Сұрапыл жылдар жаңғырығы

Күні , 469 рет оқылды


Осыдан  76  жыл  бұрын  ұлы  өзен  –  Еділдің  аумағында  тарихта  теңдесі  жоқ  Сталинград  шайқасы  басталды.  Қанды  қырғын  тек  орыс  жерімен  шектеліп  қалмай,  қазақ  даласының  батыс  бөлігі  Жәнібек  пен  Орда  аудандарын  да  шарпыды.


Тарихшылардың пайымдауынша, аталмыш шайқас 1942 жылдың 17 шілдесінде басталып, 1943 жылдың  2 ақпанында аяқталған. Неге «17 шілде» және «2 ақпан»? Өйткені, 17 шілдеде неміс әскері аталмыш облыстың аумағына енді. Ал 1943 жылдың 2 ақпанында осы қала аумағындағы қоршалған жау қолын талқандап, тірі қалғанын тұтқындау толық аяқталды.

Сөз жоқ, сұм соғыстың қалдырған зияны аз болған емес. Ең әуелі балалық шағыма сәл тоқталсақ. Әлі есімде, сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Жәнібекте үлкен де биік элеватор болды. Соның жанында жазғы бақ болғандықтан, сонда жиі ойнайтын едік. Кейде астық сақтау орнына да кетіп қаламыз. Астық сақтайтын көне орынның жоғары жағында кісі сиярлықтай домалақ ауқымды тесіктер болды. Соны сұрағанда, кәсіпорынның қарт жұмысшылары оның неміс бомбасынан қалғанын айтты. Сірә, сусыған бидай үстіне түскен бомбаның кейбірі жарылмай қалып, кейін оны саперлар залалсыздандырса керек. Жәнібек стансасының 1904 жылы салынған теміржол вокзалынан 100 метрдей жердегі су айдау мұнарасы белінен темір құрсаумен беркілтіген. Оған да бомба түсіп, мүлдем қирамауы үшін кезінде әлгі құрсау салынған сыңайлы. Өкініштісі сол, жоғарыда аталған элеваторды «жекешелендіру» желеуімен әлдекімдер бұзып алыпты. Соғыс жылдарында әскери госпиталь болған байырғы Жәнібек қазақ орта мектебінің бүгінде орны да жоқ. Ол да элеватордың жолын құшты.

«Неге жау қазақ жеріндегі Жәнібек, Сайхын және Шоңай стансаларына айрықша шүйлікті?» деген заңды сұрақ туады. Біріншіден, ол Сталинград майданының жақын тылына айналды, екіншіден, Рязань – Астрахань теміржол желісінің бойында орналасты. Теміржол арқылы әскер, қару-жарақ, азық-түлік, жалпы майданға не қажеттің бәрі тасылды. Әрине, дұшпан қазақ жерін ғана емес, сол аймақтағы орыстың Палласовка, Гмелинская және басқа стансаларын да бомбалады. Соққы беру тек бомбамен шектеліп қалмай, әуеден арнайы топтар (диверсанттар) түсіру, үнпарақтар лақтыру, басқа да зиянды әрекеттермен жалғасып жатты. Енді әңгімемізді көзі тірісінде естелік дәптерін осы жолдардың авторына тапсырып кеткен Жәнібектің байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі, марқұм Сірәлі Нұрпейісов ағамыздың жазбасымен жалғастырайық: «1942 жылдың сәуір-мамыр айларында аудан орталығына майданнан жаралылар әкеліне бастады. Олар екі мектеп және балалар үйіне орналастырылды. Жаралылар саны көп ұзамай мыңнан асып кетті. Оларға сол кездегі жәнібектік жастар Сапар Жұмақанов, Ақлима Дәулетқалиева, Людмила Финогенова және басқалары көмектесіп, аялы қамқорлыққа алды. Көп ұзамай жау ұшқыштары Жәнібекті қазан, қараша, желтоқсан айларында жүйелі түрде бомбалаумен болды. 200-ден астам үй мен мекеме ғимараты істен шықты. Амалсыздан аудан және облыс басшылығы мемлекеттік мекемелерді станса шетіне және ауылдарға көшіруге мәжбүр болды. Бірақ сонда да бірде-бір мекеме, мектеп, адамдар да жұмысын тоқтатқан емес. 1942 жылдың күзінде Жәнібекке танк, зенит және атты әскер полктары орналасты. Аталмыш әскери құрамалардың халыққа да, аудан орталығын жаудан қорғау ісінде де көмегі көп болды. 1942 жылдың шілде-тамыз айларында жергілікті биліктің ұйғаруымен Сталинградқа 400 текше метр ағаш жіберу жөнінде шешім қабылданды. Талай үйлер бұзылып, дайындалды. Іс біткесін, жиналған ағаш Сталинград майданынан келген өкілге тапсырылды». Марқұм майдангер ағамыздың жазбасының шағын бөлігінің өзінен ел басына ауыр күн туғанда жәнібектіктердің де бүкіл отандастары сияқты еңбекте ерлік танытып, Ұлы Жеңіске лайықты үлестерін қосқаны көрініп тұр. Неміс басқыншыларының өршелене жасаған әуе шабуылына жәнібектіктер ұйымшылдығы мен қайсарлығын қарсы қо-йып, Отан алдындағы парызын ойдағыдай өтеп шықты.

Тақырыпқа тағы бір мысал. «Белес Агро» компаниялар тобының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Жәкібаевтың бастамасымен Ұлы Отан соғысының өлкемізге қатысты тұстарын баяндайтын бірнеше деректі киноленталар түсірілді. Сонау жылдары өмірге келген фильмнің бірі – Жәнібек ауданына арналған. «Жәнібек. Соғыстың іздерінде» бүгінде өмірде жоқ тыл ардагерлері Қасым Харесов, Меңдіхан Бәсеров, Биташева және басқаларының естелігі берілген. Ал мұның өзі өте құнды дерек. Соғысты көзімен көргендер жыл сайын сиреп келеді ғой. Кезінде солардың айтқанын жазып алып, кейінгілерге жеткізу – өте сауапты іс. Біз М. Жәкібаевтың келешекте жарқын ісін жалғастырарына сенеміз.

Біздің өңірдің Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының сол соғыстағы жанқиярлық ерлігі мен неміс нацизмінің қазақ жерінің бір пұшпағындағы сойқанды ісі Қазақстанның біраз жеріне әлі күнге дейін беймәлім десек, қателеспейміз. Ал Жәнібекпен көршілес орыстың Палласовка ауданына соғыстан тартқан залалы үшін 10 млн. рубль жәрдемақы төленген. Есесіне қазақтың жоғарыдағы екі ауданына бір тиын да берілген жоқ. Кеңес одағы тұсында сол қос аудан бір ғасырдың ішінде екі рет теперіш көрді. Біріншіден, соғыстың зардабы болса, екіншіден, 1947 жылдан күшіне енген Капустин Яр ядролық және әскери зымырандарды сынау кешені жетпіс бір жылдың ішінде екі ауданның экологиясына зор зиян келтірді. Әскери сынақтардың зардабын басынан кешіргендердің мемлекеттен алатыны болмашы ғана жәрдемақы.

Сөз соңында айтарымыз, Сталинград шайқасының тылында қажырлы еңбек еткен әрі дұшпанға да қарсы қайсарлық танытқан жәнібектіктердің ерлігі жүйелі насихатталғаны абзал.

Нацистерді үш күн аза тұтқызған шайқас

Еділ бойындағы ұлы шайқасқа жау жағынан Ф. Паулюс басқарған 6 армия (14 дивизия), 270 мың адам қатысты. Немістерде 3 мың зеңбірек және минаатқыш (миномет), 4 әуе флоты (1200 ұшақ), және одақтастарының (итальян, румын, венгр, эстон және т.б.) әскері болды.

Ал Кеңес армиясы жағындағы әскер саны 547 мың адамды құраған. Олар 62, 63, 64, 21, 28, 38 және 57 армиялар. №8 әуе армиясында 240 құртушы ұшақ болды. Қалған ұшақтар саны – 454. Олардан басқа 2200 зеңбірек пен минаатқыш, 400 танк жауға қарсы пайдаланылды.

Шайқас қорытындысы мынадай: қолға түскен немістердің саны 91 мың. 22 дивизия қоршауға түсіп, толық құртылған. 8 итальян, 4 венгр армиясының тас-талқаны шықты, румын әскерінің басым көпшілігі құртылды. Одақтастарын қоса есептегенде жау өлгені, жараланғаны және тұтқынға түскені бар 1,5 млн. адамнан айырылды. Кеңес әскерінің жалпы шығыны 1,1 млн-нан астам адамды құрады. Басқыншылардың ойсырай жеңілгені соншалық, Германия елінде үш күн бойы аза жариялауға мәжбүр болды. Тарихта теңдесі жоқ шайқастан соң милитаристік Жапония Кеңес одағына қарсы соғыс ашудан үзілді-кесілді бас тартты.

Сталинград майданына Қазақстаннан бес атқыштар, бір атты әскер дивизиясы, бір танк бригадасы және өзге де әскери құрамалар қатысты. Тек Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан Еділ бойындағы шайқасқа 26 225 адам қатысып, ерлік көрсетті. Ұшқыш Нұркен Әбдіров пен Қарсыбай Сыпатаев Сталинград шайқасындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақстан Сталинград майданын азық-түлік, қару-жарақ, көлік және т.б. заттармен қамтып тұрды.

1942 жылы Сырым ауданынан 24 қазақ қызы сұранып, майданға аттанған екен. Солардың ішінен Мәлика Тоқтамысова мерген болып, ондаған жауды жер жастандырды. Сталинград шайқасынан майдан жолын бастаған батыр жерлесіміз 1944 жылы 14 шілдеде жау оғынан қаза тапты. Ал оның жерлесі Роза Момынова медициналық қызметкер ретінде соғыста жүздеген адамды ажалдан құтқарып қалды. Ал бүгіндері біздің облыстың орталығында бізге бейбіт өмір сыйлаған сол шайқасқа қатысушы 10 майдангер тұрады.

Бет  материалдарын   дайындаған  Серік  ИХСАНҒАЛИ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика