31.01.2018, 21:49
Қараулар: 408
Сырым ауданы неге сылбыр?..

Сырым ауданы неге сылбыр?..


Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты  бағдарламалық  мақаласының  жарияланғанына да  11  айдан  асты.  Қоғамдық  сананы  жаңғыртуды  мақсат  еткен осынау  идея  тәуелсіз  Қазақстан  тарихындағы  ең  ауқымды  және  ең  маңызды жобалардың бірі болып отыр. Өйткені   бұған  дейінгі  мемлекеттік  бағдарламалардың  бәрі экономиканы, әлеуметтік және саяси салаларды  дамытуға негізделсе,  «Рухани  жаңғыру»  тұтас  бір  халықтың  тұрмыс-тіршілігін,  болмысын,  салт-дәстүрін  жаңғыртпақ.


Облыстағы жергілікті атқарушы құрылымдармен жұмысты үйлестіру және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілету мақсатында өңірлік жобалық кеңсе құрылған болатын. Аталмыш кеңсенің тағы бір міндеті – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан-ауылдарда атқарылып жатқан шаралардың мониторингін  жүргізіп,  қорытындысын  шығару.

Өңірлік кеңсе менеджері Гүлсім Усағалиеваның айтуынша, Орал қаласы мен Зеленов, Ақжайық, Қазталов, Бөрлі және Сырым аудандары «Рухани жаңғыру» аясында ең көп шара өткізген. Олардың қатарында түрлі мәдени және спорттық шаралар, экспедициялар мен ғылыми конференциялар, форумдар мен кездесулер, қайырымдылық шаралары мен қоғамдық жұмыстар бар. Құптарлық іс делік. Алайда бір әттеген-айы, шаралардың дені жоғары жаққа жіберілетін «есеп» үшін, яғни «Әйтеуір, өткізсек болды» деген немқұрайлылық сипатқа ие сияқты болып көрінді. Мәселен, бір ғана Зеленов ауданында өткен жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлығы 865 шара өткенімен, халықтың қамтылу көрсеткіші тек 50%. Ал Сырым ауданында 123 шара ұйымдастырылып, аудан халқының  тек  30  пайызы  ғана  қамтылған.

Қоғамдық сананы жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздейтін «Рухани жаңғыруға» негізделген кез келген шара бұқараға бағытталуы, үлкен-кішіні барынша көбірек қамтуы тиіс емес пе еді?! Осы орайда «Алаш» партиясының негізі қаланған, Алашорданың батыс бөлімшесі орналасқан, қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күреске ғұмырларын арнаған Алаш қайраткерлері табанының ізі қалған Сырым елінің  көш  соңында  қалуы  елдікке сын.

– Елбасының өзі «Рухани жаңғырудың» ұзақ мерзімді жоба екенін, оны жүзеге асыруда асығыстық танытпау керек екенін бірнеше рет айтқан болатын. Яғни бұл бастама науқаншыл көп бағдарламаның бірі болып қалмауы керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асуына аудан әкімдерінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлары мен аудандық ішкі саясат бөлімдері тікелей жауапты. Өңірлік кеңсе мамандары  айына бір рет аудандардағы атқарылған жұмыстардың есебін алып, аудандық кеңсе мамандарына бағыт-бағдар беріп отырады. Байқағанымыз, науқаншылдық әлі де тыйылмай отыр, – дейді  Гүлсім  Задашқызы.

Жергілікті жұрттың қамтылу көрсеткіші жоғары аудандардың қатарында Қазталов, Тасқала, Жаңақала, Шыңғырау аудандары мен облыс орталығы бар. Соның ішінде Қазталов ауданында өткен «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы мен Ақжайық ауданында өткен «Дәрігерлер форумын» жаңашыл мазмұнымен ерекшеленген және бұқаралық сипат алған шаралар ретінде атап өтуге болады.

Қазақ халқының барлық рухани тірлігі  ауылдан, салт-дәстүрімізден, ұлттық болмысымыздан бастау алады. Демек, сананы рухани тұрғыдан жаңғырту да ауылдан басталуы тиіс. Әр аудан-ауылдағы жауапты мамандардың науқаншылдықтан арылып, қамшы салдырмай, білек түріп жұмыс істеуі арқылы ғана рухани жаңғыру жолының әр азаматтың жүрегінен жол табуына қол жеткізуге  болады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

РЕДАКЦИЯДАН:

Біз  «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасына  қатысты  жұмыстарды  облыстық деңгейде  сынға  іліккен  Сырым,  Зеленов  аудандары  әкімдерінің  әлеуметтік мәселелер  бойынша  орынбасарларымен  мән-жайды  білейік  деп  арнайы хабарластық. Сырым  ауданы  әкімінің орынбасары  Асланбек  Сарқұлов  берісі облыстық,  әрісі  республикалық  деңгейде ұйымдастырылған  Сырым  Датұлының 275, Алашорда  үкіметінің  100  жылдығы және  Алаш  қайраткері  Жаһанша Досмұхамедовтың  туғанына  130  жыл толуына  орай  өткізілген шараларды айтумен  ғана  шектелді.  Өкінішке орай,  А. Сарқұловтан  біз   жерлестер  базасын  жасақтау,  ел  ішінен  жат діни  ағымдарды  біржола  аластату үшін  жасалатын  іс-әрекеттер,  табиғат    қорғау  сықылды тағы  да  басқа шаралар  арқылы  жергілікті  жұртты  ауыл-аймаққа  жаппай жанашырлық  таныту  секілді  ортақ  іске  жұмылдыру  жөніндегі  ой-пікірін  ести  алмай,  дал  болдық.

Рухани  жаңғыруға  қатысты  жұмыстарды  ел  ішінде,  халық  арасында жандандыру  жөнінде  қандай  ой-ниеті бар, осы  сипаттағы  бірауыз  пікірін білу  үшін  Зеленов  ауданы  әкімінің орынбасары  Талшынай  Жүніске  редакция  тілшісі  төрт  рет  хабарласуға мәжбүр  болды.  Бұл  шенеунік  біресе аудан  әкіміне  кіріп  бара  жатқандығын, біресе  ағымдағы  жұмыстан  бас көтере  алмай  отырғандығын,  кейін  өзі хабарласатындығын  айтумен  болды. Бірақ  Талшынай  Орынбекқызы бірде-бір  рет  өздігінен  тілшіге  хабарласпады.  Ақыр  аяғында  аудан  аумағында  қанша  мектеп,  неше мәдениет  үйі  мен  кітапхана  жұмыс істейтіндігін  санамалап  шыққан  бұл кісіден  де  біз  тұшымды  ештеңе  ести  алмадық…