағазиева құттықтау сөз сөйлеп, ел намысын қорғайтын батысқазақстандық ұлдарына жеңіс тіледі.

Шара барысында қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған эстафеталық сайыстар ұйымдастырылып, оқушылар флешмоб билеп, әсем  әндер  орындалды.

Ләззат  СӘЛІМОВА,

М. Ықсанов  атындағы №36  мектеп  директорының орынбасары


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика