31.01.2018, 21:46
Қараулар: 195
«Өзекті мәселелер шешімін табады»

«Өзекті мәселелер шешімін табады»


Сейсенбі  күні  өткен облыстық  қоғамдық  кеңестің отырысына  облыс  әкімі Алтай Көлгінов,  облыстық  департаменттер  мен  басқарма  басшылары,  облыстық  мәслихаттың  депутаттары, саяси  партиялар  мен үкіметтік  емес  ұйымдардың  өкілдері  қатысты. Жиынды  облыстық  қоғамдық  кеңестің  төрағасы  Ербол Салықов  жүргізді.


Отырыстың күн тәртібінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің, сондай-ақ облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықовтың өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі және ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Облыс әкімі өзінің есептік баяндамасында атап өткендей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарға қоғамдық кеңес мүшелерінің, мәслихат депутаттарының қосқан үлесі зор. Өткен жылы қоғамдық кеңес жиындарында көтерілген 125 мәселенің барлығы 100  пайыз  шешімін  тапқан.

Индустрияландыру картасы бойынша 8 млрд. теңгеге жоспарланған 10 жоба толықтай жүзеге асырылып, 536 жұмыс орны құрылған. Ауыл шаруашылығының барлық саласында өсім байқалады. Мысалы, астық өнімдері 2016 жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп жиналса, күздіктен — 43, майлы дақылдардан 14,5 пайызға мол өнім алынған. Өңірдегі төрт түлік малдың саны да тұрақты өсіп келеді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламаға сәйкес өткен жылы ауыл-аймаққа 10,1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға артық. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ауыл-аймақтағы 300 тұрғын барлығы 1,5 млрд. теңгені құрайтын шағын несиемен қамтылған. Нәтижесінде 285 жаңа жұмыс орындары ашылған. Жалпы алғанда, агроөнеркәсіптік кешенді инвестициялау 70 пайызға дейін өсіп отыр. Шағын және орта бизнес өңірлік жалпы өнімнің 42 пайызын құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 184 кәсіпкерлікті дамытуға 21 млрд. теңге несие берілген. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 70 пайызға артық. Аталған шара шағын және орта бизнесте жұмыс жасағысы келетіндердің санын 13 пайызға арттырған. Нәтижесінде аталмыш сала 1 трлн. теңгенің өнімін шығарған.

– Елбасы биылғы Жолдауында адам капиталын дамытуға, мұғалімдердің мәртебесін көтеру және денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге ерекше көңіл бөлді. Кешенді бағдарламалардың нәтижесінде 27 500 адам жұмыспен  қамтылды. 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, соның 12 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орны. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 мың жұмыс орнына көп. 14 800 адам жұмысқа орналастырылса, оның 1550-і нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы орналасты. Нәтижесінде жұмыссыздық 0,1 пайызға төмендеп, 4,8 пайызды құрады. Орташа айлық жалақы мөлшері 2017 жылдың тоғыз  айында 136,6 мың теңгені құрады, — деді Алтай Сейдірұлы. Оның айтуынша, соңғы үш жылда «Өрлеу» бағдарламасына қатысқан 853 жанұя табысы төмен отбасылар қатарынан шығарылған. Әлеуметтік көмекке мұқтаждар санының жыл санап азайып келе жатқандығын оң өзгеріс ретінде атап өтуге болады.

– Өткен жылы біз білім беру, денсаулық сақтау және мәдениеттің 46 нысанын күрделі жөндеуден өткіздік. Қаланың іргесіндегі ірі елді мекеннің бірі – Подстепный  тұрғындарының көп жыл бойы күткен мәдениет үйі салынып іске қосылды. Сонымен қатар Ақсай қаласы мен Переметный ауылында екі  спорт кешені бой көтерді. Өткен жылы барлығы төрт спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудандар мен Орал қаласында 30-дан астам спорт алаңдары салынды. Жылдар бойы ескі ғимаратты жалға алып келген дарынды балаларға арналған спорт мектепинтернатының Деркөлде құрылысы басталғанынан хабардарсыздар, — деді облыс әкімі баяндамасында.

2017 жылы білім саласына бөлінетін қаражат 5,5 пайызға артып, 14 нысанның құрылысы жүргізілген. Атап айтқанда, сегіз мектеп, үш балабақша, бір интернат, бір спорт лагері және бір спортзал салынған. Елбасы Жолдауына орай білім саласының жаңартылған бағдарламасына сәйкес, биыл бастауыш және орта сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 пайызға дейін көтеріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге қаражат бөлінген.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 млрд. теңгеге артып, 38 млрд. теңгені құраған.

2016 жылы аталмыш салада төрт нысан күрделі жөндеуден өткізілген болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 19 нысанға жеткен. Сонымен қатар ауылдық жерлерде екі жаңа нысан бой көтерген.

– Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында Елбасымыздың «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының алар орны ерекше. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы екі бағдарлама бойынша облыс экономикасын қолдауға 2017 жылы 28 млрд. теңге бөлінді. Атал-ған екі бағдарлама бойынша 2  215 жұмыс орны ашылып, жергілікті кәсіпорындар толық күшімен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Нақты нәтижесі ретінде соңғы екі  жылда үш мың отбасының баспаналы болуын айтуға болады. «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде біз былтыр 500 шақырым жолды жөндеуді бастаған болатынбыз. Бүгінде оның 33 млрд. теңгеге 420 шақырымы аяқталды. Орал – Саратов тас жолының жөндеу жұмыстарын биыл толықтай аяқтаймыз. Ал облыстық маңызы бар жолдардың 128,5 шақырымы жөнделді. Орал қаласында жұмысы басталған 67 көшенің 61-і аяқталды. Қалған көшелерді жөндеу жұмыстары биыл одан әрі жалғасады, – деді облыс әкімі.

Тұрғындарды тозығы жеткен, апаттық жағдайдағы үйлерден көшіруге ерекше көңіл бөлінуде. Облыс бойынша мұндай үйлердің саны 200-ден асады. Соңғы үш жылда осындай жеті үй сүріліп, орнына жаңадан төрт үй салынған. Қалған үш үйдің құрылысы жалғасуда, биыл пайдалануға берілмек. Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша бес үй және жеті жеделсаты жөндеуден өтсе, биыл 10 қабатты 10 үй және 10 жеделсаты жөнделмек. Жеделсаты мәселесі Ақсай қаласы бойынша да өзекті.

Биыл аталмыш мәселені шешу жолдары қарастырылмақ. 2017 жылы Бестау және Березовка тұрғындарын Ақсай қаласына көшіру жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда облыс халқының 94 пайызы газбен қамтылған. Ауылдық жерлерге газ жеткізу жұмыстары әлі де жалғасуда. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы көрсеткіш 95 пайызға жетпек. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2017 жылы 60 елді мекенге ауыз су тарту жұмыстары басталған. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен 13 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Осыған дейін облыс тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 36 пайызды құрап, еліміз бойынша соңғы орындар қатарында қалса, қазіргі таңда қолға алынған қарқынды жұмыстар нәтижесінде аталмыш көрсеткіш 40 пайыздан асқан. Биыл тағы 50 елді мекенге су берілсе, бұл көрсеткіш 50 пайызға жетпек. «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Қазақстанның 100 киелі жерлері» жобасына енгізілген Сырым ауданындағы Алаш музейіне күрделі жөндеу жүргізілген. «Ғұмар Қараш кесенесін қайта жасақтау» жобасына қаражат демеушілер тарапынан қарастырылмақ. Сондай-ақ бөкейордалық тарихи-өлкетану мұражай кешені негізінде мұражай-қорық құру, «Жайық қалашығы» аспан астындағы ашық  мұражайын құру жұмыстары жоспарлануда.

Жиында қалалық, аудандық қоғамдық кеңестің төрағалары сөз алып, облыс әкімінің есебіне оң баға берді. Сондай-ақ олар өз салаларына қатысты атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Аудандардағы қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Сырым ауданына қарасты Қособа ауылында мәдениет үйін салуға және аудан орталығындағы көшелерді жөндеуге қаражат қажеттігі, ауылға келген жас мамандарға қаржылай қолдау көрсету мәселелері көтерілді.

– Біздің өңіріміз үшін жол сапасын арттыру – ең өзекті мәселе. Себебі республикалық деңгейде қарастырғанда жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы жағынан көрсеткіші ең төмен өңірлердің қатарына жатамыз. Бірақ Елбасы тапсырмасына сәйкес, жол жөндеуге бөлінетін қаражат жылдан-жылға ұлғайып келеді.

Соның арқасында аудан орталықтарына да сапалы жол салу мәселелері шешімін таба бастады.

Бұл мәселені алдағы уақытта бақылауда ұстайтын боламыз. Қособаға мәдениет үйі қажет екендігінен хабардармын. Мұндай мәселе 12 ауданның көпшілігіне тән.

Мәселені шешуді жалпы жоспарға бекіттік, қаражаттың түсуіне байланысты қарастыратын боламыз. Ауылдық жерлерде кадр жетіспеушілігі бар. Сондықтан ауылға барып, қызмет еткісі келетін жастарға толық қолдау жасаймыз. Бүгінгі таңда оған қажетті қаражат бөлініп отыр, – деді облыс әкімі көтерілген мәселелерге қатысты.

Жиынға қатысушылар ішкі туризмді дамыту, қаладағы маршруттық көліктер сапасын жақсарту, сал ауруымен ауыратын балаларға сауықтыру орталығы қажеттігі туралы ұсыныстар айтты.

– Осы күнге дейін ашылған аталмыш бағыттағы сауықтыру орталықтары науқастарды толықтай қамтуға қауқарсыз болып отыр. Бұл орайда рухани жаңғыру аясында кәсіпкерлердің қолдауы арқылы жаңа сауықтыру орталығын салу жоспарымызда бар және оның құрылысын осы жылдың аяғына дейін бітіруге тырысамыз, – деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ жиын барысында биыл да өңіріміздегі бірқатар өзекті мәселелер оң шешімін табатынын, нақты бекітіліп, қаржысы келісілген, министрліктерден, депутаттардан қолдау тапқан, Елбасының бақылауында тұрған бірқатар мәселелер туралы алдағы уақытта  хабарланатынын  айтты.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар