31.01.2018, 21:55
Қараулар: 330
Түйткілді түйін қашан тарқатылмақ?..

Түйткілді түйін қашан тарқатылмақ?..


Жақында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігі комитетінің пленумы өтті.


Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаевтың айтуынша, 2015 жылы Білім және ғылым министрлігімен 20152017 жылдарға арналған салалық келісім қабылданған. Осы құжаттың  негізінде әлеуметтік әріптестікті дамыту және жетілдіру жөніндегі шаралар аясында облыстық білім басқармасы мен аталмыш қоғамдық бірлестік арасындағы 2016-2018 жылдарға арналған аумақтық келісім жасаған. Келісімде еңбек заңнамасы негізінде педагогтардың, ғылыми педагог кадрлардың, білім және ғылым саласының басқа да қызметкерлердің көптеген өмірлік маңызды мәселелері шешіліп, лауазымдық айлықтарға қосымша және үстеме ақылары мөлшері, жұмыс уақытының ұзақтығы реттеліп, кепілдіктер, еңбек жағдайына өтемақылар мөлшері анықталды. Бірақ әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер баршылық. Мысалға, аталмыш келісім бойынша жергілікті өкілетті билік органдарының ауылдық білім беру ұйымдарының педагог және медицина қызметкерлеріне отын және коммуналдық қызмет шығындарының өтемақыларын міндетті және бірыңғай мөлшерде тағайындауына қол жеткізе алмай келеді. Бұл мәселе облыс бойынша тек Бөрлі ауданында шешілген. Сонымен қатар білім қызметкерлерін міндетті мерзімді медициналық тексеруді қаржыландыру мәселесі де толық орындалмай отыр.

Педагогикалық  білім  қызметкерлерін тегін міндетті медициналық тексеруден өткізу мәселесі Бөрлі, Жаңақала, Теректі, Жәнібек аудандарында ғана бұрыннан жолға қойылған. Өткен жылғы маусым айында облыс әкімінің аппаратына және аудан әкімдеріне хат жолданып, жүйелі жұмыстану нәтижесінде Қазталов, Сырым, Тасқала аудандарында бұл мәселе оң шешімін тапқан. Алайда Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Зеленов, Шыңғырлау аудандарында бюжет қаржысы тапшы деген желеумен түйткілді мәселенің түйіні тарқатылмаған. Сондықтан басқосуға қатысушылар мәселені облыстық мәслихаттың қарауына  шығаруды  ұсынды.

Пленумда баяндама жасаған облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темірғалиеваның айтуынша, кәсіподақ мүшелерінің қатарын толықты-ру мақсатында 2017 жылы бірқатар нақты шаруалар жасалған. 2017 жылдың 1 қаңтардағы статистикалық есеп бойынша кәсіподақ мүшесінің саны 30 139-ға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 451-ге жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда кәсіподақтың мүшелік санының 6027-ге, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 64-ке өскенін көрсетеді.

Орталық комитетке берілген 2017 жылдың маусым айындағы есептік көрсеткіш бойынша кәсіподақ мүшелігінің саны – 35 373-ті құрайды.  Өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын бірден-бір ұйым саналатын кәсіподақ ұйымына мүшелікке тарту жұмыстары  жалғаса  бермек.

– Облыстық кәсіподақ комитетіне түскен кәсіподақ мүшелерінің жеті  арызы мен өтініші уақытында қаралып, ұжымдарда жанжалды жағдайлардың оңынан шешілуіне және қызметкерлердің өкілі ретіндегі кәсіподақтардың рөлін арттыруға септігін тигізді. Мысалы, Орал қалалық «Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы» бастауыш кәсіподақ ұйымының үш кәсіподақ мүшесінің қызметкерлерге берілетін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қатысты өтініштері тіркелген. Осы жөнінде кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беріліп, нәтижесінде ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес кезекті еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге ұзартылып, заң жүзінде тиесілі еңбекақылары қайтарылып, өтініштері қанағаттандырылды, – деді облыстық кәсіподақ ұйымының бас маман-заңгері Гүлжанат Құрманғазиева. Оның айтуынша, білім беру мекемелеріндегі өндірістік кеңестердің құрылуы мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды оқыту бағытында да жұмыстар қолға алынған. Мы-салға, «Республикалық ғылымизерттеу институтының» БҚО филиалы және аталмыш кәсіподақ ұйымымен 200 техникалық инспекторды оқыту жөніндегі жасалған келісім негізінде бірқатар білім беру мекемесінің техникалық инспекторлары оқытылып, үш жылға жарамды сертификат иеленген. Соның ішінде Ақжайық, Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының 200-ге жуық  техинспекторы  дәріс  алған.

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас есепшісі Гүлнұр Хайырлиеваның баяндамасына сүйенсек, білім саласының қызметкерлерін сауықтыру үшін шипажайларға 50 пайыздық (стандарт номер) жеңілдікпен 2016 жылы 282 жолдама берілсе, былтыр облыстық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне 407 жолдама берілген. Соның ішінде келісімшарт негізінде кәсіподақ мүшелерінің кезекті еңбек демалысында «Ақжайық» шипажайында 365, ал кесте сыртында 24  кәсіподақ мүшесі демалған. 2017 жылы кәсіподақ мүшелерінің ұл-қызына демалуға 58 жолдама  берілген. Есепті мерзім ішінде  Бөрлі аудандық кәсіподақ ұйымы 20 баланы «Евразия» туристік-сауықтыру кешеніне, Зеленов (Приуральный) аудандық кәсіподақ ұйымы алты баланы «Жас  натуралистер» слетіне жіберсе, халықаралық «ЕХРО – 2017» көрмесіне Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымы 12 оқушыны, Бөкей ордасы аудандық кәсіподақ ұйымы  20  ұл-қызды  жіберген.

Облыстық кәсіподақ ұйымының құрамындағы 29 жасқа дейінгі жастар саны 6013-ті құрайды, бұл облыстық кәсіподақ бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 20 пайызын құрайды. Кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – жастарды кәсіподаққа тарту, жастар кәсіподақ қанатын құру болып табылады. Осы мақсатта құрылған облыстық кәсіподақ ұйымының жастар ісі жөніндегі кеңе-сінің жақсы жұмысы аталып өтті.

Пленумда бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелері марапатталды. «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен  және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің» Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар